Home » Мақалалар » Ұстаздық – ұлық емес,  ұлы қызмет

Ұстаздық – ұлық емес,  ұлы қызмет

                                                          Алгамбарова Ботагоз Ермековна,
Екібастұз қаласы
Абай Құнанбаев атындағы
№2 жалпы орта білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

 «Білім — біліктілікке жеткізер     баспалдақ,

Ал біліктілік — сол білімді іске асыра білу дағдысы»
А.Байтұрсынов


         Адам бойындағы ең асыл қасиеттер — ізгілік пен білімділік. Ал адам жанына осы асылды дарытушы — мұғалім. Елбасымыздың сөзінде: «Мұғалімдер — қоғамның ең білімді, ең отаншыл бөлігі. Сіздер біздің балаларымызды өсіріп, олардың ақыл-ойын жетілдірудесіздер. Олар үшін кейде ата-аналарына қарағанда сіздердің беделдеріңіз үлкен» — деп, мәртебемізді көтереді.
Мемлекеттің идеологиясы, халықтың дәстүрі мен құндылықтары, адамзаттың асыл қасиеттері, ғылым мен өнердің мұралары ұстаздар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жол тартады.
Ұстаз өнегесі әрбір мектеп бітіруші түлектің өміріне жол сілтер шамшырағы секілді болады.
Ақын Шәкәрім атамыз «Адамның жарқын өмір сүруіне үш сапа негіз болады. Ол барлығынан басым болатын-адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек» — деген екен. Осындай таза, мағынасы терең қағиданы бойына сіңіріп, мектеп қабырғасында тәрбие мен білімді қатар дәріптеп жүрген ұстаздар бар. Осы күнге дейін «Қара шаңырақ» аталып жүрген Екібастұз қаласының Ұлы Абай атындағы №2 жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Күнзираш Шыныкулова да сол қадірлі ұстаздардың қатарынан.
Кунзираш Асанбаевна – білім саласында көп жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі әрі білікті маман. Оның жеткен жетістіктері мен алған марапаттарына қарап, атқарған қажырлы еңбегінің де ауқымын оңай аңғаруға болады. Бүгінде бір өзі ғана емес, шәкірттері де қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда жүзден жүйрік атанып, мектеп ұжымын жүлделі жеңістерімен қуантып келеді. Күнзираш Шыныкулова 2016 жылы «Жаңа формация» қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері арасында өткен облыстық сайыста І орынға, 2019 жылы республикалық «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы бойынша ауызша олимпиадада командалық Бас жүлдеге ие болып, 2017 жылы «Сәтпаев оқуларына» оқушысы Куспекова Даметайды даярлағаны үшін ғылыми жетекші ретінде Алғыс хатпен марапатталды. Сондай-ақ, 2019 жылы халықаралық «Сәтпаев оқулары» жұмысы жинаққа енгізіліп, Алғыс хатпен марапатталды. Бұдан басқа, 10-11 сыныптарға арналған «Тіл және қарым-қатынас», 5-7 сыныптарға арналған «Сахна «, «Шешендік өнер» деп аталатын авторлық бағдарламалардың авторы. Ұстаз еңбегі – шәкірттерінің меңгерген білімімен өлшенетін болса, Күнзираш ұстаз бұл жағынан да қалыс қалған емес. Оқушылары мектеп бағдарламасын саналы меңгеріп, шығармашылық талпыныстарын жүйелі дамыту үстінде. Олардың ішінен: 2015 жылы облыстық «Проба пера» шығармашылық сайысында поэзия бағыты бойынша І орынды, «Ақберен» жас ақындар сайысында ақындық талабымен көпшілікті тәнті етіп, жүлделі ІІІ орынды олжалап қайтқан Амангелді Айсана мен проза бағыты бойынша І орынға ие болған Бабылбек Аянды мақтанышпен атай аламыз. Ал, білім көкжиегін биік мінберлерден көрсетіп, тарихта өз қолтаңбаларын қалдырып жүрген таланттарымыз – Амангелді Айсана мен Сыздыков Даулет 2015 жылы «Жаңа қазақстандық патриотизмді Ұлы Отан соғысы батырларының ерліктері негізінде тәрбиелеу» атты республикалық ғылыми-теориялық конференцияға қатысып,  баяндамалары жинаққа енгізілді.
Біз әріптесіміз – Күнзираш Асанбаевнаны – өз ісінің шебері, ізін басып келе жатқан жас ұстаздарға үлгі-өнеге, мектебіміздің мерейлі мақтанышы деп білеміз.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.