БАЛАЛАРҒА

Балаларым оқу оқы,

Сөз маржанын ойға тоқы.

Болашақта жейтін наның,

Дәнін тауып, құстай шоқы.

Өнер қуып, білімді бол,

Тек білімде – сара жол.

Ізденсеңдер талаптанып,

Орындалар арман мол.

 

Жасы үлкен қартты көрсең,

Өтпе алдынан, сәлем бер.

Ерте тұрып ерінбестен,

Ет еңбекті төгіп тер.

 

Намысы бар бол азамат,

Жақсылыққа жаны үйір.

Жоламаңдар, үлгі алмаңдар,

Жамандықтан бір түйір.

 

Ата — ана, ұстазыңның,

Үмітісің күш — қуат.

Ақтасаңдар көңіліне,

Құясыңдар нұр — шуақ.

 

Қызмет етіп Отаныңа,

Бола білсең нағыз ер.

Мақтан тұтар есіміңді,

Туған елің, туған жер.

 

 

ОЙНАЙЫҚ ОЙЛАНЫП

Жақында дос ойнайық,

Қызық ойын ойлайық.

Сөзден тауып небір сөз,

Мәнісіне бойлайық.

 

Кең даланың төсінде,

Өркештері түйенің.

Сұлу ғажап бейнесі,

Көрсетеді ол нені?       (Тау)

 

Тез ойланып таптың ба?

Тапсаң енді сен тыңда.

Әріпті ал алдыңғы,

Солай достым ой шыңда.

 

Тартқаныңда не болды,

Ішіне мол су толды.

Қандай зат ол айтшы сен,

Түрлі балық көп болды.     (Ау)

 

Соңғы әріп қандайды,

Қағарсың білсең таңдайды.

Сөзден шығып небір сөз,

Ойыңды ой сомдайды.

 

Саналы сөз жүйелі,

Ойлай білсең білімде.

Жалғыз әріп, жалғыз сөз,

Жыланның тұр тілінде.       (У)

 

Міне достым осылай,

Қызық ойын ойнайық.

Әр сөздерге мән беріп,

Тереңіне бойлайық.

 

ОҚУЛЫҚ КІТАП

 

Санаңа құяр

Білімнің мөлдір бұлағын,

Оқулық кітап

Өмірге қажет құралың.

Ұқыппен қарап,

Кірлетпей, жыртпай, лақтырмай,

Құрметтеп ұста

Қадірін біл шырағым.

 

Алдыңа кітап

Келген жоқ шәкірт оп-оңай,

Шыбықтар егіп

Өсіріп орман, сан тоғай.

Қағаз үшін

Ағашты кесіп ағалар,

Тер төкті қанша

Шаршаса да демалмай.

 

Кесілген ағаш

Зауытқа күн — түн тасылып,

Жасалды қағаз

Көптеген қанша басылып.

Арналып жазған

Әр пәнге бөлек өзгеше,

Ғалымдар еңбегі

Кітапқа енді жазылып.

 

Ойланып бір сәт

Кітапқа қара сен ептеп,

Бояумен түрлі

Қағаздың бетін өрнекпеп.

Талай суретші

Әлемі жажап әдемі,

Суреттерін салды

Тыным таппай тірнектеп.

 

Көптеген адам

Баспада еңбек еткенін,

Терумен әріп

Уақыты қанша кеткенін.

Білесің бе сен

Бейнеттің үлкен күшімен,

Оқулық кітап

Алдыңа солай жеткенін.

 

Бақыт ИСАЕВА,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Жамбыл облысы, Шу қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.