Home » Айтарым бар » ПЕДАГОГ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІ БІЛІКТІЛІККЕ ТЕСТІЛЕУ

ПЕДАГОГ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІ БІЛІКТІЛІККЕ ТЕСТІЛЕУ


         Мемлекет басшысының  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында білімнің салтанат құру жайында кеңінен атап өтілген. Қоғамда өскелең ұрпақты тәрбиелеп,  оқытуда  ұстаздар алдында үлкен жауапкершіліктер тұр. Шығармашылық жұмысымен айналасуымен қатар біліктілік тестіден өтуінің негізі болып табылады. Мұғалім мамандығы –барлық мамандық иесін тәрбиелейтін тұлға. Осы орайда Ұлттық тестілеу Орталығы Директорының міндетін атқарушы Дидар Нұркенұлымен сұхбат алуды жөн көрдім.

               Ұлттық тестілеу орталығының қызметі туралы айтып берсеңіз.

— Біріншіден, жұмысымызға қызығушылық танытып жатқаныңызға алғысымды білдіремін. Орталықтың жұмысы жайлы айтатын болсақ, ең бастысы ол — еліміздің білім беру жүйесіндегі сырттай тапсырылатын емтихандар мен мониторингтердің барлық түрлерін ұйымдастыру және өткізу болып табылады. Оның ішінде Ұлттық бірыңғай тестілеу, Кешенді тестілеу, Жоғары және орта білім беру ұйымдарындағы оқу жетістіктерін сырттай бағалау, Мемлекеттік аттестаттау барысында білім беру ұйымдарында білім алушыларды кешенді тестілеу, Педагог қызметкерлерді біліктілікке тестілеу, Магистратура және докторантураға шет тілдерінен түсу емтихандары, Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі – ҚАЗТЕСТ бар.

Жалпы Ұлттық тестілеу орталығының қызметі өте ауқымды. Үміткерлердің білімін тексеруге қаншама сұрақтар құрастырылып, тексеріліп, сараптамадан өткізіліп, олардың жауаптарының дұрыс болуы – өте үлкен жұмыс пен тиянақтылықты қажет етеді.

Тапсырмалар базасын орындаудан кейін барлық ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу, оның өткізілуі барлық талаптарға сай болуы – ол да бірқатар еңбекті талап етеді.

Тіпті, жоғарыда аталған жұмыстардың дұрыс ұйымдастырылуынан адамдардың келешегі шешіледі десем де артық айтпаспын. Жауапкершіліктің жоғары болып тұрғанын өзіңіз де түсініп отырған боларсыз.

       -Педагог қызметкерлерге арналған ұлттық біліктілік тестілеу қандай жүйеде жүргізіледі? Жалпы тестілеу туралы нұсқаулығын айтып өтсеңіз.

-Білім және ғылым министрінің, Тамыз конференциясында айтылған тапсырмасына сәйкес Ұлттық біліктілік тестілеуі алғаш рет электронды түрде өткізілуде. Тестілеу екі блоктан, жалпы 100 тест тапсырмаларынан тұрады: бірінші блок «Оқу пәнінің мазмұны» бойынша – 70 тапсырма, екінші блок «Педагогика, оқыту әдістемесі» – 30 тапсырмадан тұрады. Максималды балл саны – 110.

Тестілеудің жалпы уақыты – 3 сағат 20 минут, ал «Математика», «Физика», «Химия», «Информатика» пәндері үшін – 3 сағат 50 минут. Яғни пән ерекшеліктеріне орай уақыт қарастырылған.

       -Мұғалімдер дайындалу үшін тест тапсырмалары қаншалықты қолжетімді, кітапша түрінде ме? Сондай-ақ, жас маман, орта жас және отыз жастан астам тәжірбиесі бар педагогтар үшін де тест тапсырмалары бірдей ме?

-Ұлттық біліктілік тестілеуінің байқау сынақтары Ұлттық тестілеу орталығының сайтына ілінген. Педагог қызметкерлер байқау сынақтарын ақысыз түрде өте алады. Және де тест тапсырмалары біліктілік санаты, жасы немесе еңбек өтіліне қарамастан, барлығына бірдей етіп құрастырылған.

Сонымен қатар, аталмыш тестілеу алғаш рет электронды түрде өтетін болғандықтан, а.ж. 31 қазан күні байқау тестілеу өткізіліп, оған 337 адам қатысты.

          — «Тәуелсіздіктің болашағы-жастардын қолында» деп көп айтылады. Жас ұстаздарға қандай кеңес берер едіңіз?

-Жас ұстаздарда көп жағдайда тәжірибенің жетіспеушілігі айқын көрініп тұрады. Осы жерде, жаңадан жұмысқа келген жас ұстаздарға тәлімгерлерді бекіту «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасында да белгіленгенін атап өткен жөн. Яғни, бір оқу жылы кезеңінде орта білім беру ұйымына педагог лауазымына алғаш рет қабылданған педагогке оның кәсіби бейімделуіне практикалық көмек көрсететін тәлімгер бекітіледі.

Сондықтан, жалындап тұрған жастарымызға көмекке біздің бірнеше онжылдық кәсіби тәжірибесі бар, ақылы мен кеңесін айтудан тартынбайтын ұстаздарымызға жүгінгені дұрыс болар деп ойлаймын. Ондай аға ұрпақ ұстаздарымыз алтын қазына іспеттес. Айтылған кеңеске құлақ асып, біраз дүниелерді үйренуге талпынса жақсы болар еді.

Бұл жерде жастарымыздың жаңашыл ойлауы мен бастамашыл қасиеттерін де атап өткен жөн. Осы жерде бірлескен жұмыс атқарылған жағдайда, көптеген оң нәтижелерге қол жеткізуге болатынына сенімдімін.

        — «Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен – тарихтағы ең ұлы істің бірі» деген халық даналығы педагог қызметкер тесттен шекті деңгейге жетпеген жағдайда, қоғам тарапынан ұсыныс немесе келешекте оқыту семинарлары қарастырыла ма?

          —Педагогтардың шекті балды алған, алмағаны құпия ақпарат болып табылады. Сондықтан, шекті балды ала алмаған ұстаздар келесі тестілеуге дайындалып қайта тапсыруына болады. Ұлттық біліктілік тестілеуі жылына екі рет өткізіліп отырады.

        -Жалпы өзге дамыған елдердегі педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру жүзеге асырылуы туралы қандай да ақпарат болса.

         —Менің ойымша, қазіргі таңда, педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыруын жүзеге асыру үшін елімізде көптеген халықаралық ғылыми-әдістемелік семинарлар мен конференциялар өтеді. Білім алмасу алаңы өте кең.

        -Ұстаздар арасынан өзінің кәсіби білімін жетілдіру, шығармашылығын дамытуда магистратура дипломын иеленген педагогтар тестілеуден босатылып жатса нұр үстіне, нұр ғой. Бұған көз қарасыңыз?

— Ол жайындағы көзқарасымды айтатын болсам, өз басым, кәсіби біліктілікті тексеретін әдістердің болғанын қалаймын. Неге десеңіз, қандай білім болмасын, жаңартылып, жетілдірілуді қажет етеді. Өйткені, қазіргі ой жарыстырып жүрген заманда, небір көптеген жаңалықтардың ашылуынан қалыс қалмай, уақытқа сай білімімізді толықтырып тұруымыз шарт. Сондықтан, кеше алған біліміміз үнемі жетілдіріліп, толықтырылып жатпаса, ертеңгі күні оның пайдасы боларына күмәнім бар.

Қазіргі уақытта мұғалімдердің білімдерін толықтырып, оқушылардың қойылған кез келген сұрақтарына жауап бере алатындай жан-жақты болуына баса назар аударылуда. Оқыту, ғылым, инновация қатар дамып, үнемі жетілдіріліп жатқандықтан, адамдардың өмір бойы ізденіс үстінде болуы шарт.

        -Алдағы уақытта педагог қызметкерлерді тестілеу барысында қандай жаңашыл жаңалығыңыз бар?

-Мінекей, осы ағымдағы айдың, яғни қарашаның 4-30 аралығында, бізде ауқымды іс-шара – мұғалімдердің Ұлттық біліктілік тестілеуі өтуде. Ауқымды деп атау себебім, біліктілігін тексеру үшін барлығы 69 418 адам өтініш берді.

Аталмыш іс-шараның жаңалықтары ретінде келесілерді атап өтуге болады:

-Біріншіден, жоғарыда айтып кеткенімдей, тестілеу электронды түрде өтіп жатыр.

-Екіншіден, Ұлттық тестілеу орталығы UStudy-мен бірлесіп, МЖС келісім-шартының негізінде ұйымдастырылып отыр. Тиісінше, ҰБТ жүргізу Ustudy-дың 19 аймақтық орталығында өткізіліп жатыр.

-Үшіншіден, тестілеуге кіргізу кезінде тексеріс жоқ, тест тапсырушылар еркін өтуде. Өйткені, барлық залдар бейне камералармен жабдықталған.

Тест аяқталғаннан кейін тестілеу кезінде тәртіп ережелерін бұзу фактілерін анықтау үшін бейнежазбалар зерттеледі. Нәтижесінде уәкілетті орган тест нәтижелерін жою мүмкін.

Бұның барлығы тестілеудің ашықтығына, әділ өтуіне, объективті түрде баға беруге мүмкіндік береді. Тестілеудің барлық түрлері электронды форматта өткізіліп, жіті бақыланып, қатаң түрде қадағаланып тұратын күндерге жақындап жатқанымыз қуантарлық жайт.

Осы бастамамызда, қоғам тарапынан қолдау тауып, тек әділ түрде білімнің бағалануына әкелсе екен деген үмітіміз бар.

-Төртіншіден, тағы бір жақсы жаңалықпен бөлісе отырсам, 2020 жылдан бастап Ұлттық біліктілік тестілеуді өту үшін өтініштерді бірден Ұлттық тестілеу орталығына тікелей және өздігінен тапсыруға болады. Осылайша, жергілікті білім органдары мен мектеп әкімшілігінің кезеңдерін өтпейтін болады. Тестті өтетін мұғалімдерде өздеріне ыңғайлы тест тапсыратын орынды, күні мен уақытын таңдауға мүмкіндіктері болады.

-Бүгінгі ашық әңгімеңізге рахмет. Тест тапсырып жатқан ұстаздарға сәттілік тілейміз!

Журналистер Одағының мүшесі,
Тұран-Астана университетінің магистранты
           Жағыпарова Толқын

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.