Ермекова Жұлдыз Дәлубайқызы
Мектеп басшысының мәдени шара жөніндегі орынбасары
Жаңаөзен қаласы мектеп-гимназиясы
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ел аумағына енгізілген төтенше жағдайға байланысты 6 сәуірден бастап мектеп оқушылары онлайн оқуға көшетінін мәлімдегеннен бері ұстаздар қауымы мен ата-аналардың шақшадай басы шарадай болды. Адамдардың бойында, әсіресе, осындай қиын кезеңде, жаңа әрі белгісіз нәрсеге деген қорқыныш сезімінің болуы – қалыпты жағдай. Форс-мажорлық жағдайда білім беру саласында болып жатқан процестер бізге тек пайдасын тигізеді деп сендіргім келеді. Біз сыни пікірлерді естіп те, көріп те отырмыз. Дегенмен қашықтықтан білім беруге көшу – коронавирустық инфекцияның таралуын азайтуға бағытталған шаралар аясында жүзеге асып жатқанын барлығы түсінгені жөн. Өкінішке қарай, басқа таңдау жоқ. Оқу процесі тоқтатылмауға тиіс.
Еліміздің аумағында карантин режимі жарияланғанына бір айдан астам уақыт өтсе, мектеп оқушыларының қашықтықтан білім алып жүргеніне төрт апта көлемі болды. Осы уақыт ішінде онлайн сабақ беру жүйесі туралы түрліше пікірлер қалыптасты. Бірі алғыс сөздерін айтып жатса, енді бірі сабақтың мазмұнынан қате іздеп әлек. Десек те, осындай қиын-қыстау уақытта, мамандықтардың төресі — ұстаздықтың орны ата-аналар мен оқушылар үшін де ерекше байқалғаны даусыз.
Мектеп қабырғасында болсын, электронды “қорапшалардың” арғы бетінен болсын мұғалімдердің оқушылар үшін сіңіріп жатқан еңбегі зор. Осыған орай мұғалімдер үшін оқыту форматын қалай тиімді ұйымдастыруға болатыны туралы бірнеше нұсқаулықтардан мысал келтіретін боламын:
- Оқушылардың телесабақтарды қарап шығуын ұсыну.Телесабақтар арнайы бекітілген, барлық мектептерге ортақ жоспардағы тақырыптар негізінде жүргізілетіндіктен оқушы жаңа тақырып бойынша бағыт-бағдар ала алады. Ал сабақтарды көріп болғаннан соң, жаңа тақырып бойынша бекіту тапсырмаларын орындай алады.
2. Қосымша тапсырмалардың нақты орындалу мерзімін көрсетіңіз. Қашықтықтан оқыту кезінде көптеген оқушылардың техникалық мүмкіндіктері болмауы әбден мүмкін, алайда, белгілі бір уақытқа орындалған жұмыстың жауапкершілігі де артатынын естен шығармаған жөн.Сондықтан уақытты тиімді пайдаланып,білім алушымен кері байланыс жасаған жөн.
3. Қайталау сабақтары кезінде тақырыпқа сәйкес қызықты әрі танымдық тапсырмаларды ұсынып көріңіз. Аудиокітаптар, фильмдер немесе отбасылық сергіту жаттығуларын орындау да баланың оқуға деген құлшынысы мен қызығушылығын арттырары сөзсіз.Әрине,өз сабағыңызға байланысты бейне ролик жасасаңыз нұр үстіне нұр болар еді.
4. Баланың психологиялық көңіл-күйіне мән беріңіз. Енді мектеп партасында отырып тақтаға емес, ұялы телефонға үңілген оқушының сабақтан тыс басқа да ақпараттарға ойы бөлінуі де күтілетін жағдай. Қашықтықтан әрине баланың жай-күйін, психоэмоциялық жағдайын аңғару қиын. Мұндай жағдайда ата-анамен де тығыз қарым-қатынас орната білу аса маңызды.Абай атамыздың үш одағы (ұстаз,ата-ана,бала) өз жемісін берері сөзсіз. Әсіресе, төменгі сынып оқушыларының сабаққа қатысуын ересек адамдардың қадағалағаны абзал.
5. Онлайн сабақты өткізу форматын нақтылаңыз.Қандай да бір сапалы білім беру ресурстарына тоқталып, басқа материалдармен араластырмауға тырысыңыз. Бұл сіз үшін де, оқушы үшін де тиімді болмақ. Себебі, оқыту әдістерінің немесе ресурстарының әр түрлі болуы баланы шатастыруы мүмкін.
Қазіргі уақыттағы қиын жағдайға қарамастан білімді алдыңғы орынға қойып, аз ғана уақыт ішінде елімізде бұрын-соңды болмаған жаңа өзгеріс — қашықтықтан оқыту жүйесі енгізілді. Барлық жағдаяттарды ескере келе, ұстаздар қауымының ерен еңбегі алдында басымызды иіп, алғыс айтқымыз келеді. Ұлт болашағы үшін атқарып жатқан жұмыстарыңызда тек сәттілік тілейміз!