Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, ф.ғ.д. Аймұхамбет Жанат Әскербекқызының ұйымдастыруымен «Зерттеу жұмысын жоспарлау және ұйымдастыру» тақырыбында жас зерттеушілердің онлайн вебинар өтті. Жас зерттеушілерге арналған вебинардың ерекшелігі — магистранттар мен докторанттардың көкейіндегі күрделі мәселеге жауап беруінде еді. Вебинардың жұмысын бастаған ұстазымыз Жанат Әскербекқызы. жас зерттеушілердің ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізудің түрлеріне тоқтала отырып, теориялық-әдіснамалық мәліметтер ұсынды. Зерттеу жұмысын жазуда тақырыптың таңдалуы, жоспардың құрылуы, тарихи-ғұмырнамалық зерттеу, сипаттама зерттеу, педагогикалық бағыттағы әдістемелік зерттеулер сондай-ақ теориялық-мәтіндік зерттеулер туралы айтып, талдау әдістеріне тоқталды.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының PhD докторы, аға оқытушы, Нұриманов Бекарыс Тілегенұлы ғылыми зерттеу жұмысын жазудың әдістері мен тәсілдерді талқыға салды. Шетелдік Web of science және Scopus т.б. журналдарға арналған мақалаларды қалай жазу тәжірибесін бөлісті.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Немат Келімбетов атындағы түркітану орталығының бас ғылыми қызметкері, PhD доктор Марлен Әділов Түркия мемлекетінің Измир қаласындағы Еге университетіндегі зерттеу институтындағы ғылыми бағыттар мен ізденістер турала сөз қозғап, зерттеу жұмысын орындауда нақты бір тұжырымы мен әдісін толық меңгеру басты мақсат екендігіне тоқталды.
Әрбір оқылған дәрістің, айтылған пікірдің, кеңестің құндылығы ерекше. Бүгінгі өсіп келе жатқан жастарға ғылыми ізденісте бағыт сілтеп, ғылыми-әдіснамалық мәселелерді талқылаған вебинардың маңызы зор деуге болады.
Көкбасқызы Жазира
«BILIM AINASY»,
Нұр-Сұлтан