Home » Мақалалар » Соттарда азаматтық істерді қарау барысындағы  балалармен жұмыс істеу ерекшеліктері қандай?

Соттарда азаматтық істерді қарау барысындағы  балалармен жұмыс істеу ерекшеліктері қандай?

Кеше Жамбыл облыстық «Жас ұлан» ББЖ ұйымы балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік қорғау, шешімдер қабылдауға қатысудағы баланың құқығын жүзеге асырудағы және қоғамдағы балаларға  қатысты өзекті мәселелерді бірлесіп шешу мақсатында Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталығында «Соттарда азаматтық істерді қарау барысындағы балалармен  жұмыс істеу ерекшеліктері» атты дөңгелек үстел өткізілді.          

     Іс-шараның күн тәртібінде ҚР сот процестері кезіндегі балалардың ойын тыңдау, құрметтеу және олардың жас мөлшерін алып тастау мәселелелері қарастырылды. Бұл жиынның қоғамдық маңыздылығы зор екендігін, яғни балалардың отбасындағы зорлық-зомбылық жан-дүниесіне кері әсерін бермеу мақсатында оларды қоғамдық өмірге араластыру мен  мамандықтарын дұрыс таңдауына мүмкіндік беру жарқын болашаққа кепілдік берері аян. Міне, сондықтан дөңгелек үстелге психолог, адвокат, ауданаралық сот мамандары, қоғам қайраткерлері, білім басқармасының қызметкерлері, белсенді жастар және БАҚ мүшелері қатысты.

Дөңгелек үстелдің алғашқы баяндамасын Тараз қалалық мамандандырылған ювиналды заң кеңесінің меңгерушісі Нұрахова Жұбаныш Сәбитқызы ҚР Ата заңына және құқықтық басқа да құжаттарға сүйене отырып, сот процесіндегі ата-ана мен балалардың құқықтарын аудиторияға жан-жақты жеткізсе, Тараз қалалық білім бөлімінде балалар құқығын қорғау кеңесінің бас маманы Үкібасов Қайрат Исаұлы білім беру мекемелерінде балалардың құқықтары туралы конвенцияны және «Неке және отбасы туралы» кодексті басшылыққа ала отырып, олардың құқықтарының қорғалатындығын, былтырғы жылы 1370 өтініштің келіп түскендігін медиация бөлімінің №10 орта мектепте ашылғандығын,  аймақта 401 балаға қорғаншылық және қамқоршылық белгіленсе, 87 баланың патронаттар үйінде тәрбиеленіп жатқандығын, 7 бала асыранып алынып, 4 баланың бөбектер үйіне өткізілгендігін, 11 бала балалар үйіне орналастырылғандығын, сонымен қатар отбасының ажырасу кезіндегі балалар құқықтары мен отбасының әлеуметтік жағдайын зерделеу мәселелері әр аптаның сәрсенбі күнінде комиссия қорытындысы арқылы талқыға салынатындығын қысқа да нұсқа айтып өтті.

Ал, Жамбыл облысы полиция департаменті, жергілікті полиция қызметі басқармасы ювиналды полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры Абдулин Нұркен Ардашерұлы кәмелеттік жасқа толмаған балалардың қылмыстары туралы статистикаға сүйене отырып, жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың облыс бойынша 8%-ға өскендігін, яғни мұндай қылмыстардың алдын алуы үшін қоғамда қандай шаралардың атқарылуы тиіс екендігін көпшілікке жеткізе отырып, былтырғы жылы Талас, Меркі, Байзақ, Т.Рысқұлов аудандарында және Тараз қаласында жасөспірімдер арасында жантүршігерлік қылмыстардың орын алағандығын өкінішпен айтты. Міне, бұл қоғамдағы түйінді түйткіл! Бұл түйткілдің түйінін тарқату үшін не істеу керек? Осы орайда қыр-сырлы мәселені жан-жақты қарастыруға тырысқан «Өрлеу» БАҰО» АҚФ «Білім беру процесін психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу» кафедрасының аға оқытушысы Кулен Фарида Жұмабекқызы өзінің баяндамасымен жұртшылыққа сұрақ-жауап арқылы түсіндіріп, өз тәжірибесіндегі мысалдарды келтіріп, баланың позитивті түрде қоғамға етене араласып кетуі үшін оны жақсы көре білу керектігін ағынан жарылып айтып,  «Әр адамның бойында күн бар, тек соның жарқырауына мүмкіндік берейік» деген Сократтың сөздерімен аяқтады.

P.S. Тараз қаласы, Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың директоры Кашкинова Шариякүл Көпжасарқызы дөңгелек үстелдің қорытындысын жасады.

 Жансая Құрманғалиқызы,
«Bilim Ainasy»,
Жамбыл облысы, Тараз қаласы

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.