Назаров Ғабит Батырханұлы.
Дене шынықтыру пәні мұғалімі
Бүкіл әлемді шарпыған індет құрсауына іліккен еліміздің білім беру жүйесі тұңғыш рет қашықтықтан оқыту жүйесіне 2020 жылдың 6 сәуірінен бастап көшті. Көз алдымызда білім саласындағы және бүкіл елімізді дүр сілкіндірген тарихи өзгеріс орын алып жатты. Осы жағдайға байланысты сан қырлы, әрі күрделі мәселелерді жүзеге асыруда ұстаздардың атқарар рөлі орасан.
Жас ұрпақтың жалпы дене қуатын дамыту үшін, үлкен өмірге, еңбек етуге, Отан қорғауға дайындау үшін, олардың мектепте оқыған кезеңдерінде қашықтық оқуға қарамастан мынандай негізгі міндеттерді орындауымыз керек:
— денсаулықтарын нығайту, мүсін түзулігін қалыптастыру, ағзаларын дамыту және шынықтыру;
— негізгі қозғалыс ептілігі мен дағдысын қалыптастыру, оларды әр түрлі өмір жағдайында қолдана білу шеберлігіне үйрету;
— жігер-күш, дене қасиеттерін дамыту, жеке және қоғамдық гигиена дағдыларына үйрету.
Барлық міндеттерді орындаудың негізгі амалы — дене тәрбиесі жаттығулары мен теориялық білім. Ол амалдар дене тәрбиесі сабағында, оқу күні ішіндегі дене тәрбиесі-сауықтыру шараларында ғана емес үй жағдайында орындуға оқушыларды қызықтыру әрі беймдеу біздің қазіргі жұмысымыз.
Бүгінгі әлем дамуының жаңа ұстанымдары білім беру жүйесінен күн сайынғы экономикалық, әлеуметтік және мәдени өзгерістерге мейлінше бейімделуді талап етеді. Әлем қазіргі күні «білім қоғамын» және «білім экономикасын» құру бағытында.
Дене тәрбиесі сабақтарындағы тапсырмалар негізінен оқушылардың физикалық белсенділігіне қатысты. Балалар Whatsapp арқылы тапсырмаларды орындауға және кері байланысты қолдауға қуанышты.
Қашықтан оқытудың үшінші аптасы өтіп жатыр. Ал енді қашықтықтан оқыту бізге мұғалімдерге қазіргі әлемде қажет белгілі бір тәжірибе береді деп айта аламын. Уақыт тоқтап тұрған жоқ, ал біздің жаттығуларымыз жаңа деңгейге көтерілуде.
Осы үшінші апта барысында менің әріптестерім өздерінің киелі білім ордасын, білімді шәкірттерін сағынғандығын айтып, жылы лебіздерін қашықтан білдіруде.
Біз балалардың көктемгі демалысын жан-жақты ізденуге арнап, видеосабақтарды дайындап, берілген уақытымызды тиімді пайдаландық. Бастапқыда бұл жұмыс қалай болады деген қобалжу болғанымен, қазіргі уақытта қашықтан оқыту жобасы арқылы мектебіміздің барлық мұғалімі тәжірибе жинақтап, төселіп те қалдық. Осы уақыт аралығында мұғалімдер де, оқушылар да өзара білім алмасу үдерістерін үздіксіз жалғастырып келеді. Кері байланыс та жүргізіліп, оқушылар лайықты бағаларын алып, білімдерін толықтыру үстінде.
Қашықтан оқыту кезіндегі білім беру үрдісінің негізін жеке кесте бойынша өзіне ыңғайлы жерде оқуға мүмкіндігі болатын, оқытудың арнайы құралдары жиынтығы өзінде бола отырып, электронды және қарапайым пошта, телефон арқылы оқытушылармен келісілген байланыс жасауына, сонымен қатар, білім алушының мақсатқа бағытталған және бақыланатын қарқынды өзіндік жұмысы құрайды. Білім беру жүйесін ақпараттандырудың негізгі бағыты XXІ ғасырдың талаптарына сәйкес қоғамды дамытудың жоғары тиімділікті технологияларына сүйенген жаңа білім стратегиясына көшу болып табылады.
Қорыта келе айтарым, қашықтықтан оқыту жүйесінің рөлі білім саласы үшін өте жоғары, себебі бұл жүйе арқылы оқытушыларымыз бен білім алушыларымыз әлемдік ақпараттармен байланысуға, ғылыми және шығармашылық жұмыстарын жетілдіруге, әлемдік ақпарат кеңістігінде өздерінің білімдерін шыңдауға зор мүмкіндік алады.«Жұмыла көтерген-жүк жеңіл» деген екен, ендеше ата-ана, оқушы, мұғалім болып жұмылып, еңбек етейік!