Бүгін Семейлік NIS мектебі жас ғалымдар мен профессорлардың ірі диалог алаңына айналды. Дәлірек айтсақ, оқу шаңырағымызда дәстүрлі “Бір қадам алға – 2024” атты V аймақтық мектеп оқушыларының ғылыми сайысы өтті. Байқауда қаламыздағы жоғарғы оқу орындарыннан келген 30-ға жуық профессор, аға оқытушылар құрамы төрелік етті. Сайысқа 18 бағыт бойынша 113 жеткіншек қатысты.
- Дәл қазір жыл сайын ұйымдастырылатын ғылыми конкурстың екінші кезеңі өтуде. Дәстүрлі іс-шараның мақсаты – Абай облысындағы мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің ғылымға деген қызығушылығын арттырып, жаңа мүмкіндік беру. Әділ қазылар алқасының құрамына университеттің аға оқытушылары, профессорлары, ғылым докторлары бекітіліп, бағалау жұмыстарын жүргізеді, — деді инженерлік — техникалық шығармашылық және ақпараттық технологиялар кеңейтілген зертханасының меңгерушісі Жасұлан Амежанов.
Жас зерттеушілердің қиялынан туған старт-ап жобалар жеткілікті. Басым көпшілігі еліміздегі және әлемдегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Мысалға, Абай ауданы Қарауыл ауыл мектебінің 10 сынып оқушысы Дарияның сөзіне сенсек, мал шаруашылығындағы жем-шөп тапшылығын болдырмауға болады.
- Бүгін «Үй жануарларына шөпті гидропоника тәсілі арқылы өсірудің пайдасы» тақырыбында зерттеу жұмысымды қорғадым. Елімізде экологиялық мәселелер туындап, шөп тапшылығы орын алған жағдайда осы тәсіл арқылы өскен шөпті табиғи шөппен алмастыруға болады. Сондай-ақ, бұл адамдар үшін қаржы жағынан да тиімдірек. Жалпы бүгінгі шара мен үшін көптеген жаңалықтар ашты. Ғылым саласына тереңірек бет бұруыма себепкер бола білді десем қателеспеймін, — деп атап өтті жас зерттеуші Дария Рахимжанова.
Жоғары нәтиже көрсеткен барлық оқушыларды құттықтаймыз!
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі