Нұр-Сұлтан қаласында туризмді дамыту бойынша дәстүрлі консультативтік кеңес өтті. KAZGUU Жоғары гуманитарлық мектебі жұмыс берушілермен бірлесіп «Туризм» және «Қонақжайлылық» бойынша білім беру бағдарламаларын талқылады.
Жұмыс берушілердің пікірінше, туризм саласында оқып жатқан студенттің кәсіби дамуы өндірістік практика кезінде шыңдалады. Сондықтан тәжірибеден өту уақытын 30%-ға дейін арттыру ұсынылды. Жиында түлектердің цифрлық дағдыларын Digital marketing және It in Hospitality сияқты курстар арқылы күшейту де ұсынылды.
«Kazakh Tourism» Басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов пен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Балалар мен жасөспірімдер туризмі және өлкетану орталығы» директоры Мэлс Абенов гид-экскурсоводтар, гид-аудармашылар және гид-нұсқаушылар бойынша ішкі сертификаттау жүйесін енгізу қажеттігін атап өтті.
Консультативтік кеңестің қонақтары мен мүшелерінің арасында «Еуразиялық туризм қауымдастығы» президенті Рысты Қарабаева, «AstanaInvest» туризмді дамыту департаментінің директоры Дамир Шаметов, «Hilton-Astana» қонақ үйінің бас менеджері Штефан Райтер, сондай-ақ «Sheraton», «Wyndham Garden Astana», «Radisson Astana» қонақ үйлері мен еліміздің өзге де туристік компанияларының өкілдері болды.
Кездесуге қатысушылар Dark tourism-нің даму әлеуетін ерекше атап өтті. Қатысушылар туризмнің мұндай заманауи түрлері тарихқа қызығушылық танытатын туристерді тартады дейді. Студенттерді де осындай жаңашыл туристік өнімдерді жасауға бейімдеу қажет деген пікір айтты.
«Бүгінгі таңда пандемияға байланысты туризм және қонақжайлылық индустриясы үлкен шығынға ұшырап отыр. Соған қарамастан, бұл салада жаңа сұраныстар пайда болуда. Университеттер еңбек нарығының сұранысы сай заманауи трендтерді ұстануы керек», — деді «Туризм» және «Қонақжайлылық» білім беру бағдарламаларының жетекшісі Раушан Мұхамеджанова.
М.C. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ
Университетінің баспасөз қызметі