Home » Мақалалар » Киіз үйім- мақтанышым

Киіз үйім- мақтанышым

Бесинбаева Жания  Омирбаевна
Маңғыстау облысы
Қарақия ауданы  Бостан ауылы
Қарақұдық орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі

  Туған жерге, оның мәдениеті мен салт- дәстүріне
айырықша іңкәрлікпен атсалысу- шынайы париотизмнің
                                                        маңызды көріністерінің бірі.

 Н.Ә. Назарбаев
Киіз үй – тарихымыздағы ең алғашқы сәулеттік құрылыс. Көшіп-қонуға ыңғайлы жәдігер. Киіз үйдің жалпы салмағы  жасауымен есептегенде 300-400 келіге жуық. Бұл салмақты бір түйе еркін көтере алады. Жаз жайлауға, қыстауға көшкенде түйеге артып барып қоныстанған жерге тігіп отыратын. 4-5 адам азғана уақыт ішінде тігіп, жинайтын. Бүгінгі заманда киіз үй тек үлкен тойларда көрмеге  ғана тігілетін мұрағатқа айналды. Бұрынғы кезеңдерде дала қоңырауына айналған киіз үй жайлаудың сәні еді. Шопандар мен ауыл тұрғындары жаз шыға тігіп, қоңыр күзге дейін отыратын. Балаларының демалысқа шыққанын күтетін аналарымыз жарыса киіз үй жабдығын жасайтын. Жабағы жүнді соза түтіп, жіп иіріп, бояп, ширатып бау- басқұр, алаша тоқуды қолға алатын. 4-5-сынып оқитын қыз балаларға ермек үшін жел бау құрып берсе, 7-10-сынып қыздарына бау-басқұр, алаша тоқытатын.  Ал ер балалар керегелерді көктеп, арқан есіп, ширататын. Күзем жүн алған соң  көрші-көлем бірігіп жүн сабап, киіз, текемет басатын. Осылардан киіз үйдің туырлық, үзік, іргелік сияқты жапқыларын тыңдастыратын. Осылайша ұл-қызын ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін оятып, еңбекке баулитын. Бірігіп ұйымшылыдықпен жұмыс жасауға тәрбиелейтін.
Өзіміз қызықтап кіріп шыққан, жасауын жасаған киіз үйіміз бұл күнде ауылда да тігуден қалды. Тек қана мерекелік үлкен тойларда көрме үшін тігілетін деңгейге жетті. Ауыл шаруашылығы ыдырап, совхоздар тарағаннан кейін киіз үй жайлауда да тігілуден қалды. Өкініші сол оны жасап, қадірін білген адамдар қатарының  бұл күнде азайып бара жатқандығында. Оны жалғастыратын жастардың қызығушылығының аздығында. Себеп өзім білетін ауылдағы киіз үйлердің ауласында жабулы жиналып тұрғандығында.
Ақселеу Сейдімбек ағамыздың «Күмбір, күмбір күмбездер» атты еңбегін оқып отырсам көшпелі қазақтың  киіз үйінің құнының жоғары екенін көріп, бірі білсе, көпшілік елдің білмейтін сый құрметін көргендіктен баспа арқылы танытсам артық болмас деген оймен бөліскенді жөн көрдім. Ол кітаптан білгенім,  Николай 1-патшаға ішкі орда ханы Жәңгірдің әмірімен екі жыл бойы мәнерлеп жасалған киіз үй сыйға тартылыпты. Ал Отыншы Көшбай ағаның  кітабын оқып отырып, осы шығарманың жалғасын көргендей болдым. «Тургайская газетаның» 1903 жылғы 25-санында Әлкей Марғұлан «Казахская юрта и ее убранство» атты еңбегінде патшаға сыйға тартқан киіз үйін Зайсанның қазағы алтынмен аптап, күміспен күптегендігі туралы айтса, Алмас дегеннің киіз үйі 1861 жылы Париждегі халықаралық көрмеге қатысады. Ал Мейрам Жанайдаровтың киіз үйі 1876 жылы Петербургте өткен ориенталистердің үшінші конгресіне тігіледі. [«Атадан жеткен асыл тін» О. Көшбай 12-б].
Маңғыстау шеберлері жасаған киіз үйлерде ерте кезден өзінің жасауымен, әдемілігімен белгілі болған. 1980 жылы Жапонияда өткен Бүкіләлемдік этнографиялық көрмеде Маңғыстаулық киіз үй, яғни,  бейнеулік шебер Рзаева Сұлуханның жасаған киіз үйі қойылған. Жапон жеріндегі көрмеде маңғыстаулық киіз үйдің тұруы, әрине ұлт   мақтанышы.
Ұштағандық Атабай Тәкеновтың киіз үйі Алматыда, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайынан орын алса,  ұштағандық Тәжік Назаровтың үйі  Бостан ауылында жасақталып Астанадағы  Қазақстан Республикасы Президентінің Ұлттық мәдениет орталығында, ал Бақыт Бозжігітовтың үйі Алматыда, Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясында тігілген.
Астанадағы  ҚР Президентінің Ұлттық мәдениет орталығында тігулі тұрған Тәжік Назаровтың үйін көру үшін  қаншама жан атбасын тірейді. Қандай әсем жасақталған, 3 қабатта тігулі тұрған киіз үй көздің жауын алады. Ал , бірақ айта кетерлік жайт  осы киіз үйдің деректерінің жазылмай тұрғаны қынжылтады.  Николай 1-патшаға ішкі орда ханы Жәңгірдің тіккен киіз үйі туралы деректі  кейінгі ұрпақ танып білсе сол кездегі деректі жазып қойған азаматтардың арқасы, ал бүгігі күні Назаров Тәжік пен Ажар анамыз дайындап тіккен киіз үй дерегін тауып жазу қиын ба еді?
Осыларға қарап отырып ұлттық брендтің Жәңгір хан тұсынан бастау алғанын көруге болады.  Әр облыстың киіз үйді жабдықтауда өзіндік ерекшелігі болса, Маңғыстау халқының киіз үй жабдықтауындағы шеберлігін жоғарыда орын алып тұрған мұрағаттардан көру арқылы көз жеткізуге болады. Киіз үйдің айтулы жерлердің төрінен орын алып тұруы мен үшін мақтаныш. Кейінгі ұрпақ үшін үлгі болып, ел төрінде жарқырап тұра бергей. Киіз үйдің ауасы қандай таза!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.