Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы
№12 жалпы білім беру орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Косбагамбетова Турсынай Жалгасбаевна
Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты Қазақстан бойынша барлық білім беру мекемелері қашықтықтан оқыту жүйесіне көшті. Алғашында қиын болып көрінген бұл оқыту жүйесі қазір оңайлыққа соғып, біраз жеңілдіктер пайда болды.
Қазіргі мектеп оқушылары сандық ақпараттық технологияларды жетік меңгеруіне орай оқушылармен түсіндірме жұмыстарын жүргізуде айтарлықтай қиындықтар бола қоймады. Себебі, қазіргі заманауи ХХІ ғасырдың өскелең жастары- ақпараттық технологиялардың қыр-сырын жетік меңгерген, бір сөзбен айтқанда сандық технологиямен қаруланған ұрпақ өкілдері болып табылады. Әрине, бастауыш сынып оқушыларының жас ерекшеліктерін ескере отырып, оларға ата-аналары көмек қолын ұсынуда, бүлдіршіндерімізге қолдау көрсетуде.
Білім және ғылым министрлігі тарапынан көптеген ірі платформалар өз қызметтерін тиімді қолдануда. Бұл педагогикалық ұжымымыздың қашықтан оқыту барысындағы жұмыстарын біршама жеңілдетті. Қазіргі уақытта педагогикалық ұжымымыз «Zoom» стримингтік сервисін, сондай-ақ «Google Classroom», «Daryn.online», «mektep.edu.kz» жүйелерін тиімді қолданып, білім беруді жалғастыруда.
Қашықтан оқытуды сапалы жүргізуге педагогикалық ұжымымыз, яғни, мұғалімдеріміз үлкен жауапкершілікпен қарады. Оқытудың жаңа форматының көшіне ілесіп кету, тәжірибеде тиімді қолдану мен сандық технологияларды меңгеруде- ұстаздарымыздың осы кезеңге дейінгі біліктілік арттыру курстарынан өткен тәжірибелері көмекке келді. Атап айтар болсам, осы уақытқа дейін мектеп мұғалімдері деңгейлік бағдарлама, жаңартылған бағдарлама мазмұнын игеру, мектеп көшбасшылары, мектеп координаторлары, мектеп тренерлері курсынан үздіксіз өтіп, кәсіби біліктіліктерін шыңдағаны ұстаздарымызға сенімділіктің нұрын сепкендей болды.
Бүгінгідей індет әлемді дүрліктірген уақытта білім берудің озық тәсілінен артық жол жоқ. Сондықтан қашықтықтан оқыту жүйесі арқылы сапалы білім алудың мүмкіндіктерін тиімді қолдана отырып, сандық технологиялар дәуірінде әрі дәл қазіргі жағдайда қашықтықтан дәріс беру жүйесіне көшуі – заман талабы болып отыр.