Home » Мақалалар » «Әділет» пікірталас орталығының бастамалары

«Әділет» пікірталас орталығының бастамалары

Тобылбаев Еркін Теміржанұлы
Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласы

№55 орта мектеп-гимназияның тарих
пәні мұғалімі, «Әділет» қалалық
пікірталас орталығының жетекшісі

 Тарихшы ретінде педагогикалық ұстанымым  — оқушы бойында азаматтық сана-сезімді тәрбиелеу. Азаматтық  ол – адамгершілік пен адами сезім, белсенділік пен жауапкершілік, тұлғааралық қарым-қатынас пен туған елге сүйіспеншілік. Осы міндеттерді сабақ мазмұнымен қатар, сабақтан тыс шараларда да жүзеге асырамыз. Пікірсайыс – осы бағытта атқарылып жатырған жұмыстардың бір бағыты.
          Ақтөбе облысында пікірсайыс қозғалысы Сорос қорының қолдауымен 1999 жылы келді. Алғашқы тренерлер Карл Поппер форматында дебат ойындарын өткізген. Кейін қозғалыс баяулап, 2010 жылдары Ақтөбе мектеп лигасының дебат үйірмелері тоқтап қалған.
2015 жылдың наурыз айынан бастап Ақтөбе қалалық білім бөлімінің ұсынысымен № 55 орта мектебінде тұңғыш рет «Әділет Кап» турнирі өткізіліп пікірсайыс қозғалысы өріс алды. Мектеп басшылығы пікірсайысшылар бастамасын қолдап, арнайы кабинет бөліп, турнирлерге демеушілік етіп ынталандырды. Ақтөбе облысы бойынша дебат клубтары құрылып, қалалық, облыстық, республикалық турнирлерінің жоспарлары жасақталынды. Ақтөбе облыстық білім басқармасы және Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының қолдауымен дебат бойынша оқыту тренингтері жыл сайын тұрақты жүргізіліп отырды.
Пікірсайыс немесе дебат грек тілінен «оқимын», ал француз тілінен «талқылау» деген мағынаны білдіреді. Дебат – аргумент арқылы жеңу. Онда қарсы тараптар қоғамды өз сөзіне сендіруі керек. Пікірсайыс – адамның                  ой-өрісін кеңейтетін құрал.
2015 жылдан бастап Ақтөбе қаласында пікірсайыс қозғалысын дамыту мақсатында құрылған «Әділет» пікірталас орталығының жұмысына жетекшілік етемін.
«Әділет» пікірталас орталығы – пікірсайыстарды ілгерілетумен айналысатын оқушылар клубы.
Пікірсайыс – бұл интеллектуалды ойын, белсенді жастар үшін – қоғамның болашақ көшбасшылары үшін перспектива. Қазір оқушы үшін ойын жеткізіп айта білу өте маңызды. Пікірсайыста маңыздысы – аргумент, бірақ әртүрлі риторикалық әдістер, аудиториямен жұмыс жасау қабілеті ескеріледі. Ол – шешендік өнердің бір түрі, риториканың бір бөлігі. Кез келген тақырыпты талқылау сыни ойлауды қалыптастырады. Өткізілетін ойындар пікірсайысшының өз эмоциясын басқара білуге, өзара татулыққа, командада жұмыс жасауға, проблеманы шеше білуге баулиды. Жас пікірсайысшыларды ойыннан кейін қарсыласының айтқан сөзін көңіліне алмауға, төзімді болуға, мәселені жан-жақты қарастыруға шақырамыз. Пікірсайыстар жауапты шешім қабылдау, автономия және өркениетті демократиялық қоғамда қажет басқа дағдыларды дайындауға үлес қосады. Пікірсайысшы әрқашан қоғамда болып жатқан оқиғаларды біліп, талқылап, өзіндік қорытынды шығаруды үйренеді.
Пікірсайыс қазіргі заманғы қоғамдағы ең қажетті дағдыларды дамыта алады. Шығармашылық, логика, тіл тазалығы, ойдың ұшқырлығы, икемділік пен бейімделу, қарсыластың пікірін ескеру, талдау мен синтез, көшбасшылық, жақсы үйлестірілген командалық жұмыс, жауапкершілік және сыни ойлау т.б. дағдылар пікірталастар ойындарында шыңдалады. Турнирлерге қатысқан оқушыларымыз  тұлға ретінде дами түседі.
Әр сенбі сайын мектепішілік сайыстар ұйымдастырылса, әр тоқсан сайын қаламызда «Әділет» пікірсайыс клубының кубогы үшін турнирі өтеді.
Шәкірттерім республикалық турнирлерде топ жарды. Бірнеше жыл қатарынан үздік дебатерлар жоғары оқу орындарына грант ұтты.
«Ақтөбе» облыстық телеарнасында дебат ойындарын апта сайын көрсететін тұрақты бағдарламалар түсірдік. Ақтөбе пікірталас орталығының ұйымдастыруымен «AQTO’BE» телеарнасының «Елім менің» бағдарламасы, «Білімді жастар — ел ертеңі» атты пікірсайыс турнирінің түсірілімін жасап, құрметті қонағы болды. Пікірсайыс турниріне Ақтөбе облысының барлық пікірсайыс клубтары қатысып, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» баяндамасын насиxаттау мәселелері қозғалып, өзекті ойлар айтылды. Қазіргі таңда Ақтөбе пікірсайысы оқушы бос уақытын тиімді ұйымдастыруда апта сайын турнирлер өткізіп, қоғамдық акцияларына белсене қатысады. Жанымнан бір елі қалмай, өз позицияларын бар ынтамен қорғайтын балаларды көргенде бағытымның дұрыстығын сеземін.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы және Астананың 20 жылдығы қарсаңы аясында ұйымдастырылған «ZHUBANOV CUP» республикалық пікірсайыс турнирінде оқушым Есенов Темірлан жүлдегер атанды.  Сонымен қатар, Атырау, Орал, Ақтау қалаларының пікірсайысшыларымен тығыз қарым-қатынас қалыптастыра алдық.
Ақтөбе мектеп лигасы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «Шабыт» ЗПК, «Ритор» ЗПК, «Заман біздікі» ИЭО клубтарымен тұрақты байланыс орнатқан.                       Ал аудандарға келетін болсақ, Хромтау, Ойыл, Мартөк, Темір, Байғанин аудандарында дебат клубтары жұмыс жасайды, «Пікірсайыс технологиясы -заман талабы» атты факультатив курсы Ақтөбе қаласы білім беру ұйымдарында үйірме ретінде жүргізіледі.
2019 жылдың қаңтар айында Республикалық Ұшқыр ой алаңы турнирінде Ақтөбе облысы командасы жүлделі І орын иеленіп, Үздік делегация атанды.
Осылайша ерікті ретінде облысымыздағы пікірсайыс өнерін дамытуға өз үлесімді қосып жүрмін. Шәкірттеріміздің өзіндік пікірі мен сыни ойлау дағдысы, азаматтық сана-сезімдері дамып, қоғамға пайдасы тиетін азамат болып қалыптасады деп сенеміз.
Анықтамалық әдебиеттер:
Макатова Ж.А. Развитие гражданского воспитания в школах Казахстана в 1917-1930 гг.:дис. …канд.пед.наук: 13.00.01. – Алматы, 1994. – 154
http://balbal.kz/tanyim/pikirsayyis-tarihyi-zh-ne-onyi-zamanaui-t-rleri/
https://cyberleninka.ru/article/n/debaty-kak-uchebnaya-igra-v-vuze

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.