Маңғыстау облысы
Ақтау қаласы
«№2 орта мектебі» КММ
орыс сыныбының қазақ тілі пәні мұғалімі
Амирханова Гульжайнат Мусаевна
Бүкіл әлем қырық құбылып тұрған шақ. Осындай сәтте елге келген індет дүниені дүр сілкіндіріп, елең еткізгені анық. Бұл індет Қазақстанды да айналып өтпеді. Президентіміз Қасымжомарт Кемелұлы халықаралық және көршілес елдердің тәжірибесіне сүйеніп, төтенше жағдай жариялап, сақтық шараларын ерте бастап кетті. Әрине, «Сақтансаң, сақтармын» – деген қанатты сөз бар дана халқымызда. III тоқсан ерте аяқталып, балалар бірден көктемгі демалысқа кетті. Білім саласында да бір үлкен өзгерістің болары анық еді. Дауыл алдындағы теңіздің саябырсығаны сияқты, іштен тынған тыныштық орнады…
Міне, осы сәтте Білім және ғылым минстрі А.Аймағанбетов мырза қашықтықтан оқыту туралы шұғыл шешім қабылдап, бұйрық шығарған болатын. Осы бұйрық негізінде білім мекемелері жұмыс жасай бастады. Мектебіміздің директоры Ізбен Ерлан Шәулекенұлы,директордың оқу ісінің меңгерушісі Хаметова Жайнагүл Тилековна,мектебіміздің әдіскері Алмағанбетова Ләззат Сағындыққызы , директордың оқу ісінің меңгерушісі және техникалық білім маманы Н. Бижигитовалардың бағыт- бағдар беруімен жұмысымызды бастап кеттік. Мұғалімдерге өте үлкен жауапкершілік жүктелген болатын: бұл еліміздің ертеңі жас ұрпақтың тағдыры, білімі, ата-аналар аманаты. « Осы ауыр жүкті қалай көтереміз жасай аламыз ба? Тәжірибеміз жоқ қой, қалай істейміз?» – деген сұрақтар әрбір мұғалімді ойландырып, көңілінде қорқыныш ұялатты. «Көз қорқақ, қол батыр» – деген тамаша сөзді басшылыққа алған ұстаздар қауымы, сыннан сүрінбей өте білді. Сабақ басталғанға дейінгі түсінік жұмыстарын сынып жетекшілер жүргізді. Ата-аналар жиналысы, сынып сағаттары, шағын педкеңестер онлайн режимде өткізілді. Алғаш өткізілген сынама сабақтар да жақсы нәтиже берді.
Қашықтықтан оқыту барысындағы үлкен мәселе барлық баланың техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі болды. Әрине, балаларына жағдай жасаған ата-аналар да баршылық. Біз тұратын елдімекнде халық тығыз орналасқан. Мектебімізде бала саны көп, басым көпшілігі көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар. Мектеп тарапынан жасалған қолдаудың арқасында, бұл мәселе де шешімін тапты: әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына теледидар, ноутбук, ұялы байланыс құралы және оны пайдалану үшін бірлікке дейін салып берген жағдайлар болды. Осындай қиын сәтте қайырымдылық жасап, көмек көрсеткен жандарға алғысымыз шексіз. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде мектебіміздегі барлық бала қашықтықтан оқумен қамтамасыз етіліп отыр.
Енді өз сыныбыма тоқталар болсам, сабақ басталған алғашқы апта өзім үшін де , ата-аналарыма да, балаларыма да өте қиын болды. Сұрақтар көп, бір-бірімізді түсінбей жаттық. Мен ата-аналарымды да, балаларымды да сабырға шақырып, түсіндірумен болдым.Техникалық біліміміздің аздығы да осы жерде білінді. Қашықтықтан оқытуда байқағаным сыныбымдағы белсенді оқушылар тез меңгеріп алды, тұйық оқушыларыма да мүмкіндік ашылды. Бұрын олар сыныпта сөйлеуге ұялатын еді, енді кері байланысты қағазға жазып, уатсап әлеуметтік желісі арқылы жіберіп отырды. Көптеген оқушыларымды жаңа қырынан тани бастадым.
Қашықтықтан оқытудың тиімділігі: ыңғайлы кесте, орын, жасына, денсаулығына, әлеуметтік жағдайына қарамастан, мұғалім мен оқушының рөлі, ата-ана бақылауы, мұғалім беделінің көтерілуі т.б…..Бұл өтпелі кезең. Уақытша ғана қиындық. Осынау қиын шақта бір-бірімізге көмектесіп, қолдау көрсетіп, тәртіпке бағынып, үйде болып, өзіміздің де, өзгенің де денсаулығын ойласақ, нұр үстіне нұр болар еді. Батыр атамыз Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» – деген тамаша сөзін басшылыққа алып, тәртіпке бағынайық. Тәуекелдің жел қайығына мініп бастаған ісіміз қайырлы болғай.
Біз біргеміз, берік іргеміз! Бірлігі жарасқан елдің болашағы жарқын!