Home » Мақалалар » Дәстүрлі дода дүбірі

Дәстүрлі дода дүбірі

 Көктемнің ең сұлу мамыр айының 16-17 жұлдызында Халықаралық білім беру корпорациясында жаңартылған оқу корпустарының ресми тұсау кесер іс-шарасы өткізілді.

Бұл салтанатты іс-шара аясында көпшілік назарын өзіне аударған Еуразия сәулет, құрылыс және дизайн мектептерінің Халықаралық фестивалінің жұмысы ерекше болды. Бұл Фестивальдың дүниеге келіп, одан әрі даму тарихы ертеден басталады.

Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының президенті, академик Әмірлан Айдарбекұлы Құсайыновтың ерен еңбектерінің арқасында бітіруші түлектердің дипломдық жұмыстары өз елімізде ғана емес, шет елдік мектептерде де танымал болу мүмкіндігіне ие болды. Бітіру жұмыстарының сайысы бұл тек бір жетекшінің жұмысы ғана емес, тұтастай бір мектеп жемісі деп қарастыратын болсақ, мұндай шаралар өз ара тәжірибелер алмасу, біліктілікті жоғарылату және өзін басқаға таныту жолында жоғары оқу орындары үшін өте қажетті жағдай болды. Көреген басшының ұшқыр қиялының арқасында бұл жағдай жыл сайын өткізілетін салтанатты шара түрінде беркіп, қанатын кеңге жая бастады.

Ең алғашқы І Халықаралық фестиваль  Түркияның Малтепе университетінде 2009 жылы өткізілді. Фестивальдің алғашқы тұсауын ҚазБСҚА президенті Ә.А. Құсайынов пен  ТҮРКСОЙ Бас хатшысы, профессор Д.Қ. Касейінов  бірлесе кесті. Бұл фестивальдің басты ерекшелігі — бітіру жұмыстарының сайысы тұңғыш рет шет елдік университет қабырғасында өткізілуімен құнды болды.  ҚазБСҚА — шетелдік жоғары оқу орнында ауқымды іс-шара өткізген ең алғашқы қазақстандық жоғары оқу орны ретінде танылды және бұл тек біз үшін емес, жалпы Қазақстан Республикасы бойынша сәулет-құрылыс саласында мамандар дайындайтын барлық ЖОО үшін ерекше жағдай болды. Әр жылдары кейінгі өткізілген Халықаралық фестивальдардың бағдарламалары жаңарып, ұйымдастыру шеберлігі арта  түсті, қатысуға ниет білдірген елдер саны мен жобалары санының динамикасы артты.

Биылғы 2024 жылы, XІ Халықаралық фестиваль, Халықаралық білім беру корпорациясының негізінде өткізілді.  Бұл халықаралық байқауға Еуразия сәулет, құрылыс және дизайн мектептері қатысатын болғандықтан, фестиваль жұмысы «Сәулет», «Дизайн», «Құрылыс», «Құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын өндіру», «Геодезия және картография» мамандықтары бойынша талапқа сай іріктелген бітіру жұмыстары өз ара сайысқа түсті. Сайыс мақсаты бойынша — қатысушы әр жоғары оқу орны өз мектебін көрсете отырып, түлектерінің үздік танылған бітіру жұмыстарымен таныстырады, озық тәжірибелерімен бөліседі және Еуразия елдерінің жоғары оқу орындарымен тығыз шығармашылық байланыс орнатуға, ынтымақтастықты күшейтуге, білім беру бағытындағы күрделі мәселелерді ортаға жаңашыл ой тастау, білім беру сапасы мен дамуын қамтамасыз ететін тың ұсыныстарды (оқытушылар мен студенттер үшін академиялық  ұтқырлық мәселесі, магистранттар мен докторанттардың ғылыми тәжірибелік жұмыстарына жетекшілік, қос диплом алу мүмкіндігі және т.б.) үйлестіруді қарастыру арқылы бірлесе шешуге ниеттестігі айқындалады.

Өзіміз еңбек ететін жалпы құрылыс факультеті еліміздің құрылыс саласына қажетті болашақ мамандарды дайындайтын болғандықтан, Халықаралық фестивальдің «Құрылыс» мамандығы бағытындағы жұмысымен кеңінен таныстырып өтейік.

Бұл мамандық бойынша түлектердің халықаралық байқауға түсетін бітіру жұмыстары алты номинация бойынша қабылданады. Олар «Ғимараттар мен имараттарды жобалау және есептеу», «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс технологиясы», «Көлік құрылысы», «Инженерлік жүйелер мен желілер», «Бейіндік магистратура» және «Ғылыми және педагогикалық магистратура» деп аталады.

Халықаралық байқауға қатысу үшін әуелі бітіру жұмыстарының Республикалық байқауы өткізіледі. Ол жұмыстар Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің сәулет-құрылыс және дизайндық бейін мамандықтары бойынша оқу-әдістемелік бірлестігінің басшылығымен ұйымдастырылады. Байқау нәтижесі бойынша іріктеліп алынған үздік жұмыстарға әртүрлі дәрежедегі диплом түрінде жолдама беріледі, былайша айтқанда, жүйріктің жүйрігі ғана халықаралық деңгейге шығады.

Енді Халықаралық фестиваль аясында өтетін халықаралық байқау жұмыстарының барысы жөнінде түсінік бере кетейік. Бұл жұмыстар университет басшылығы мен сәулет-құрылыс және дизайндық бейін мамандықтары бойынша оқу-әдістемелік бірлестігінің қатар ұйымдастыруы арқылы жүргізіледі. Республикалық байқау өткізілгеннен кейін, Фестивальды ұйымдастырушы комитет халықаралық бөлім арқылы Еуразия елдеріне халықаралық сайыс өтетін уақытын белгілеп ресми хабарламалар жібереді.

Әр елден сайысқа келіп түскен бітіру жұмыстарын мамандық және номинация бойынша жинақтап отыратын жауапты адамдар белгіленеді. Жинақталған жұмыстардың қабылданған талапқа сәйкесті дәрежесін бағалау үшін халықаралық сарапшылар, яғни тәжірибелі мамандар мен білікті ұстаздардан құралған қазылар алқасы беркітіледі.

Әрбір номинация бойынша құрамы бес адамнан тұратын алқа мүшелері ретінде әр елден, әр жоғары оқу орындарынан өз мамандығының шебері, еңбегі елеулі, тәжірибелері мол, жаңашыл көзқарастағы оқытушылар тартылды.

Мысалы, шет елдерден София құрылыс және геодезия университетінің профессоры Трайкова Марина Дончева, Томск мемелекеттік сәулет-құрылыс университетінің доценті, Ресей ғылым академиясы сыйлығының иегері, т.ғ.к. Пахмурин Олег Равильевич, Түрік Әлемінің сәулетшілер және инженерлер одағының бас хатшысы Илияс Демирчи, Польшаның технологиялық университетінің профессоры Бартош Пъентек, Қырғызстанның сейсмикаға төзімді құрылыс бойынша сарапшылардың халықаралық қауымдастығының жетекші инженері Стамов Айдарбек Кубатович, Ұлы Петр атындағы Санкт-Петербург политехникалық университетінің доценті, т.ғ.к. Новик Анатолий Николаевич, Тюмень индустриялық университетінің профессоры, т.ғ.к. Максимова Светлана Валентиновна, Молдова техникалық университетінің доценті, т.ғ.к. Вера Григорьевна Гуцул, Кырғызстанның Халықаралық инновациялық технологиялар университетінің профессоры, т.ғ.д., проректор Матыева Акбермет Карыбековна, ал Қазақстан Республикасы бойынша — М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, т.ғ.к. Үсенбаев Болат Үсенбайұлы, ХБК ЖҚФ профессоры, т.ғ.к. Полякова Ирина Марковна, ЖҚФ құрметті профессоры, т.ғ.к. Джартаева Диляра Карсыбаевна, «Сұлутөр» ЖШС бас директоры, «Сәулет және құрылыс» бағыты бойынша мамандар даярлауға тапсырыс берушілер кеңесінің мүшесі, т.ғ.к. Жаутиков Ергазы Жанабаевич, ЖҚФ «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к. Сейтказинов Оразалы Дауткалиевич, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің профессоры, т.ғ.к. Усенкулов Женисбек Амантаевич, ЖҚФ профессоры, т.ғ.д. Ауесбаев Ерлан Тыныштыкбаевич, ЖҚФ профессоры, т.ғ.д. Хомяков Виталий Анатольевич, ЖҚФ «Инженерлік жүйелер мен желілер» кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к. Абиева Гулдана Солтановна, Л.Н. Гумилев  атындағы Еуразия Ұлттық университетінің  аға оқытушысы Абдукаликова Гульнара Момыновна, ЖҚФ деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары Алдабергенова Ғазиза Бауыржановна, Торайгыров университетінің  кафедра меңгерушісі, PhD Жукенова Гюльнара Абаевна, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің доценті, т.ғ.к. Махиев Бекбулат Еспулович сияқты білікті мамандар, танымал ғалымдар мен өндіріс басшыларынан құралған салиқалы қазылар алқасы ЖҚФ деканы, профессор Молдамуратов Жанғазы Нуржановичтің төрағалық етуімен, сайысқа түскен барлық жобаны берілген уақыт ішінде талдап, сараптан өткізіп, тиісті бағасын берді. ҚазБСҚА бойынша басқа мамандықтарды есептемегенде, тек құрылыс мамандығы бойынша 5 елден 20 жоғары оқу орны қатысып, 93 жоба сайысқа түсті.

Қазылар жұмысы онлайн тәртіпте жүргізілетін болғандықтан, байқау жұмыстары Халықаралық білім беру корпорациясының ортақ поштасы арқылы, бағалау критерийімен бірге жіберілді. Барлық жұмыс ашық түрде шынайы жүргізілгендіктен алқа мүшелерінің бағасы тәуелсіз, шешімдері еркін болды.  Ортақ шешім қажет болған жағдайда ZOOM, Microsoft Teams онлайн платформалары арқылы талдаулар жүргізілді.

Халықаралық тәуелсіз сарапшылардың әр жобаға берген бағалары бір ортаға жинақталып қорытындылары белгіленді. Әрбір номинация бойынша жүлделі орындар саны қабылданған ереже бойынша анықталып, 1-ші, 2-ші және 3-ші дәрежелі дипломдармен марапатталды. Байқауға қатысқан барлық жобаларға  сертификаттар берілді.

Сарапшылар жобаларды талдау барысында бітіру жұмыстарына сын көзбен қарап, білім беру стандарттарының ережесіне сай болу талабын ұстанды. Қазылар алқасының қорытындысы бойынша бітіру жұмыстары  жоғары бағаланған шетелдік және отандық оқу орындары алқа мәжілісінде атап өтілді.

Осы жерде ерекше айтып кеткіміз келетін жәйт — Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының бакалавриат және магистратура бағытындағы бітіру жұмыстары халықаралық қазылар алқасының бірауыздан мақұлдаған жоғары дәрежедегі тиісті бағасын алды. Магистрлік диссертациялар тақырыбының өзектілігі, оның теориялық пайымдарының ХБК замануи қондырғылармен жабдықталған ғылыми зерттеу лабораториялық кешендерінде жүргізілген тәжірибелермен нақты дәлелденіп беруі, бакалавриат бойынша дипломдық жобаларда ғылыми элементтердің болуы – бітіру жұмыстарының заман талабына сай толыққанды салиқалығын көрсетті. Кейбір диссертациялық жұмыстардың өндірістік тапсырма негізінде жүргізілген арнайы зерттеулері мен практикалық құндылығы баса айтылды. Бакалавр бағдарламалары бойынша мамандар дайындауда – мемлекеттік, ағылшын және орыс тілдерінде шектеусіз білім алу мәселесі жолға қойылған, яғни бітіру жұмыстарын түлектер қай тілде жазамын десе де ерікті. Бұл жағдайдың да сарапшылар тарапынан қолдау туғызғанын үлкен жетістік санаймыз.

Алыс-жақын барлық елге жақсы танымал болып жылдан жылға дүбірі алысқа жетіп, қанатын кеңге жайып келе жатқан Фестивальға қатысу қандай жоғары оқу орны болса да мәртебе саналады және  бұл іс-шара, шын мәнінде өз тәртібі мен ұстанымдары қалыптасқан халықаралық мерекеге айналып келеді.
     

Халықаралық сарапшы ретінде уақытымен санаспай еңбек еткен, байқау жобаларын талдаудан өткізген қазылар алқасына Халықаралық білім беру корпорациясының ректоры атынан Алғыс хаттар жолданды.

Мазмұны мен құрылымы жағынан, ХБК ұстанған академиялық саясаты мен миссиясына толық сәйкес келетін, екі күнге созылған дүбірлі дода өз мәресіне абыроймен жетті деп айта аламыз.

Халықаралық білім беру корпорациясының ізгі миссиясының бағдарламаларымен сәйкесті білім алып, тәрбиеленген студент жастарымыздың терең білімді, озық ойлы, жаңадан қорықпайтын батыл да іскер маман болып қалыптасатынына сенімдіміз!

Ажгалиева Бану Аккуановна, Молдамуратов Жанғазы Нуржанович, «Жалпы құрылыс» факультетінің профессорлары, «Құрылыс» мамандығы бойынша  Республикалық оқу-әдістемелік бірлестігінің мүшелері.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.