Home » Мақалалар » ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН ЕЛ ОЗАДЫ

ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН ЕЛ ОЗАДЫ

Қасымова Айжан Тойбекқызы,
Алматы қаласы
№59 мектеп-гимназияның директоры

 

Санаулы күндерден кейін тағы бір жылды артқа тастап, 2021 жылға аяқ басқалы отырмыз. Ескі жылдың есіркеуі мен жаңа жылдың жарылқауын тілеп отыратын біздің халық  үшін әрбір жылдың орны әрине, ерекше. Алайда биылғы жылдың қазаққа ғана емес, барша әлем халқына оңай тимей, тосыннан келген мына жаман індет орасан зор ауыртпалығын тигізіп, біраз әбігерге салып кетті. Көз жұмғандар, қайғы жамылғандар қаншама?.. Санына жетпейсің. Бұның бәрі адам баласының жаһандық қауіптің алдында әлі де әлсіз, дәрменсіз екендігін көрсетіп берді. Бай қуатты деген елдердің өзі шарасыз жағдайда қалды. Биылғы тышқан жылы адамзат санасында осылайша естен кетпестей із қалдырды.  Қалай десек те, қандай ауыртпалық пен қиындықты бастан кешірсек те баянды болашағымыз, мол үміт артарымыз — мектеп пен балабақшадағы балаларымызға деген еңбегіміз бір сәтке де толастамай, жұмыстар атқарыла беруі керек. Өйткені келешекте елдің әлеуетін көтеретін де, бағын асыратын да,- осы балалар.

Ұрпақ тәрбиесі- жалпы қоғамдық іс, ортақ міндет деп жиі айтамыз. Мұғалімдер мен ата-аналар да, ақпарат құралдары мен қоғамдық ұйымдар да ортақ жұмыстан сырт қалмауы тиіс. Әсіресе биылғы карантин уақытысында бір-бірімізге деген ниет-ықыластарымыздың, біріге еңбек етудің қаншалықты маңызды екендігін түсіндік.

«Бірлік – біздің қасиетті туымыз» деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, барлық іс біріге әрекет етудің, қоян-қолтық еңбек етудің арқасында дұрыс шешімін табады. Елдікті, бабалар аманаты- Тәуелсіздікті қорғауға бағытталған жұмыс, туған еліміздің өркендеуіне бар саналы ғұмырын арнайтындай азамат қалыптастыру мақсатындағы еңбек нәтижелі жалғасын таба беруі керек. Әрдайым бірлік пен татулықты айтып, өнегелі ісімен танылып жүрген ұжым мен еңбек коллективтерін қолдап отыру да қажет.

Игілікті жұмыстар мен қоғамдық маңызы бар істер ел дамуының негізі. Нәтижелі еңбегімен еленген, бірлік пен татулықтың үлгісін көрсеткен мектептер көп бізде. Алматы қаласындағы №59 мектеп-гимназиясы қайнаған қызу еңбектің ортасында жүріп, төтенше жағдай орын алған кезде білім беру мен тәрбие жұмыстарын бір сәтке де тоқтатпай, жоспарға сай атқарып отырды. Онлайн, қашықтық дегендер бастапқыда жеңіл, оңай болып көрінгенмен, уақыт өте келе оның да машақаты көп болып шықты. Қашықтықтан сабақ бере отырып, дұрыс ұйымдастыру, оқушының үйде отырып белгілі бір тақырыпты толық игеріп түсінетіндей нәтиже шығару едәуір күшті талап етеді. Компьютер тілін толық меңгеру, платформалармен жұмыс істей білу білім-білікті қажет етеді. Салмақ тек мұғалімдерге емес, ата-аналарға да түсті. Білімді әрдайым жетілдіріп отыру қазіргі уақытта өте керек. Онсыз тағы болмайды. Міне, осының бәрін ескере білген мектеп әкімшілігі мен мұғалімдері тығыз байланыста жұмыс істеп, әрбір өзгерістерге икемделе білді.

Ынтымағы жарасқан ел ғана озады. Елдік маңызы бар игілікті істе баршамыздың бірлік танытқанымыз аса маңызды. Бүгінгі жас ұрпақтың болашақта бақытты, ынтымағы жарасқан қоғамда өмір сүруі, бүгінгі біздің іс-қимылымызға тікелей байланысты. Алдағы жыл үміт пен тілектердің орындалатын, табыс пен қуанышқа кенелтетін, баяндылық пен өсіп-өркендеу жылы болсын деп тілейік. Баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.