Дюсембекова Меруерт Кундакпаевна
Қарағанды облысы Сәтбаев қаласы
Абай атындағы № 4 мектеп-лицейінің
ағылшын тілі пәнінің мұғалімі
Қазақстанның өркениетті мемлекеттердің қатарына ену стратегиясын жүзеге асыруы, отандық білім беру саласының мазмұны әлемдік білім кеңістігіне кіріктірілуі мақсатында жаңартылуы, оқыту мен тәрбиенің жаңа парадигмаларының пайда болуы заманауи білім индустриясын жетілдіруді талап етеді.
Білім қазіргі қоғамның ең маңызды мемлекеттік ресурстарының біріне айналуда. Әлемде болып жатқан заманауи үрдістерден қалмау үшін, еліміз барлық жаңалықтарды игеруде.
Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бағдарламасында «адам капиталының сапасын көтеру, оқыту стандарттарын жаңарту т.б» міндеттер көрсетілген [1].
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауында «…барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет» — деп атап көрсеткен болатын. Елбасының бұл тұжырымы адами капиталды дамытуда білім беру мекемелері мен оның басқа да субъектілері үшін стратегиялық бағыт болып табылады [2].
Осыған орай, педагогиканың бір саласы ретінде тәрбие мазмұнын да өзгерту маңызды факторлардың бірі. Себебі, жеке тұлғаның құндылық бағдары, ең бірінші тәрбие арқылы өлшенбек. Тәрбие мазмұнын, принциптері мен тұғырларын жаңаша тұрғыда құру ғылыми-теориялық талдауды қажет етеді. Біз қарастырып отырған тәрбиенің заманауи технологияларына тоқталып көрелік.
«Технология» ұғымы әртүрлі ғылыми аспектілердің зерттеуіне айналды.
М.В.Кларин «Педагогикалық технология — бұл педагогикалық мақсатқа қол жеткізу жолында қолданылатын әдістер мен әдіснамалық құралдардың жүйелі жиынтығы және жұмыс істеу реті»- деп анықтаған болатын[3].
Б.С.Гершунский технологияны білім беру мен тәрбиелеуде мұғалімнің шеберлігі, дағдысы, біліктілігі — деп түсіндіреді.
Ғалымдардың пікірлерін талдайтын болсақ, педагогикалық технология мақсатқа бағытталған мұғалім мен оқушы арасындағы екі жақты, жоспарлы, кешенді үрдіс.
Қазіргі қоғамдағы білім беру үрдісінің дамуы, педагогикалық инновациялардың мүмкіндіктері, жаңашыл мұғалімдердің тәжірибесі, психологиялық-педагогикалық зерттеулердің нәтижелері технологияларды саралап, жүйелеуді қажет етеді.
Технология ұғымы шеберлік, өнер туралы ілім болып табылады.
Тәрбие технологиясы – тәрбие мақсаттарына қол жеткізуге мүмкіндік беретін оқыту формаларының, әдістерінің, жолдарының, тәсілдерінің және тәрбие құралдарының жиынтығы. Бұл дамыту, оқыту және тәрбие процестеріне ықпал ететін тәсілдердің бірі.
Мектептегі тәрбие жұмысының негізгі мақсаты – дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, еңбекқор, іскер, бойында ізгі қасиеттер қалыптасқан, көшбасшылық қасиеттерді меңгерген жеке тұлғаны қалыптастыру.
Білім беру саласындағы отандық және шетелдік теоретиктер мен практиктердің көпшілігі мектеп, бірінші кезекте, оқушыларды социумда өмірге дайындауға, қоршаған адамдармен өзара іс-қимыл жасау дағдылары мен іскерліктерін қалыптастыруға, сондай-ақ қоғамның нормалары мен құндылықтарын меңгеруге бағытталуы керек деп түсіндіреді.
Мектептің тәрбие жүйесі объективтік және субъективтік факторлардың ықпалымен жүретін ұзақ мерзімді және күрделі процесс болып табылады. Тәрбие процесінің субъектілері: мұғалім, оқушы, ата-ана. Мектеп пен отбасы байланыста, сабақтастықта және үйлесімділікте өзара әрекет етеді. Мектепте тәрбие жұмысын ұйымдастыруда оқушылардың мына қасиеттерін дамыту көзделеді:
Оқушының белсенділігін дамыту
Жеке тұлғаның қоршаған ортаға гуманистік қатынасын туғыза отырып, оның адамгершілік қасиетін қалыптастыру
Жеке тұлғаның ішкі мотивтерін ояту
Бүгінгі оқушы ақпараттық ресурстарды терең меңгерген, заманауи қоғамның даму тенденциясы мен нарық сұраныстарына жауап бере алатын бірегей ерекшеліктері бар тұлға болып табылады. Осындай типтегі оқушылар мұғалімнен тәрбие жүйесін жаңаша ұйымдастыруды талап етеді.
Сондықтан да сынып жетекшісі оқушылар ұжымымен қарым-қатынас жасаудың белсенді әдістері мен технологияларын тәжірибесіне енгізуі қажет. Мектептің тәрбие процесінде төмендегі технологияларды қолдануға болады:
Диалогтық (сұхбат) технологиясы
Коллаж технологиясы
Топтық шығармашылық жұмыс
Жеке тұлғаға бағытталған технология
Іскерлік ойын технологиясы;
Сыни тұрғыдан ойлау технологиясы
Тьюторлық-педагогикалық қолдау технологиясы
Арт-терапия технологиясы т.б.[4].
Тәрбие технологиялары жеке тұлғаның ізгілік қасиеттерінің дамуына мүмкіндік береді.
Заманауи тәрбие технологиясының бірі -жоба технологиясы.
Жоба технологиясы арқылы оқушының зерттеушілік мәдениетін қалыптастыруға болады. Тәрбие проблемасына байланысты әртүрлі тақырыптар ұсынылады. Мысалы, «Отбасында баланы тәрбиелеудің әдістері», «Отбасы, мектеп және оқушы арасындағы сабақтастық», «Оқушыларды салауатты өмір салтына тәрбиелеу» т.б.
Жоба орындау барысында оқушының төмендегі қабілеттері қалыптасады:
Жұмысты орындауға деген талпыныс
Жаңа білімді іздеуге деген мотивация
Өз көзқарасын дәлелдеуге ұмтылу.
Жоба жазу оқушының аналитикалық ойлау қабілетін дамытады, шешім қабылдай алу іскерлігін қалыптастырады. Оқушыны ізденушілікке баули отырып, ғылым мен техниканың жетістігіне сәйкес өзінің кәсіби бағдарын айқындауға көмектеседі. Жоба әдісінде мына міндеттер жүзеге асады.
Оқушылардың танымдық іскерліктері мен дағдыларын дамыту
Ақпараттық кеңістікте бағдар ала білу
Өз бетінше жоспар құра білу
Ғылымның түрлі салаларынан білімді біріктіре білу
Сын тұрғысынан ойлау қабілеті.
Заманауи тәрбие технологияларының бірі – коллаж. Түрлі-түсті суреттерді жабыстыру арқылы әңгіме құрастыру оқушылының сөйлеу дағдысын дамытады.
Сыни тұрғыдан ойлау технологиясын қолдану арқылы тәрбие сағаттарын өткізуге болады. Түрлі тренингтер, сергіту сәттерін, топтық жұмыс жасау, шығармашылық тапсырмалар қолдану оқушылардың жеке қабілеттерін дамытуға және тәрбие үрдісін жаңаша ұйымдастыруға көмектеседі. Солардың ішіндегі ең бір ерекшесі, жаңа әдіс-тәсілдердің бір көрінісі – топтық жұмыста постер шығару.
Топтық шығармашылық жұмыс ынтымақтастық, гумандық педагогиканың бір формасы болып табылады. Оның ғылыми-әдіснамалық негізін қалаған ғалымдардың бірі Ш.А.Амоношвили. Гумандық педагогика идеясы адамды құндылық ретінде бағалау. Оқушының табиғи қасиеттері мен жеке ерекшеліктеріне байланысты оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыру. Топтық-шығармашылық технологияның мазмұны гумандық педагогиканың қағидалары мен өлшемдерін негізге алу болып табылады. Топтық-шығармашылық технология барысында оқушылардың рухани-адамгершілік, ізгілік қасиеттері қалыптасады.
Бірлескен оқу іс-әрекетінде оқушылар әлеуметтік және эмоционалдық тұрғыдан да дами түседі, өйткені олар өзгелердің көзқарастарын тыңдап, өз идеяларын айтуға және қорғауға мәжбүр болады. Жаңартылған білім мазмұнындағы оқу мақсаттары топтық жұмыстарға негізделген.
Тәрбие үрдісінде жиі қолданылатын технологиялардың бірі ойын технологиясы. Оқушылардың тілдік дағдысын қалыптастыру барысында грамматикалық ойындар қолданылады. Ойын технологиясы оқушының іскерлік қасиетін қалыптастырады. Әртүрлі грамматикалық тапсырмалар арқылы ойын сюжеті құрылады. Ойын оқушының тез ойлай білу дағдысын қалыптастырады. Ойын шарты алдын-ала белгілі болғанмен, ойын барысындағы күтпеген жағдайларда оқушы тез шешім қабылдай білуге жаттығады.
Ойын технологиясының ерекшелігі оқушының бойындағы білімділік, танымдық, шығармашылық қасиеттерін аша түседі. Ол оқушылардың ұйымдастырушылық, көшбасшылық мүмкіндіктерінің дамуына басшылық жасайды[5].
Отандық психологияда сурет терапиясы, изо терапиясы, құм терапиясы, музыка терапия, сонымен қатар арт-терапия кеңінен тараған. Арт -терапия жеке тұлғаның ішкі мүмкіндіктерін пайдалана отырып, шығармашылық белсенділігін арттыруға көмектеседі. Арт-терапияны мұғалім өзінің тәрбие жұмысын ұйымдастыру барысында қолданады.
Қорыта айтқанда, бүгінгі күні бәсекеге қабілетті білім кеңістігін құруға бағытталған қазақстандық тәрбие мазмұнының басты мақсаттарының бірі инновациялық технологияларға сүйене отырып, оқушының адамгершілік қасиеттерін дамытуға мүмкіндік жасау.
Осыған орай, бүгінгі мұғалім, тек ақпарат жиынтығын меңгертумен шектелмей, іс-әрекетін өздігінен тиімді ұйымдастыра отырып, шығармашылықпен жұмыс жасауға, күнделікті оқыту және тәрбие үрдісінде белсенді әдістерді пайдалануға, креативті ойлауды дамытуға белсенді әрекеттер жасауы қажет.
Пайдаланған әдебиеттер:
Назарбаев Н.Ә. Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бағдарламасы. — Нұр-Сұлтан, 2016 //www.akorda.kz/
Назарбаев Н.Ә. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы. — Нұр-Сұлтан, 2018 //www.akorda.kz/
Кларин М.В. Развитие педагогической технологии и проблемы теории обучения. Москва:Образование, -2004. С165.
Современные воспитательные технологии, их применение в работе классного руководителя. https://urok.1sept.ru/
Таубаев Қ.Б. Заманауи тәрбие технологиялары http://zkoipk.kz/ss2/923-conf.html