Сейітжан Гүлзат Әнуарбекқызы
Алматы облысы Алматы қаласы
Жетісу ауданы
№177 Жалпы білім беретін мектеп
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Әлем кеңістігіндегі әр халықтың қайталанбайтын ұлттық ерекшеліктерін, өзіне ғана тән қасиеттерін құрайтын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарына негізделген лексикасы бар екендігі белгілі. Аталған лексика рухани дүниені де, материалдық дүниені де толықтай қамтиды. Солардың ішінде тағылымы мол терең тарихымен, жүйелі құрылымымен, мәдениетаралық коммуникацияның озық үлгілерін көрсететін ұлттық құндылықтарымызды танытатын сөздер тобы – туыстық атаулар. Түркі тілдерінің ішінде туыстық атауларға ең бай тіл – қазақ тілі. Көптеген түркі тілдері сөз байлығы өте мол қазақ тіліне тең түсе алмайды. Қазақ тілінің сөздік құрамындағы туыстық атаулардың негізгі бөлшегі – қазақтың ертеден келе жатқан төл сөздері.
Тіл-тілдегі туыстық атаулардың өзара сәйкес, мәндес келуі халықтар тұрмысының, болмысының ұқсас екенін, соған орай олардың ақыл, ойлау, сезім дүниелерінің де барабар келетінін танытады. Қай халықтың болмасын, белгілі зат не құбылыс жайындағы түсінігі бірдей, тек тілі басқа. Туысқандық атаулар әр халықтың ұлы мұрасы, ұлттың тарихи жетістігі, негізгі ақпаратты жинаушы, сақтаушы және жеткізуші.
Кез келген тілдің қоғамда қалыптасқан өзара байланысты үш түрлі қызметі бар екендігін қазақ тілі мұғалімдері біледі, туыстық атауларды танымдық тұрғыдан меңгертуде негізге алады. Оның басты қызметі – коммуникативтік, яғни қоғам мүшелерінің өзара түсінісуі, пікір алысуы үшін қажетті қызметі. Екінші қызметі – көркем шығарма тіліне тән, адам баласына образ арқылы әсер ететін эстетикалық қызметі. Тілдің бұл қызметі, туыстық атаулармен байланысты сөз саптау қабілетіне тікелей байланысты. Тілдің үшінші қызметі – кумулятивтік қызмет. Ол – тілдің ғасырлар бойы дүниеге келіп, қалыптасқан барлық сөз байлығын өз бойына жиып, сақтап, оны келешек ұрпаққа жеткізіп отыратын игілікті қасиеті. Туыстық атаулар табиғатына тән қасиет тілдің осы үш қызметіне де байланысты. Осыған байланысты білім алушыларға туыстық атауларды танымдық тұрғыдан меңгертуде қазақ тілі мұғалімі төмендегі қағидаларды негізге алуы қажет екендігін көрсеткім келеді:
- Туыстық атауларды танымдық тұрғыдан меңгертуде қазақ тілі
мұғалімдері тіліміздегі туыстық атауларды коммуникативті оралымдар екендігін назарда ұстап, коммуникация процесінде қолданылатын қатынас құралының ең құнарлы да өнімді түрі болып саналатындығын негізге алуы тиіс;
- Туыстық атаулар тіліміздің негізгі қарым-қатынастық құралы
ретінде мәтін тілін жандандыру, оқырманға белгілі бір жағдайды хабарлай отырып, әсер ету үшін де қолданылатындығына, яғни эстетикалық, эмоционалдық қызметтерін үнемі назардан тыс қалдырмауы керек;
- Туыстық атаулардың табиғатына тән қасиет тілдің танымдық,
руханилық қызметі – кумулятивтік қызметіне де байланысты. Аталған бұл қағида да мұғалімдердің ұстанымы болуы қажет. Себебі, туыстық атаулар бүкіл бір халықтың рухани қазынасын бойына жинақтап сақтайтын, ұлттық рухтың табы сіңген рухани дүние. Туыстық атаулар – белгілі бір жағдайды тұжырымдап, ой қорытатын, яғни ойды құрастырушы, өз бойына сіңірген ұлттық рухты жеткізуші тілдік құрал.
Тілдік тұлғаға тіліміздегі туыстық атаулардың өткен өміріміздің куәгері ғана емес, қазіргі тіліміздің де қаймағы, бейнелі айшығы екендігі ұғындырылады. Тегінде туыстық атаулар елдіктің белгісі, дана халқымыздың рухани көрсеткіші десек те асыра айтқандық емес. Туыстық атаулар халық өмірін, философиялық түсінігін, тіршілік тынысын, ерлік рухын, әдет-ғұрпын кеңінен қамтиды. Оларға тұтас қарайтын болсақ, халық өмірінің бүтін бейнесін көз алдымызға келтіргендей болатындығымызды тілдік тұлға да түсінуі қажет.
Әрбір этностың адамзат қоғамындағы тарихи-мәдени рөлін, өркениетке қосқан үлесін, рухани болмысы мен ментальдық құндылығын бағалағанда оның даналық қорында жинақталып, қалыптасқан туыстық атаулардың ауқымын ғана емес, дүниетанымдық ой-парасатының тұңғиық тереңдігін де, шарықтау шегінің биіктігі мен мазмұн-мәнінің кеңдігін де ескерген жөн. Осы тұрғыдан алып қарағанда, қазақтың туыстық атауларының өткен өмірі мен бүгінгі болмысты танып-білудегі логикалық, философиялық, эстетикалық, тағылымдық, когнитивтік, этнолингвистикалық мәні аса зор.
Туыстық атауларды оқытуда берілетін жаттығулар жүйесіне тоқтаталатын болсам, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы әдістемеші ғалым Ахмет Байтұрсынов қазақ тілі оқулықтарында әрбір тілдік матеиалдардан соң жаттығу жұмыстарын ұсынып, оның дидактикалық негізден тиімділігін төмендегіше талдап көрсетеді: «Тіл құралымен балаларды оқытқанда, һәр қағида я ережені оқытқаннан кейін, балалар түсіну үшін сөйлем сөздерді, мақалдарды үлгіге алып, олардың ішінен қағида я ережеге келетін жерлерін балаларға таптыртып, басқалардан айыртып үйрету. Солай бірнеше рет істеп көргеннен кейін, балалар керек сөздерді өздері тауып, өздері айыруға дағдыланады. Сонан соң балалар дағдыланып, үйреніп болды ғой дегенде нық біліп болған-болмағанын байқау керек, сынау керек. Сынағанда үйренген қағида я ережелерді орнына келтіріп жаза ала ма? Жаза алмай ма? Соны сынау. Сондықтан мұғалім балалардың үйренген қағидасы, ережесі келетін сөздерді ауыздан жаздыруы керек. Яки кітапшадағы жорта хате жазып қойған сөздерді дұрыстап жаздыруы тиіс».
А.Байтұрсынұлының жаттығу жұмыстарының шартында берілген “сөйлеу” терминін “мәтін” орнында өте орынды қолданған. Сынау, дағдыландыру жұмыстарында алынған мәтіндер мазмұнды. Ұлт ұстазы тілді меңгерту жаттығуларының мазмұнында ТУЫСТЫҚ АТАУЛАРҒА ерекше мән беріп, мәтін мазмұнында мысалдарды кеңінен ұсынған. Жаттығу жұмыстарында мәтін сұрыптауда мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, жұмбақтар, шешендік сөздер үлгілерін оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай тиімді қолданған. Ғалым жаттығу жұмыстарында лингвистикалық құзыреттілікті меңгертумен бірге лингвоелтанымдық және қатысымдық құзіреттіліктерді қалыптастыруға ерекше мән бергендігі мәтін мазмұндарынан байқалады.
Қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізін салған ғалым А.Байтұрсынұлының еңбегінде “Сөз таптары” тарауы “Атауыш сөздер” деп берілгені белгілі. Осы бөлімде “Зат есім” тақырыбын өте жеңіл түрде түсіндіре отырып, дағдыландыру, сынау тапсырмаларының барлығында туыстық атауларды, оған қатысты мақал-мәтелдерді молынан ұсынады. Осы әдістеменің өзінен А.Байтұрсынұлының тілдік бірліктерді танымдық тұрғыдан меңгертуді мақсат еткендігін көреміз.
“Зат есім” тақырыбын өткенде туыстық атауға байланысты мақал-мәтел түрлерін ұсынып, сұрақ қою арқылы зат есімдерді тапқызу тапсырмаларын ұсынады:
“Ананың көңілі – балада, баланың көңілі — далада”.
“Кімнің көңілі балада?” – “ананың”. “Баланың көңілі неде?” – “далада”.
Дағдыландыру жұмысынан соң “сынау” тапсырмаларын ұсынады. “Сынау” тапсырмаларында толық сөйлеммен, мәтінмен жұмыс жүргізеді. Жаттығу мазмұны тек мақал-мәтелдерден тұрады. Сынау тапсырмалары күрделірек. Мұнан байқайтынымыз, Ахмет Байтұрсынұлы-оқушылардың тілін дамытып, сөз мәдениетінің жетілуіне, шешен де шебер сөйлей білуіне ерекше мән берген ғалым.
Қазақ тілі мұғалімі оқушыларға жаңа туыстық атаулардың мағынасын терең түсінуге, сол арқылы адамгершілік тәрбие беруге дағдыланады. Бұл мақсат-міндетке жету үшін туыстық атауларды сөйлеуде қолдануда жаттықтыру жұмыстары жүргізіледі.
- Туыстық атауларға байланысты жүргізілетін төмендегідей жаттығу
түрлерін атауға болады:
А) туыстық атаулардың кейбір сөзінің, сөздегі дыбысының орнына көп нүкте қойып, оны толықтырып жазу;
Ә) туыстық атаулар туралы мақал-мәтелдердің жартысын жазып, қалғанын оқушылардың өзіне жалғастырту;
Б) туыстық атауларға қатысты сөздері бар мақал-мәтелдерді айтқызу.
Жаттығулар.
1-жаттығу. Мәтінді мұқият оқып, мәтін бойынша берілген сұрақтарға жауап береді.
Апа-туыстық қарым-қатынасты білдіретін ұғым. Бір туған немесе туысы жағынан жақын, жасы үлкен әйел өзінен кішілерге апа болады. Кей жерлерде апаны «әпке» деп те атайды. Сол сияқты Қазақстанның көптеген облыстарында туған шешесін де апа дей береді. Мұның себебі: атасы мен әжесінің тірісінде бала өз әкесін аға, шешесін апа деп, үлкендерді ізет тұтқан.
Сұрақтар:
- «Апа» деген кім екен?
- Апаны тағы қалай атауға болады?
- Мәтінде берілген соңғы сөйлемге байланысты қандай мақал-мәтелді білесіңдер?
1-тапсырма. Мәтіннен туыстық атауларды іріктеп, оларға жалғанған жалғау түрлерін анықта.
Үлгі: Апаны- «апа» түбірі, «ны» табыс септігінің жалғауы (кімді? –апаны)
2-тапсырма.
«Әріптер сөйлейді» әдісі. Топтық жұмыс
Әр топқа әріптер беріледі. Сол берілген әріптер бойынша туыстық атауларға қатысты мақал-мәтелдер, нақыл сөздер айту.Олардың мағынасын түсіндіру.
Үлгі: «А» әріпі — Анадан өнеге көрмеген қыз жаман,
Атадан тағылым алмаған ұл жаман (Қорқыт)
2-жаттығу. Мақал-мәтелдерді жалғастырып, олардың мағынасын түсіндір.
Ананың көңілі балада….
(баланың көңілі далада)
Ұяда не көрсең…
(Ұшқанда соны ілерсің)
Әкеге қарап ұл өсер…
(анаға қарап қыз өсер)
Жеті атасын білмеген…
(жетімдіктің белгісі)
3-жаттығу. Берілген туыстық атауларға сын есім жалғап жаз.
Мысалы: қамқор әке, үлкен әпке, сұлу сіңілім
Сөздер: апа, ата, әже, іні, бауыр, қарындас, жезде, ана, бөле
4-жаттығу. Көп нүктенің орнына тиісті шылауларды жазыңыз.
Отан … отқа түс – күймейсің.
Ақымақтың ақылы,
Түстен . . . кіреді.
Жаттығудың мақсаты: оқушыларға көп нүктенің орнына шылауларды жаздырып, шылаулардың тіліміздегі қызметіне тоқталу, түсіндіру.
Оқушылардың сөздік қорын мақал-мәтел, нақыл сөздер арқылы байытуда алдымен олардың өздері білетін мақал-мәтелдерін естеріне түсіріп, сұрақ-жауап арқылы ол мақалдардың мағыналарын қалай түсінетіндіктері сыналды. Одан әрі жұмыс бірте-бірте күрделеніп, оқушылардың сұрақтарға мақал-мәтел арқылы жауап берулері талап етілді. Осылайша мақалдар арқылы жауап беруге машықтанған соң, оқушыларға белгілі бір тілдік жағдайға қатысты тапсырмалар орындатуға болады.
Қорыта айтсам, қазіргі қазақ тілі пәнінің мұғалімі ұлтымыздың болашағы – қазіргі жас ұрпақты ұлттық рухани құндылықтар негізінде тәрбиелей отырып, ойды сығымдап, нақышты, әрі санаулы сөзбен әрі өткір, әсерлі етіп суреттей білу өнеріне, яғни сөз өнеріне үйретуі тиіс.
Жаңа білім беру мазмұнына сәйкес қазақ тіліндегі туыстық атаулардың мазмұны белгілі бір халықтың, ұлттың, қауымның шаруашылық кәсібін, тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын, дүниеге көзқарасын, сенім-нанымын көрсететіндігі тілдік тұлғаға тек қазақ тілі сабағында емес, барлық пәндерде, күнделікті тілдік коммуникацияда қоланылуы қажет. Туыстық атаулар – қазақ өмірінің, санасының айнасы, шежіресі. Сондықтан мектепте қазақ тілін оқытуда тіліміздегі туыстық атауларды меңгертуге ерекше мән беріп, тілдік коммуникацияда орынды қолдана білу маңызды.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Диуанова Р.К. Қазақ тіліндегі туыстық атаулардың мағыналық құрылымы мен лексикографиялану ерекшеліктері.
- Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. –Алматы: Ана тілі, 1992. -448б
- Құрман Н.Ж. Жаңа педагогикалық технологиялар негізіндегі қазақ тілі сабақтары. –Астана, 2008.-423б.
- Балтабаева Ж. Тіл дамыту әдістемесі. Алматы, 2011.348-б.
- Адамбаев Б. Қазақ халық әдебиеті мақал-мәтелдер. Алматы, 1996.
- Қарсыбекова Ш. Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдерді топтастыру принциптері. Кандидаттық диссертация. –Алматы, 1996. -27б.
- Әлімбаев М. Мақал-мәтелдер және аударма. Алматы, 1972, -276 б.