Home » Мақалалар » ЕЛІН СҮЙГЕН, ЕЛІ СҮЙГЕН ЕЛБАСЫ

ЕЛІН СҮЙГЕН, ЕЛІ СҮЙГЕН ЕЛБАСЫ

№7 мектеп-лицейнің бастауыш
сынып пән бірлестігінің жетекшісі
І санатты бастауыш сынып мұғалімі
Жуматаева Меруерт Нұршатқызы

Кіріспе

Қазіргі таңда мемлекеттің айрықша мәртебесі, оның барлық кезеңдегі ел дамуының бағыттарын анықтайтын ел көшбасшысының тұлғасымен анықталады. Елбасы Н.Ә. Назарбаев жаңадан қалыптасып жатқан қазақ елінің басында тұрған және егемен Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде дамуына үлесін қосқан Ұлт Көшбасшысы болып табылады.

Тұңғыш Президент күні – бұл тарихи  таңдау күні барлық  қазақстандықтардың Ұлт көшбасшысы. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың  төңірегіне  топтасу күні. Тәуелсіздік пен бостандықтың  игі мұраттарынан баянды етіп, өркениетті елдерге тән қадамдар жасауда, ел алдындағы саясаткерлік, қайраткерлік, азаматтық және перзенттік парызын адал орындап, әлемдік беделге ие болған.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Республикамыздың әр түкпірінде түрлі іс-шаралар өтуде. Таяуда сондай іс-шараның бірі Алматы облысы, Талғар қаласындағы №7 жалпы білім беретін шағын орталығы бар лицей орта мектебінде «Елін сүйген, елі сүйген елбасы» атты тақырыбында үлкен мектепшілік іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – бүгінгі жас ұрпаққа Елбасының ерекше қасиет-қадірін, тұлғалық тұғырын түсіндіру. Елімізге еңсе тіктетіп, мемілекетімізді мығымдап берген, халқымызды әлемге танытып, алаш баласының абыройын асқақтатып Елбасының кісілік келбетін меңгеру. Сондай-ақ Елбасының ерен еңбегін мақтаныш сезіммен оқушы бойына сіңіре білу. Кешті ұйымдастырған 7 «А» сыныбы, сынып жетекшісі Рашаева Мейрамкуль Жайқожақызы мен 3 «Ә» сынып оқушылары, сынып жетекшісі Жуматаева Меруерт Нұршатқызы тақырыптың мазмұнын тереңдей аша білді.

Іс-шара барысында Елбасының елімізге сіңірген еңбегі жайлы көп жылы сөздер айтылып, қызықты мәліметтер берілді. Ән шырқалып, билер биленді. Оқушылар Елбасына арналған жыр шумақтарын мәнерлей оқып, тыңдаушыларды риза етті.

Қазақстан Республикасының Гимні орындалғаннан соң алғашқы сөз кезегі мектебіміздің басшысы Агильская Такура Айдарбекқызы мерекеге байланысты алғашқы құттықтау сөзінде «Бүгінгі күн бізге оңайлықпен келген жоқ .Тәуелсіз ел атану үшін, қаншама аға-апаларымыз, ата-бабаларымыз тер төкті. Соның арқасында бүгінде біз, Тәуелсіз, дербес, әлем таныған Қазақстан атанып отырмыз. Қазақ деген атымызды алғанға дейін қазақ халқының басынан не өтпеді, не көрмеді…Еңсесін көтерген ел елең-алаң шақтарға кеткен есесін бүгінде еселеп қайтаруда. Буыны бекіп, қабырғасы қатайған қазақ мемлекеті саяси тұрақтылық жағынан өзгеге үлгі болып, биік белестерді бағындыруда. Әлемнің дамушы елдерінің алдыңғы тізімінің біріне енген Отанымыздың одан ары биіктерден көріне беруін шын жүректен қалаймыз. Өйткені, бабалар арман еткен тәуелсіздік ғұмырын баянды жолға бағыттаған ұлт көшбасшысы өзіне сенген елін бақыт нұры шашылған болашақ мекеніне бастап келеді.»- деп атап айттыСонымен қатар мектеп басшысы ата-аналарға, сынып жетекшілерге шығармашылық табыс тілей отырып, үштік одақ мұғалім, оқушы, ата-ана арасындағы серіктестіктің бұдан ары қарай нығая беруіне шықырды.

Бүгінгі іс-шараның бір ерекшелігі оқушылардан құралған хор болды. Хорды сүйемелдеп, айтылған патриоттық әндердің көрермендерге шабыт, елжандылық рух сыйлауда, домбыра үйірмесінің жетекшісі, музыка пәнінің мұғалімі Асқарбекова Гаухар Мысабекованың еңбегі өте зор. Көрсетілген бейне-фильм көрермендерді толғандырып, бойларына болашаққа деген сенім артып, егеменді ел болуымызға мақтан тұтып, елге, жерге, тілге деген сүйіспеншілігін арттырып, патриоттық сезімдерін оятты.

Сонымен қатар іс-шараның белсенді оқушылары өз өнерлерімен көзге түсті. Олар: 7 «А» сынып оқушыларының жүргізушілері Илипов Ұлағат пен Мұсахан Бота, флешмоб биін ұйымдастырған Бинурова Анель, қобыз аспабында өнер көрсеткен Шұғаева Жания. Өздерінің тартымдылығымен көзге түскен 3 «Ә» сынып қыздарының флешмоб билері жақсы орындалса, Елбасы туралы өлең жырларын оқыған ұлдарының мәнерлеп оқулары көрермендердің ойынан шықты. Іс –шараның соңында Илипов Ұлағаттың орындауында «Көк тудың желбірегені» әні орындалып, ортаға ту ұстаған бүлдіршіндер мен оқуышлар шығып көк туымызды көкке желбіретті. Соңында мектеп басшысы барлық қатысқан оқушыларға, ұйымдастырушыларға  ұстаздардың атынын үлкен алғысын білдірді.

Елбасымыз Ұлт Көшбасшысы – қазақ ұлтына және мемлекетімізге байланысты қандай мәселені болсын, соңына дейін шешуге талпынатын табанды саясаткер. Бір қоғамнан келесі қоғамға ауысар, осындай өтпелі кезеңде маңдайына Н.Ә. Назарбаевтай  нар тұлға көшбасшы бұйырғанын Қазақстан халқы мақтан тұту керек.

Қорыта айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев – ғасыр тұлғасы, елінің жанын ұғатын, халқын замана көшімен аман алып келе жатқан қамқоршы. Айналасына нұрын төккен, жылу шашқан Нұрсұлтан Назарбаевтай тұлғалардың қоғамдағы алар орны ерекше. Елбасының  бергенінен  әлі де берері мол екеніне кәміл сенеміз.Елбасыға тілерім көк туымызды биіктерде желбірету жолындағы еңбегіңіз жана берсін!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.