Алматы қаласы,
Алатау ауданы
№114 жалпы білім беретін мектептің
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Тукенова Гульнара Муратбековна
Құрметті оқырман қауым! Баршаңызға белгілі, Қазақстан халқы 16 наурыздан бастап төтенше жағдай режиміне көшті. Елімізге төтенше жағдай мен карантин енгізілгелі ауыртпалық көптеген мекемелерге оның ішінде білім саласына түсті. Алайда «Біз бір жұдырықтай біргеміз, сөгілмесін іргеміз» дей келе, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2020 жылғы 27 сәуірдегі мәлімдемесінде айтқандай «әрине, бұл кезең жұртшылыққа оңай тимегені анық. Кейбір азаматтар жұмысын жоғалтып, табыссыз қалды. Ойға алған жоспарларын өзгертуге мәжбүр болғандар да бар. Адами тұрғыдан мен мұны түсінемін. Қауіпті вирус Қазақстанда кең жайылып кетпеуі үшін осындай күрделі, бірақ аса қажет шешім қабылданды» деп өз халқына мәлімдеме жасады. Иә, бәріміз де пендеміз ғой бұл жағдайды еш күтпеген едік ел басшысы айтқандай көптеген ойға алған жоспарлар да баршылық еді. Қазақ халқы о бастан тату, әртүрлі қилы заманды басынан кешірген халық. Мен өз басым бұл індеттен қанша үрейленсек те, бірінші Аллаға, содан кейін Қазақстан халқының осындай ауызбіршіліктеріне сендім, біз бұл індетті міндетті түрде жеңіп шығамыз. Қазақстан халқын сабырлыққа шақыру үшін, көптеген мемлекет тарапынан мұқтаж жандарға көмек көрсетіліп, қазіргі кезеңде әртүрлі игі с-шаралар атқарылып жатыр. Бұған дәлел, Алатау ауданы әкімдігі мұқтаж отбасыларына #бізбіргеміз акциясы аясында ұйымдастырылып берілген азық-түліктері, карантин кезіндегі қажетті заттар болды. «Көп түкірсе, көл» деп атам қазақ тегін айтпаған ғой, карантин кезінде көптеген «еріктілер» тобы да құрылып, әрбір мұқтаж жандар тиісті көмектерін алып жатыр. Ахмет Байтұрсынов ағамыздың аудармасындағы «Аққу, шортан hәм шаян» өлеңіндегідей әр адам өз қамын ойлап жан-жаққа тартса, онда бұл індеттен арылуымыз екіталай болары анық. Көшелер, тұрғын үйлер дезинфекцияланып, науқастарға дәрілік көмек көрсетілуде. Әрине мұндағы басты міндет – азаматтарымыздың денсаулығын сақтап, өмірін қорғап қалу. Ауызбіршілікке, сабырлыққа шақырып, жұмыссыз қалған әрбір азаматтарға қаржылай көмек көрсетіп, елім, жұртым деп жүрген мемлекет басшысына үлкен алғысымды айтқым келеді.
Қорыта келе айтарым, әрине, мемлекет органдарының жұмысында олқылықтар бар, бірақ мемлекет қызметшілерінің көпшілі жұмысын адал атқаруда. Бұл дағдарыс бірлігі бекем, елін сүйетін отаншыл жұрт екенімізді көрсетті. Қашанда осылай ұлт болып, ауызбіршілікте, болып, жүкті жұмыла көтерсек, барлық мақсатымызға қол жеткізеріміз «тайға таңба басқандай» анық емес пе?! Жұдырықтай жұмылсақ, кез келген қиындықты жеңеміз деген ойдамын.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!
Біз біргеміз!