Home » Балабақша » ТІЛІ БАСҚА – ТІЛЕГІ БІР, ЖЫРЫ БАСҚА – ЖҮРЕГІ БІР

ТІЛІ БАСҚА – ТІЛЕГІ БІР, ЖЫРЫ БАСҚА – ЖҮРЕГІ БІР

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі қарсаңында Түрксіб ауданына қарасты №127 бөбекжай-балабақшасында «Бірлік – бақыттың бастауы» атты мерекелік іс-шара өтті.  Әрбір қазақстандықты бір мақсатқа үндеп,  Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімге,  азаматтық борыш пен ұлтаралық татулыққа шақыратын мерекені балабақшада атап өтудің маңыздылығы орасан екендігі айтпаса да түсінікті. Ел ертеңі саналатын бүлдіршіндердің бірлік, татулық, ынтымақтастық туралы  түсініктерін кеңейтіп, көпұлтты халқымыздың өзара тыныштығын нығайтуға атсалысатын азамат етіп тәрбиелеу мақсатын көздеген іс-шара нағыз ұлттар достығын паш етті. Кеш жүргізушілері Исмаилова Айдана Қайратқызы мен Рафатова Татьяна Анатольевна іс-шараның мәнін-мазмұнын ашып берген соң мереке шымылдығын қазақ ұлты ашты. Ибрагимова Зибирам Зеруповна бастаған ботақандар қазақы нақыштағы киімдерімен, аспаптарымен кештің шырайын келтірді. Балдырғандар қазақы дәстүрге сай амандық-саулық сұрасқан соң достықты үлгі еткен өлең шумақтарын айтты. Артынан «Пиала» биін билеп, әсем ырғағымен сүйсіндірсе, «Бозінген» күйімен тіпті таң-тамаша қалдырды. Барлығының бір ырғақпен қозғалып өнер көрсетуі тәрбиешілердің  тиянақты дайындығын байқатты.

Өзбек ұлтын көрсеткен бүлдіршіндердің де өнері қошеметке ие болды. Айдана Қайратқызы бастап шыққан балалар күн шуақты  Өзбекстан елі туралы тақпақтарын айтып, «Ташларым» биін билеп берді. Өзбек ұлттық аспабы -дойра мен кернейді ойнаған өнерпаздардың шынайылығы ерекше ілтипатқа бөленді.

      

Кештің қорытынды қонағы болып орыс халқы шықты. Татьяна Анатольевна мен Марина Григорьевнаның бастауымен шыққан балдырғандар қонақтарға нан мен тұз ұсынды. Бұл орыс халқының ежелден келе жатқан салттарының бірі. Достық, татулық жайлы тақпақтардан соң  балалайка мен гармошканың әуенімен ақ қайыңның астында «Во поле береза стояла» биін биледі. Қолдан жасалған ақ қайыңның әдімілігі ерекше көз тартты. Қызыға сұрағанымда бүкіл залдың безендірілуі Крывакина Марина Григорьевнаның қолынан шыққанын естіп, креативтілігіне риза болдым. Ал бүкіл кешті сазбен әрлеген балабақшаның музыка жетекшісі Бейсегулова Нұрғазиза Авазханқызының еңбегі де ерен екенін атап өткен орынды. Үш ұлттың ұлттық тағамдарынан дастархан жасап, сонымен қатар қолөнер бұйымдарын ұсына білуі кештің маңызын арттырған элементтің бірі болды.

Кеш соңында барша балдырған тәрбиешілерімен бірге «Достық жырын» шырқап, әрқашан күн сөнбеуін, аспанымыздың бұлт төнбеуін, өздері де, ата-анасы да аман болуын  тіледі. Сәби тілектің жүректен шыққаны соншама көрермен ата-аналар да ықыластана қол соғып, ақ тілекке қосылды.

Бүгінде елімізде 136-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бір тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқанына шүкір дейміз.  Көпұлтты еліміз үшін қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең маңызды байлығымыз. Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету – барша қазақстандықтардың борышы. Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болсын. Және осындай үлкен мақсатты балдырғандарымыздың жүрегіне ұялатып, мерекелік кеш арқылы санасына жеткізе білсек – біздің мақсатымыздың орындалғаны, — дейді №127 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Бану Жұмашбекқызы мен әдіскері Балзада Жамалқызы.

BILIM AINASY,
Меруерт Мәулетқызы,
Алматы қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.