Home » Мақалалар » МӘДЕНИЕТІ ЖОҒАРЫ ЕЛДІҢ РУХЫ БИІК

МӘДЕНИЕТІ ЖОҒАРЫ ЕЛДІҢ РУХЫ БИІК

 Сейдазимова Ғазиза Қапанқызы,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің
қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы,
Тараз қаласы

Қазақтың біртуар ұлы перзенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Дүниеде тәуелсіз Қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көп ұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар. Ең бастысы, бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар. Сол күнге берік сенім бар!» деген қанатты сөзі бар. Тәуелсіздік таңымен оянып, көгершіндей қалқыған көк жалауымызбен бірге самғап, бұлбұлдың сайраған әніндей әсем Әнұранымызды бірге шырқап, бір ғана елтаңбада берілген таңбаларға қарап тарихтың тағдырына куә болып, тілі де, діні де өзге ұлттармен оң қарым-қатынас жасап, бебітшілік күнін кешіп келеміз. Салт-дәстүріміз бен  әдет-ғұрпымызды берік ұстанып, ата-бабамыздан қалған асыл істерді ары қарай жалғастырып, өз мәдениетімізді дамытуға еңбек етіп жатырмыз.

Халықтың болмысын, өткені мен келешегін танытатын – мәдениет. Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын  ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады.  Адамзат тарихының күретамыры – мәдениет, ал мәдениеттің күретамыры – адамзаттың ақыл-ойы мен іс-әрекетін дүниеге әкелген материалдық құндылықтар болып табылады. Бұл бәрімізге белгілі ақиқат. Қай халықтың болмасын өзге жұртқа ұқсамайтын бөлек болмыс-бітімін даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын басты белгі – мәдениет.

Патшалықтың төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, біздің еліміздің аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алады. Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек.

Тарихтың талай сұрапыл, қиын-қыстау жылдарын басынан кешкен еліміздің мәдениеті Кеңес дәуірі кезінде біраз ақсаңдап қалғаны ешкімге құпия емес. Сондықтан елбасының жолдаулары аясында құлдырап бара жатқан мәдениетімізді сақтап қалу үшін қызу жұмыстар атқарылды. Білім ошақтарын қайта жөндеуден өткізіп, жабылып, шашылып қалған кітапханалардың жер-жерде қайта жандануына, жұмыс істер адамы бар , бірақ ғимараты жоқ, қабырғасы қисайып, құлап, бұзылған жан-жақтағы клубтар мен мәдениет ошақтарын қайыра бой көтеруіне талай жұмыстар атқарылды.

Аумағы жағынан әлемдегі алғашқы ондыққа кіретін қазақ жері ежелден-ақ сан түрлі мәдениеттердің тоғысқан орны болды. Мұнда көшпенділік пен отырықшылық мәдениет өзара араласып жатты. Оның ішінде ешкімге ұқсамайтын, өз заманының жауһарлары болған мәдени мұралар, жәдігерлер жетерлік. Ал топырақ астында қаншама көміліп жатқан, өзінің іздеушісін күтіп тұрған дүниелер қаншама?!  Тәуелсіздік алғаннан бері  Қазақстан өз мәдениетін әлемдік деңгейде дамытуда біршама тірліктер жасады. Бұған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы үлкен ықпал етті.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша әзірленген. Бағдарлама тарихи-мәдени дәстүрлерді қайта жаңғырту мен дамыту сабақтастығын, еліміздің мәдени мұрасын насихаттау, қолдану, сақтау және зерделеумен байланысты негізгі аспектілерді анықтайды, мәдени мұраны зерделеудің тұтас жүйесін жасауды, соның ішінде осы заманғы ұлттық мәдениет, фольклор, салт-дәстүрлер, жазба және ұлттық әдебиеттің ғасырлар бойғы тәжірибесін жинақтау, сондай-ақ тарихи-мәдени ескерткіштерді реставрациялау, консервациялау және мұражайландыру, мәдени мұра мәселелерін топтастыратын материалдық-техникалық, ғылыми зерттеулерді дамыту мен нығайтуды қарастырады. Осының арқасында қазақ халқының ғасырлар бойы қойнауында ұмыт қалған мұраларымыз қайта жаңартылып, көптеген мемлекеттік маңызы бар істер атқарылып жатыр.

Осының бәрі мемлекет болып қалыптасуымыз, ұлт болып топтасуымыз үшін қажет жағдай. Әлемдік ғылым мен мәдениеттің озық жетістіктерін бойымызға сіңіре отырып, қазақстандықтардың рухани кемелденуі, өркениет көшінен кейін қалмауы ең негізгі мақсат етілді. Ал рухани-мәдени таным арқылы, тарихи сана негізінде патриоттық сезім, отаншылдық рух қалыптасатыны белгілі. Әсіресе бүгінгі жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу – мемлекеттік идеологияның темірқазығы болуы тиіс. Бүкіл адамзат тарихының дамуымен біздің тарихымыздың тығыз және ажырамайтын байланысы және өзара қатынасының нәтижесі болып табылатын материалдық мәдениет ескерткіштерін сақтауға бәріміз борыштымыз. Мәдениеті жоғары, тарихи танымы орнықты, ойы сергек елдің рухы да биік. Рухы биік халықтың іргесі де берік, қуатты, ынтымағы да жарасты болмақ.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.