Home » Мақалалар » В.Воскобовичтің  ойын технологиясын оқу қызметінде қолдану әдістемесі

В.Воскобовичтің  ойын технологиясын оқу қызметінде қолдану әдістемесі

Бураханова Роза Болатовна
жоғары санатты тәрбиеші
«Айгерім» мектеп-бөбекжай-бақша кешені
Шымкент қаласы

         Жаңартылған білім беру жағдайында мектепке дейінгі ұйымдарға тәрбиелеу және оқыту үдерісін ұйымдастыруға жоғары талаптар қойылып отыр. Мектепке дейінгі білім беруді дамыту, оны жаңа сапалы деңгейге шығару инновациялық технологияларды қолдану негізінде жүзеге асады.

Инновациялық технология – заманауи әлеуметтік-мәдени ортада баланың тұлғалық дамуында оңтайлы өзгерістермен оң нәтиже алуға бағытталған әдістер жүйесі.

Қазіргі таңда мектепке дейінгі ұйым тәжірибесінде көптеген технологиялар қолданыс тауып отыр. Осы технологиялардың көшбасын дамыта оқыту технологиясы алып отыр десек болады. Өйткені мектеп жасына дейінгі балаларды дамытуға деген жаңа көзқарас – дамыта оқыту ықпалымен жүзеге асады. Дамыта оқыту барысында баланың белсенділігін, дербестігін, шығармашылық ойлауын дамытуға арналған жағдай құрылады. Жоғары интеллектуальды деңгейдегі балалар әлеуметке тез бейімделеді. Балабақшада дамыта оқыту идеясын жүзеге асыру үшін В.Воскобовичтің құрастырған дамытушы ойындар идеясын қолдануға мүмкіндік бар.

Воскобовичтің ойын технологиясы соңғы уақытта қазақстандық балабақша тәжірибесінде қолданыс тауып келеді. Осы тұрғыда бұл инновациялық технология болып саналады.

Воскобовичтің дамытушы ойындары — бұл ерекше, шығармашылық әдістеме. Осы ойын негізінде үш басты принцип бар: қызығушылық, таным, шығармашылық. Бұл жай ойын ғана емес – бұл баланың ойлауы мен шығармашылығын оятатын ертегілер, оқиғалар, қызықты кейіпкерлер.

Воскобовичтің дамытушы ойындары бірқатар ерекшелігімен сипатталады, бұл ойынның өзінің құрылымымен түсіндіріледі. Біріншіден, ойын әрекетінің вариативтілігі және аяқталмағандығы, яғни дұрысында саналуан ойын тапсырмаларын шешу, ойластыру осы ойын әрекетіне ену мүмкіндігі бар. Екіншіден, ойынға қатысушылар жас шамасының кең диапазоны – сәбиден бастап ересек адамға дейін ойынға қатыса алады. Үшіншіден, балалар да, ересектер де шығармашылығын көрсете алады.

В.В. Воскобович технологиясы – бұл баланың зейін, ес, ойлау, сөйлеу секілді психикалық процестерін дамытуға ықпал ететін ойын іс-әрекетінің құрылымы. Ойындарды үнемі және біртіндеп күрделендіру орайлы қиындық аймағында балалар іс-әрекетін қолдауға мүмкіндік береді.

Ұйымдастырылған оқу қызметінде осы технологияны ұтымды қолдануға болады. Осыған орай өз тәжірибемде білім беру міндеттерін тиімді шешу үшін мен ойын құралдарын дайындап, қолдандым. Бұл ойындардың мақсаты  ойлау операцияларын дамыту болып табылады және балалардың іздену іс-әрекетіне, өз бетінше ойлауын дамытуға жағдай жасалады.

Бүгінгі күні мектепке дейінгі ұйымдардың ойындарды сатып алу мүмкіндігін түрліше түсіндіруге болады, оның себебі мынада: біріншіден, қымбат, екіншіден, ойыннның барлығы бірдей тәрбиешінің мақсатын аша алмайды, үшіншіден, ойынның идеясы балалардың жас ерекшелігіне сай келе бермейді.

Балабақша тәжірибесінде Воскобовичтің интеллектуальдық дамытушы ойындары негізіндегі геометриялық пішіндермен ойналатын танымдық ойындарды қолдану бастау алды.

Воскобовичтің интеллектуальдық дамытушы ойындары негізінде келесі міндеттер шешіледі:

  1. Барлық психикалық процестерді тиімді дамыту

а) ойынды үнемі және біртіндеп күрделендіру;

б) өнімді іс-әрекет – әр ойында бала қандай да бір нәтижеге жетеді.

  1. Мектеп жасына дейінгі балалардың ерте шығармашылық дамуы.
  2. Ойын арқылы оқыту. Дамытушы дидактикалық ойындар бала үшін қызықты бола түседі.

Воскобовичтің дамытушы ойындарының бірқатар артықшылығы бар:

  1. Ойынға қатысушылардың жас ерекшелік диапазондарының кеңдігі.

Бұл ойындарды 3 жастағы және 7 жастағы, тіпті мектеп оқушылары да ойнай алады, өйткені ойынды күрделендіруге болады.

  1. Ойынның көпфункциональдылығы.

Ойын арқылы бірқатар міндеттерді шешуге болады, бала өзі де байқамай түстер мен формаларды, цифрлар мен әріптерді меңгереді, санап үйренеді, кеңістікті бағдарлайды, ұсақ қол моторикасын жаттықтырады, тіл, зейін, ес, қиялы дамиды.

  1. Ойын тапсырмалары мен жаттығулардың вариативтілігі

Әр ойынға саналуан ойын тапсырмалары мен жаттығулар дайындалған.

  1. Әр ойынның шығармашылық әлеуеті не потенциалы.
  2. Дамытушы ойындар балаларға да , ересектерге де жаңаны ойлауға

және ойлағанын іске асыруға мүмкіндік береді.

Воскобовичтің дамытушы ойындары көп, саналуан және қызықты. Мәселен, «Воскобовичтің ойын шаршысы» атты ойынын дайындау жолын түсіндіріп өтейін.

Шаршы, екі жағында 32 қатты түрлі түсті үшбұрыш желімделген мата негізінде дайындалады. Шаршы оңай трансформацияланады, өйткені үшбұрыштар арасында бүгілетін мата жолақшалары қалады.

Күлгін (фиолетовый лес) орман атты ертегі желісі бойынша оны үйшікке, тышқанға, кірпіге, мысыққа айналдаруға болады. Шаршымен жаттығу геометриялық пішіндерді ажырата білуге үйретеді, ойлауын дамытады, қол мотрикасын, шығармашылық қабілеттерін дамытады.

В.Воскововичтің ойындарын меңгеру кезеңдері.

Бірінші кезеңде танымдық ойын іс-әрекетін ұйымдастыру ересектерге жүктеледі. Ол балаларды ойын кейіпкерлерімен не материалдарымен таныстырады, балалардың мүмкіндігі мен қызығушылығына қарай ойын тапсырмаларын іріктейді, балалармен бірге ойнайды.

Екінші кезеңде мектеп жасына дейінгі балалар негізгі ойын тәсілдерін меңгереді, содан соң интеллектуальдық күшті талап ететін тапсырмаларды орындайды.

Үшінші кезеңде балалардың шығармашылығы мен дербестігін дамытуға көңіл бөлінеді. Балалар ересектердің көмегінсіз ойын тапсырмаларын орындай алады, ұсынылған тапсырманың жаңа жолдарын ұсынады, сызбалар құрастырады. Шығармашылық атмосфера құрылып, балалардың бастамасы мадақталады және қолдау көрсетіледі.

Бұл ойындар балаларға ұнаса, онда ол барлық кезеңде де ойнай береді. Бір кезеңнен екінші кезеңге біртіндеп өту қажет.

Мектеп жасына дейінгі балаларды дамытуда ойын әдістерін қолданудың маңызы зор, өйткені баланың негізгі іс-әрекеті ойын болып табылады. Егер мектеп жасына дейінгі балалардың осы іс-әрекетін ескермесек, дәстүрлі білім мазмұны құрылымымен жалаң қайталау  нәтиже бермейді. Бұл баланың мектептегі оқу кезінде де оқуға деген керітартпа, қорқу, өзіне сенімсіздік секілді жағымсыз әсерін қалдыратыны сөзсіз. Сондықтан баланы шаршатпай, оның танымдық қызығушылығын оятатын ойындар жүйесін құрып, ойын технологиясын енгізу қажеттігі дәлелденді.

Сонымен, Воскобовичтің ойын технологиясы баланың танымдық дамуына зор үлес қоса алады. Өзіндік іс-тәжірибемізге сүйене отырып, мынандай тұжырымға келдік: осы технологияны қолдану балалардың білімді құлшына меңгеруіне, ал ойлау процесінің өзінен ләззат алуға үйретуге көмектесті.  Біз балаларды орынды сұрақтар қоюға және жауабын өз бетінше таба білуге, өзіне, өзінің талантына сенімді болуға үйретеміз. Біз бүлдіршіндеріміздің байқампаздығын, шығармашылық қабілетін ашуға бар мүмкіндіктерімізді қарастырамыз.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Михеева Е.В. Современые технологии образования дошкольников. Волгоград, 2020
  2. Развивающие игры В. В. Воскобовича. 1-ая Всероссийская научно-практическая кон­ференция с международным участием «Разви­вающие игры В.Воскобовича в работе с детьми дошкольного и младшего школьного возраста»/Под ред. В.В.Воскобович, Л.С. Вакуленко. СПб, 2013. -148с.
  3. Бондаренко Т.М. Развивающие игры в ДОУ. Конспекты занятий по развивающим играм Воскобовича. – Метода, 2013 г. – 190 с.
  4. Хорько Т.Г., Воскобович В.В. «Сказочные лабиринты игры» (Игровая технология интеллектуально-творческого развития детей 3-7). Санкт Петербург, 2007

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.