Гульшат Дуймбаева
Жеңіс! Жеңіс тебіренткен бар жанды,
Қуаныштан жанарлардан жас тамды.
Халқым аңсап,күткен ізгі үмітпен,
Бейбіт күннің ұлы маршы басталды.
Ұлы Отан соғысы аяқталғанына да 75жыл болды. Жеңіс мерекесі-бейбітшілік сүйгіш бүкіл адамзат қауымының мерекесі. Бұл біздің ең қасиетті да қастерлі мерекеміз. Жеңіс күні 9- мамыр –бүкіл дүниежүзі бойынша үлкен мейрам. Әсіресе, бұл мерекені екінші дүниежүзілік соғыстың бар ауыртпалығын өз мойнымен көтеріп, отан үшін от кешіп, соғыстың қанға бөккен даласында қайсарлықпен шайқасқан, Ұлы Отан соғысының ардагерлері үшін ерекше мейрам.
Аз емес зар жылаған, егілген жан,
Аз емес өшкен өмір, төгілген қан.
Кеудеге зілді қасірет салды соғыс.
Қирады талай арман көңілге алған.
Осы бейбіт өмірге жете алмаған, ерлікпен қаза тапқан әкелеріміз бен аналарымыздың рухына бас иіп, еске алайық.
Әлемді дүр сілкіндірген оқиға 1941 жылы маусымның 22-де болған еді. Сол сұм соғыстың Кеңес одағының бірлігі мен достығының арқасында 1945 жылы 9 мамырда Ұлы Жеңіспен аяқталды.
Мен бүгін Тарғынов Дүйімбай, кәкем туралы әңгіме жазбақпын. Кәкем 1913 жылы Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, қазіргі Жыңғылды аулында мал баққан шаруа отбасында дүниеге келген. Ауылдағы мектептен сауат ашып, белгілі бір кәсіпті игеруге ұмтылған жас 1935 жылы Красноводскіге барып, теңіз агенттігінде құрылысшы болып жұмыс жасайды. Осында ағаш шебері мамандығын игеріп шығады. Оқушы кезімде кәкем үйдегі барлық жиһаздарды қолдан жасайтын. 1939 жылдың қазан айында Форт-Шевченко аудандық әскери комиссариаты арқылы кәкемді бір топ жастармен бірге кеңес армиясы қатарына алынады. 1940жылы Филяндиямен соғыс басталып,оларды соғысқа жібереді. Фин соғысына қатынасып қайтқан соң өзі қызмет етіп жүрген 60-армияның бөлімшесіне оралады.
Ұлы Отан соғысы басталған бойда кәкемнің дивизиясы әйгілі «Тихвин» операциясына қатысады. Ленинград майданының белортасында жүріп, қаланы блокада құрсауынан құтқару операцияларына қатысады. 1942 жылы Ленинград түбіндегі Чуд көлі маңында немістің дзотын жою үшін 10 жауынгерге бұйрық беріледі. Бұл аса қатерлі тапсырманы орындаған жауынгерлердің барлығы да жараланады. Кәкем алған ауыр жарақатынан кейін Куйбышев қаласындағы әскери госпиталға жіберіледі. Ақыры осы жарақатынан жарамсыз болып елге қайтады.
Ел ішіндегі ауыр соғыстың зардабын жарақатына қарамастан, ел ішіндегі мал фермасының меңгерушісі болып қызмет етеді. Соғыс аяқталысымен Форт-Шевченко қаласындағы Ленинград экспедициясында 15 жыл табан аудармастан ағаш шебері болып жұмыс жасайды. Кейін қаладағы автотранспорт мекемесінде ағаш шебері болып жұмыс жасап, сол жерден зейнеткерлікке шығады. Ұлы Отан соғысының мүгедегі.
Ұлын ұяға, қызын қияға ұшырған абыройлы отбасының басшысы болды. Кешегі майдангер, ардагер әке жарқын өмірдің жақсылығын айтудан жалыққан емес, сонысымен де елге сыйлы болды. Кәкем 2004жылы 91 жасында дүниеден озды.
Форт-Шевченко қаласының көшесінен Тарғынов Дүйімбай кәкеме көше атауы берілді. Ұлы Отан соғысына қатысқан аталарыма, аналарыма мың тағзым!!!
Жеңіс туы,
Жеңіс туы
Желбіресін мәңгілік!
Жеңіс жыры,Жеңіс жыры
Асқақтасын жаңғырып!