Аманова Гүлхан Сабырханқызы,
«Өрлеу» БАҰО АҚ Жамбыл облысы бойынша
ПҚ БАИ тренері
Оқыту әдістері білім берудің мазмұны сияқты, оқытудың жалпы мақсаттарымен және міндеттерімен анықталады. Оқыту процесінің нәтижелі және сапалы болуы әдістеменің тиімді шығармашылықпен жүзеге асырлуына байланысты. Ол мұғаліммен оқушының жұптаса жұмыс атқаруы.Оқу әдістері мәселесі теоретикалық әрі іс-тәжірибелік тұрғыдан өзекті мәселе болып қала береді. Оқу үдерісінің өзі, ұстаз бен оқушының қызметі, осыған сәйкес, оқу нәтижесі де оның шешіміне тәуелді.
Жалпы педагогиканың әдістерінен әр пәннің өзіне тән әдістері шығады. Қазақ тілі сабағында сөздік дамытуда мынадай әдіс-тәсілдер арқылы жүзеге асады. Ол сұрақ-жауап, сөйлесу, әңгімелесу, түсінігін айтқызу, көрнекілік, аударма, кітаппен жұмыс,мәтінмен жұмыс әдістері.
Оқушылар өз дағдыларын қайта-қайта қолданып, оны жетілдірген сайын өздерінің алға ілгерілегенін көріп, тәуелсіз әрі еркін сезіне бастайды. Оқушыларды оқу бағдарламасының түрлі тақырыптары бойынша өз дағдыларын қолданып, одан әрі дамытуға ынталандыратын бірнеше әдістер бар. Мысалы:
— шеберліктің жоғары деңгейін талап ететін мәтіндермен қамтамасыз ету. Бұл анағұрлым көлемді мәтін, жаргон немесе арнайы лексика қолданылған мәтін немесе өзекті және басы артық ақпарат ұсынылған мәтін болуы мүмкін;
— оқушыларды модельденген мысалдармен қамтамасыз ету немесе тапсырманы орындауда қолдау көрсету;
— мәтін құру кезінде пайдалануға арналған жазылым құрылымдарын ұсыну.
Мысалы, «Әдебиет лотосы» әдісі. Мақсаты: оқыған әдеби шығармалар
кейіпкерлері туралы кестені толтыру. Белгілі бір уақыт ішінде кесте толтырылуы керек. Хрестоматиядан оқыған шығармаларды да пайдалануға болады.
Шығарма атауы | Авторы | Кейіпкері | Қандай? | Қандай жағымды қасиеттері мен қылықтары ұнайды? | Кейіпкерге ұқсағың келе ме, жоқ па? Себебін түсіндір. |
Оқушылар белгілі бір дағдыларды қайта-қайта қолданған кезде олардың бұған дейін меңгерген білімі мен дағдыларын естен шығармай, соларды қолдануы маңызды болып табылады. Бұл оқушыларға өз жетістіктерін жинақтап, қазақ тілі бойынша түрлі сыныпта және түрлі тақырып аясында меңгерген білімдерінің арасындағы байланысты көруге көмектеседі.
Осы жағдайда көмек болатын бірқатар тәсілдер атап кетсек:
— Оқушылардан нақты бір тақырыпқа қатысты білімін жетілдіру үшін жеке жетістіктерін көрсететін бағамдау немесе рефлексия жазуды сұрай аласыз. Бұл бағамдау/рефлексияны олар осы тақырыптың келесі деңгейін меңгеру кезінде есепке алу қажет. Нәтижесінде оқушылар өз үлгерімдерін бақылауға мүмкіндік алады, сондай-ақ жетілдіру мақсатында өзгеріс енгізіп, келесі оқу кезеңіне дайындалуға негіз етіп алады.
— Оқушыларға алдыңғы білімі мен қазіргі тапсырманы байланыстыруға көмектесетін мақсатты сауалнама пайдалана аласыз.
— Оқушылардан алдыңғы тарау немесе сыныптағы жұмыстың бір бөлігін қарастырып, жаңа білімдерін қолдана отырып, осы жұмысты қалай жақсартуға болатыны жөнінде ойлануды сұрай аласыз. Мысалы, «Аяқталмаған сөйлем» тәсілі, «Мұғалімге жеделхат» тақтасына оқушылар стикер жапсыру арқылы орындалады. Оқушылар өздеріне жақын сөйлемді таңдап, айтылған ойды жалғастырады:
- бүгінгі сабақта мен….түсіндім, …білдім, ….көзімді жеткіздім.
- бүгін сабақта қуантқаны…..
- мен өзімді…..үшін мақтар едім.
- маған ерекше ұнағаны…..
- сабақтан соң маған……..келді.
- бүгін маған……….сәті түсті.
- қызықты болғаны…..
- ……қиындық тудырды.
- менің түсінгенім…..
- енді мен……аламын.
Қазақ тілі мен әдебиет сабақтарын жоспарлаудың тағы бір маңызды аспектісі оқушылардың зияткерлік қабілеті мен тәжірибесін дамытуға көмектесетін әртүрлі педагогикалық тәсілдерді таңдау болып табылады. Бұл кезде оқушылардың өзіне деген сенімі соншалықты артпаған күннің өзінде де, сіз жай ғана сырттан бақылаушы болмай, оқуға «ынталандырушы» болуыңыз маңызды екенін ұмытпаған жөн. Осы кезде «Биографиялық поэма» (Биопоэма) әдісінің де тиімділігін көре аласыз. Ол үшін оқушыларға тақтаға немесе әрбір параққа жазылып, өзі туралы мынандай сауалдарға жауап беру тапсырылады:
- Есімім (Өз есіміңізді келтіріңіз)
- Мен қандаймын? (Өзіңізді сипаттайтын үш сын есім келтіріңіз).
- Сүйікті іс-әрекеттерім (Қол боста айналысуды құмартатын үш әрекетіңіз, хобби)
- Неден қорқамын, сескенемін?(Өмірдегі қорқыныш пен қауіптеріңіз)
- Өмірлік қағидам (кредо) (Өмірде ұстанатын басты қағидаңыз, ұраныңыз)
- Сүйікті ақын-жазушыларым (Қандай ақын-жазушыларды ұнатасыз?)
- Сүйікті тағамдарым (Қандай тағамдарды ұнатасыз?)
- Менің жетістіктерім (Отбасыңызда, оқуда, жұмыста қандай жетістіктеріңіз бар?)
- Менің арманым (Бір арманыңызды атаңыз)
- Тегім
Бұл тапсырманы орындауға оқушыларға 4-5 минуттай уақыт берілген соң, олар жазғандарын шағын топ ішінде немесе бүкіл сыныпқа (егерде оқушылар саны аз болып немесе уақыт жеткілікті болса) оқып береді.Биопоэмаларды оқығаннан кейін, оқушылардың бір-біріне сұрақтар қойып, таныстығын тереңдете түскені дұрыс. Бұл тәсілді бастары жаңадан қосылған оқушылармен ғана қолданбай, бұрыннан бір-бірін білетін топ ішінде де қолдануға тиімді, өйткені көп жағдайда келтірілген сұрақтар оқушыларды бұрын ескерілмеген жаңа бір қырынан ашады.
Биопоэма сұрақтарын түрлендіріп әрі толықтырып жіберуге де болады. Мұндай биопоэмада «Сүйікті гүлдеріңізді (пәндер,түстер, спорт түрлері, машина не ұялы телефон түрлері, есімдер, мұғалімдер,спортшылар, актерлер, әншілер,т.б) атаңыз» секілді тапсырма да беруге болады.
Жаңа тақырыпты енгізу кезінде тура нұсқау беру мен қолдау көрсетуге көбірек көңіл бөлгеніңіз орынды (мысалы, жазылым құрылымы, жауаптар модельдері және т.б.). «DEAL» әдісі. D – Describe – баяндау, суреттеу (оқығанды, көргенді сипаттау, сынау, өлшеу). E –Explain – түсіндіру (құбылыс немесе оқиға бойынша не білетіндерін, түсінгендерін суреттеу).
A – Anallуse – талдау (ақпаратты талдау, қорытынды жасау, себептерін атау). L – Links – байланыс (болжамдар немесе қорытынды жасау, өзінде бар біліммен байланыстыру).
Оқушылар белгілі бір деңгейде жетістікке жеткен кезде, тура нұсқаулар беруді азайтып, өз рөліңізді біртіндеп үйлестіруші, уәждеушіге ауыстыруыңызға болады. Алайда оқудың барлық кезеңдерінде оқушылардың сабақ кезінде олар жеке жұмыс істегенге қарағанда, сіз қолдау көрсеткен жағдайда көбірек жетістікке жету мүмкіндігі болатынына көз жеткізуіңіз қажет.