АРМАНДАР ОРЫНДАЛАДЫ
(Әңгіме)
Аяулым емтихан қорытындысын ести салысымен, үйіне жетуге асықты. Бірақ, құрбысын қалайда көріп кеткісі келіп, күте тұруға бекінді.
Гүлназ – Аяулымның он жыл бірге оқып, бір партада қатар отырған ең жақын құрбысы. Ол он бірінші сыныпты қалада оқыса, Аяулымның ата-анасы «жоғары оқу орнына түсуге септігі тиер» деген оймен мұны ауылға ата-әжесінің қолына жіберген. Кішкентай кезінен атасы сияқты заңгер болуды армандаған Аяулым бұл ұсынысқа қарсы бола қоймады, есесіне, соңғы сыныпты үздік бітіруге бар күшін салды. Ара-тұра ватцап арқылы жазысып тұрғаны болмаса, бір жыл бойы екеуінде де кездесетіндей мүмкіндік болмады. Кеше кешкісін емтиханнан кейін университет кітапханасында жолығатын болып келісіп қойған. Сүйікті құрбысына өзімен бірге ала келген сыйлығы да жоқ емес. Маржандай аппақ моншақтардан тізіп, өз қолымен жаға тоқып әкелді. «Құрбысына ұнамай жатса, тағы да көрермін» деп ойлады ол. Емтиханнан шыққалы да екі сағаттай өтті. Күте-күте шаршаған соң, бағана бір-екі рет телефон да шалды, бірақ неге екені белгісіз, ешкім жауап қатпады. Енді қайтадан мазалауға жүрегі дауаламай, екі ойлы күйде тұрған жайы бар…
Қалай болғанда да, бүгін Аяулым үшін ерекше қуанышты күн! Жыл бойы күн-түн демей дайындалған еңбегі ақталып, ең жоғары баллмен өзі ұнатқан оқу орнына қол жеткізіп жатса, қуанбағанда қайтсін..?! Ол енді санаулы жылдар ішінде жоғары білімді заңгер атанады. Аламан жарыста топ жарған сәйгүліктей жүрегі алып-ұшып өз-өзіне алғаш рет сондай риза болып тұр.
Сынақ тапсырған соң, Аяулым құрбысын іздеп кітапханаға барған. Оқу залында шамалы ғана жастар отыр екен. Кітапханашы студенттер алған кітаптардың тізімін толтырып жатыр. Сәл шеткеректеу тұрған екі-үш қыз журналдар тұрған сөрені ақтарып, әлде нені іздеп әлек. Бөлме ішін қанша қараса да, құрбысы көрінбеді. Көңілі түсіп, кітапханада қайтіп бөгелгісі келмей сыртқа шықты. Аспан шайдай ашық. Шамалы салқын жел тұрыпты. Таңертең келгенде күн бұлттанып, жаңбыр себелеп тұрған-ды. Университет дәлізіне кіргені сол екен, құдды бұны күтіп тұрғандай, нөсерлетіп ала жөнелді. Енді міне, қала көшелерінің шаңы басылып, көпқабатты үйлерді көлеңкелеп тұрған алып теректер мен жол жиегіндегі жасыл желектер шаң-тозаңнан тазарып, бұрынғысынан да сұлуланып кеткендей. Ауа – тап-таза, тұп-тұнық. Көкірегіңді керіп, толассыз жұта бергің келеді.
Бағанағыдай емес, білім ордасының атшаптырым ауласында сынақ нәтижесін білуге келгендердің қарасы кәдімгідей сиреп қалыпты. «Құлағандарына» сенер-сенбесін білмей тұр ма, әлде таныстарының аты-жөнін іздеп жатыр ма, әйтеуір тізім ілінген тақтаның жанынан қадалып әлі кете алмай тұрған біраз талапкерді көзі шалды.
Құрбысымен енді кездеспейтінін түсінген ол аялдамаға қарай бет алды. Жол бойында шағын көлшіктер пайда болып үлгеріпті. Ерсілі-қарсылы зулатқан көлік жүргізушілері лай су «жол жиегімен жүріп бара жатқан адамдардың үсті-басына шашырайды-ау, жылдамдықты азайтайын» дегеннен гөрі оны барынша аямай шашқандарына айыздары қанып, риза болып бара жатқандай көрінеді. Алға қарай үш-төрт қадам жерде трамвай жүретін шойын қара жол жатыр. Жалпы, трамвай — автобусқа қарағанда, әлдеқайда жайлы әрі қаланы асықпай аралауға қолайлы көлік. Өткен жолы «Транспорт түрлері» деген тақырыпқа байланысты мәліметтер іздегенде ол Алматы, Өскемен, Теміртау, Жаңаөзен, Павлодар сияқты санаулы қалаларда болмаса, көп жерде кездесе бермейтінін интернеттен оқыған болатын. «Қызық, трамвайды мүлде жүргізбей қойса, не болады екен, иә?» дейді ол жақындап қалған жыланбауыр темір тұлпардан көздерін алмаған күйі қызыға ойға батып.
Аяулым жолдан өтіп, аялдамаға да жетті. Иәә… бүгін мен үшін ең сәтті күн! Тек, Гүлназды жолықтырғанымда бұдан да керемет болар еді, — дейді ол көңілі құлазып.
Ендігі ойы – үйге тез жетіп, қуанышты жаңалығымен бөлісу!
Иә… бәрінен бұрын оқуға түскенін, айтсаңшы! «Бәлем, қазір үйге барған соң, бәрінен жақсылап тұрып сүйіншімді жинап аламын. Тура бермей көрсін..! Алдымен, атам мен әжеме барамын, сосын әкем мен анама! Шіркін, ауылдағы әпкем мен ағам естісе қалай қуанады екен, ә? Естерінен танатын шығар… Әжем бұдан былай мені үйге келген кісілердің бәріне мақтайтын болады. Иә, иә… көресің, дәл солай болады!». Атасы мен әжесінің ерке қызы қуанышы қойнына сыймай өз-өзінен масаттанып тұр. Басын сәл қисайта жоғары көтеріп, кекілі мен қос бұрымын қоса жұлқылаған тентек желге бетін тосып еркелеп қояды.
Көп ұзамай, ырғала жылжып икарус та келіп жетті. Сабылысқан көппен бірге бұ да ішке кіріп, өзіне қолайлы орын іздей бастады. Кондукторға жолақысын төлеп, салонның артқы бөлігіндегі жалғыз орындықтардың біріне жайғасты. Он бес минуттық жол асыққанда он бес сағатқа айналып кеткендей көрінді. Міне, оның аялдамасын хабарлап жатыр. Автобус тоқтамай жатып-ақ, бұл есіктің алдына жетіп үлгерді. Тезірек сыртқа шыққысы келді. Есік ашыла сала, аяғы-аяғына жұқпай үйіне қарай жүгіре жөнелді.
Аяулым ертегідегі қанатты періштелердей айналасын нұрға бөлеп, самал желмен жарысып қалықтап бара жатқандай. Ол тағдырының осынау өзіне жасаған тамаша сыйына шексіз риза. Бүгін ол өз болашағы үшін аянбай күресіп, жеңіске жетті. Бұл – оның ең үлкен жетістігі әрі ақ, адал еңбегінің нәтижесі болатын. Осыны сезінген сайын өн-бойын шаттық кернеп, өзіне деген сенімі ұлғая түседі. Әдемі ғана алқызыл еріндері әлсін-әлсін әлдене деп күбірлеп қояды. Қуанғаннан екі езуі жиылар емес.
Қос бұрымы жотасында ойнақтаған еліктің лағындай ғана сүйкімді ару ұзын көшені бойлаған күйі көз жиегінен бірте-бірте алыстап ұзап барады … .
Айгүл МОЛДАШ,
«BILIM AINASY» газеті,
Павлодар қаласы.