Маңғыстау облысы,
Түпқараған ауданы,
Ақшұқыр ауылы, Ақшұқыр мектеп-лицейінің
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Ермекбаева Гүлден Алмасқызы
Бәріміз білетіндей, дүние жүзінде короновирус індетінің пандемия деп танылуына байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланды. Ел ішіндегі жағдайға байланысты бірқатар шаралармен бірге білім беру жүйесі де уақытша қашықтан оқыту форматына көшуді ұйғарды. Әрине, бұл жаңалық қоғам тарапынан бірден қолдау таба қоймады, әлеуметтік ортада ауқымды талқыға түсті. «Біз сыни пікірлерді естіп те, көріп те отырмыз. Дегенмен қашықтан білім беруге көшу коронавирустық инфекцияның таралуын азайтуға бағытталған шаралар аясында жүзеге асып жатқанын барлығы түсінгені жөн.Өкінішке қарай,басқа таңдау жоқ. Оқу процесі тоқтатылмауы тиіс»,- деген ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің сөзі күні бүгінгі таңда ел амандығы үшін осы бағыттың дұрыстығын нақтылап берді.
Әне-міне дегенше үш апта уақыт зымырап өте шықты. Барлық білім беру мекемелері туындаған мәселеге оң көзқараспен қарап, мүмкіндігінше шешімін тауып, жаңа бағыттағы қызметін белсенді түрде жалғастырып жатыр.
Солардың бірі – Маңғыстау облысы Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр мектеп-лицейі мемлекеттік мекемесі. Мектеп директоры Тлеубаева Қаламқас Қалиқызының тікелей басшылығымен жан-жақты жоспарлана басталған іс өз нәтижесін беріп,мектеп ұжымы жаңа жүйедегі жұмысын жандандыра түскендей.
ZOOM бағдарламасы арқылы бірлестік мүшелерімен сынып жетекшілерімен, ата-аналар және оқушылармен жүргізілген жиналыстарда уақытша қашықтықтан оқуға өтудің себебі мен ерекшеліктері, кездесуі мүмкін кейбір қиыншылықтар туралы мәлімет беріліп, психологиялық қолдау көрсетілді. Сынып жетекшілері мен пән мұғалімдері бірлесе отырып, ватцап желісінде жеке топтар ашып, оқушылармен байланыс жасаудың тиімді жолын таңдады. Пән мұғалімдері сол топтар арқылы күнтізбелік жоспар негізінде күнделікті сабақтарын мүмкіндігінше сапалы өткізіп келеді. Әрине, сабақ мазмұнын қашықтан меңгерту мұғалімдерді де серпілтіп, жұмыс жүйесіне тың қарқын әкелгендей.
Мен — мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігі мүшесімін. Қашықтан білім беру жүйесіне өтудің жеке тұлға ретінде маған да үлкен жауапкершілік жүктейтінін түсіндім. Сабақ барысында бала ұғымына сіңімді болу үшін слайд дайындау, видеосабақтар түсіру қажеттігін ұғынып, «Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Анасын сағынған бала» әңгімесінің тақырыбы мен идеясын анықтау», «Нұрдәулет Ақыштың « Нағыз әже қайда?» әңгімесінің фабуласы мен сюжеттік желісін анықтау» тақырыптарында сабақ көрсетілімдерін дайындадым. Mektep.edu.kz жүйесіндегі ok.edus.kz порталының материалдар бөліміне тапсырмалар мен сілтемелерді жүктеп, оқушылармен кері байланыс орнатып, оқушы түсінігінен ұдайы хабардар болып отырамын.
Оқу жылының аяқталуына да санаулы күндер қалды. Ұжым алдында бөлім бойынша жиынтық бағалау, тоқсандық жиынтық бағалау алу міндеті тұр. Қашықтықтан алу форматында өтетін бұл жұмыстарды да өз деңгейінде жүргізіп, қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, оқу жылының сапалы аяқталуына өз үлесімді қосқым келеді.