Талғар қаласы,
А.Байтұрсынұлы атындағы
№7 жалпы білім беретін лицей орта мектебінің биология
пәнінің мұғалімі
Гульнара Кыстаубаева
Әлемдегі коронавирустық инфекциясының таралуы бүгінде біздің елімізде де орын алып отыр. Сондықтан санитарлық-эпидемиялық жағдайға байланысты ағымдағы оқу жылының ІV тоқсанында барлық еліміздің білім беру ұйымдары қашықтықтан оқытуға көшті.
Қашықтықтан оқыту дегеніміз — мұғалім мен оқушы арасында қандай да қашықтықта интернет ресурстарының сүйемелдеуімен өтілетін оқытудың формасы, яғни интернет желілерінің көмегімен белгілі бір арақашықтықта оқыту түрі. Қашықтықтан оқытуды біз онлайн-оқытумен шатастырмауымыз керек. Қашықтық форматының ұғымы әлдеқайда ауқымды және бірден бірнеше әдістерді пайдалануға мүмкіндік береді. Мұндай формат сабақты геймификациялауға (ойын түрінде өткізуге), өзін-өзі ширау деңгейін арттыруға, ең бастысы, оқытуды дербестендіруге мүмкіндік береді. Бұл – біз қол жеткізуге ұмтылып отырған қажетті, әрі тиімді оқыту жүйесі.
Отандық білім беру жүйесі үшін қашықтан оқыту форматына көшу – үлкен сынақ. Себебі жалпы орта білім беру ұйымдарында осы күнге дейін қашықтықтан оқыту мүлдем болмаған. Мектеп ұстаздары үшін бұл оқытудың жаңа форматы. Бұрын дәстүрлі сабақтарда мұғалімдер сандық білім беру ресурстарымен, электронды оқулықтармен, электрондық журналдар жүйелерімен жұмыс жасады, сондықтан бұл қашықтық түрдегі жұмыстың тиімді болуына көмектесетін тәжірибе.
Әрине, қашықтықтан оқыту мектеп ұстаздары үшін оңай шаруа емес. Барлық сабақтар орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сай оқу бағдарламасы бойынша өтілуі керек. Сабақ кестесіне сәйкес, цифрлық білім беру ресурстарын пайдаланып, ұстаздар мен оқушылар үшін қол жетімді платформалар ұсынылып отыр. Мысалы, «Bilimland», «Daryn.online», «Күнделік». Бұл цифрлық жүйелер оқушыларға өткен сабақты немесе бұрын талқыланған тақырыпты қайта қарауға, кері байланыс орнатуға, жеке дара оқыту мен тапсырмаларды ойын түрінде өткізуге зор мүмкіндік береді. Бұл формат тестілеу жұмыстарын өткізуге және алған білімдерін бағалауға мүмкіндік жасайды. Сонымен қатар күн сайын 1-11 сынып оқушылары үшін аптасына бес күн балаларға және педагогтарға көмек ретінде «Балапан» және «Ел-Арна» телеарналарында сабақтар таратылып жатыр. Бастысы, білім алу тетігі сапаға әсер етпеуі қажет.
Осындай елімізде төтенше жағдайға байланысты жалпы орта білім беру ұйымдары қашықтықтан оқытуға көшеді деген хабарды алғалы, Талғар қаласында орналасқан А.Байтұрсынұлы атындағы №7 жалпы білім беретін лицей орта мектебіде бұл қиындыққа бей-жәй қараған жоқ. Мектеп басшысы Оралханова Нұржан Оралханқызы және мектеп әкімшілігі тарапынан қашықтан оқытуды іске асыру бойынша қадамдық нұсқаулық әзірленіп, мектебіміздегі білім алушылардың интернет желісімен қамтамасыз ету жағдайын, телефон, компьютер, ноутбук, смартфондарының болу- болмауын анықтауға кірісіп кетті. Бір отбасында бірнеше оқушы болған жағдайда бір компьютер мен бір смартфонды пайдалану ыңғайсыз болуы немесе қажетті техниканың мүлдем болмауы да мүмкін екені ескеріліп, мектеп бойынша осындай отбасыларды анықтап, ата- анасына қол хатпен оқу жылының соңына дейін мектептің ноутбуктерін уақытша пайдалануға берілді. Кейбіреулерде интернет байланысы да жоқ немесе интернет сигналы төмен болған оқушыларға мектеп жанынан волонтер топ құрылып, осындай оқушыларға тапсырмаларды қағаз түрінде жеткізу жұмыстары ұйымдастырылды. Мектеп мұғалімдеріне және ата- аналар арасында, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қашықтықтан оқыту бойынша туындаған сұрақтарға уақтылы жауап беру және мәселелерді жедел шешу мақсатында мектебімізде Сall- орталығы ұйымдастырылып, бұл орталыққа Агильская Такура Айдарбекқызы жұмыс жасауда. Бүгінгі күні мектеп оқушыларының алпыс пайызынан астамы Интернет платформалары арқылы, қырық пайызы телеканал арқылы білім алуда. Оқушылармен кері байланыс орнату мақсатында «Күнделік» және WhatsApp мессенджері арқылы жүзеге асырылуда. Міне, қашықтықтан оқыту формасына көшкенімізгеде төртінші апта болды. Мектеп ұстаздары барынша оқушыларға сапалы білім беру аясында жүйелі, тынымсыз жұмыс жасауда. Сонымен қатар ұстаздарымыз тек сапалы білім беріп қана қоймай, қашықтықтан өткізіліп жатқан барлық облыстық, республикалық олимпиадалар мен семинарларға өз білімдерін шыңдау мақсатында қатысып, жоғары дәрежедегі мадақтамаларға ие болуда. Оқушыларымызда қашықтықтан оқыту форматына үйреніп, қазіргі таңда пән мұғалімдерімен жүйелі жұмыс жасап жатыр. Алдағы уақытта өтетін БЖБ және ТЖБ жұмыстарына дайындықты мұғалімдеріміз бастапта кетті.Қашықтан оқыту, әрине, барлығымызға оңайға соқпасы анық. Бұрын-соңды болмаған білім беру жүйесін осылайша қолға алып, оқушыларға білім стандартын толықтай орындауға күш салып жатқан ұстаздардың еңбегінің зор екенін айтқым келеді. Дегенмен де, қашықтықтан жұмыс жасауда педагогтардың жинақтаған тәжірибесі жоқ болса да, мұғалімдер цифрлық білім беру ресурстары, электронды оқулықтар, электронды журнал жүйелерімен таңсық емес. Қазіргі уақытта мұғалімдердің де жұмысы көбейді. Сондықтан оқушылар мен ата-аналар да түсіністікпен қарап, өз үлестерін қосуы қажет деп ойлаймын. Сын сағатта үштік одақ бірлескен жағдайда қашықтықтан оқытуды нәтижелі, абыроймен жүзеге асыратынымызға сенімдімін. Еліміздің ертеңін тәрбиелеп отырған , осындай қиын күндерде оқушыларымызға сапалы біліммен сусындап отырған мектебіміздің басшысы Нұржан Оралханқызына және барлық №7 мектеп- лицейінің ұстаздарына алғысым шексіз, біз біргеміз!!!