Алматы қаласы
Жетісу ауданы
№ 177 жалпы білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Хаутай Алтыншапақ
Тарих дөңгелегі артына бұрылмай зырылдап айналған уақытта жолына түрлі оқиғаларды қалдырып кетері анық. Ол күндер жадымыздан өшпей, тарих бетінде мәңгіге таңбаланып қалмақ. Кей жыл қызығымен есте қалса, кейбір жылда өкініш басым болып жатады. Биылғы 2020 жыл да өзіндік ерекшелігімен тарихтан өшпестей орын алары анық. Себебі, бүкіл әлемді жайлаған алапат дерт қоғамның барлық саласына өзінің ықпалын тигізді.
Осындай қиын сәтте білім беру жүйесі тұралап қалған жоқ. Білім саласы білім алушыларға білім беру жолында аянбай қызмет етті, түрлі жолдарды қарастырды, көктемгі демалыс кезеңін пайдалана отырып, күні-түні жұмыс жасаудың нәтижесінде бүгінде барлық оқушылар мен студенттер қажетті білімге қол жеткізіп отыр.
Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетов қашықтан оқыту мәселесі туралы дер кезінде бастама көтеріп, әлеуметтік желілерге күнделікті жазба қалдырып, қашықтан оқытудың бүге-шігесіне дейін халыққа түсіндіріп отырды. Күнделікті әлеуметтік желілерде жүріп жатқан тікелей эфирлерде де халық тарапынан туындаған түрлі сұрақтарға жауап қайтарып, ұстаздар қауымына қолдау білдіріп отырды. Білім және ғылым министрі әлемде 870 миллионнан астам оқушы осындай форматта білім алып жатқанын айта отырып, сабақты теледидар арқылы және түрлі білім беру платформалары арқылы білім беруді ұсынды. «Daryn.Online», «Bilimland.kz», «ZOOM», «Kundelik.kz» және «Google Clasroom» жүйелерінің кез келгенімен оқыту ұсынылды. Бұл да өз кезегінде цифрлы Қазақстанның тамаша жетістіктерінің бірі деуге әбден болады.
Осының нәтижесінде үстіміздегі жылдың 6 сәуірінен бастап еліміздің барлық оқу орындары қашықтан білім беруге көшті. Қашықтан білім беру – заман талабы десек, артық айтқандық емес. Себебі, елді жайлаған індеттен сақтану мақсатында халық үйде отырса да, білімнен қол үзген жоқ. Осы орайда оқушыларға білім берудің жаңаша жүйесіне көшіп, күрделі міндеттерді атқара білген ұстаздар қауымының да еңбегі ерен.
Алматы қаласы Жетісу ауданы № 177 жалпы білім беретін мектеп те бұл бастамадан тыс қалған жоқ. Мектептің педагогикалық ұжымы үлкен жауапкершілікті сезіне отырып, әрбір мұғалім өзінің міндетін мүлтіксіз атқара білді. Қашықтан оқыту барысында барлық оқушыға қажетті білімді бере отырып, түрлі жолдармен білімді меңгертуге тырысты. Әрбір оқушыға кері байланыс жасап, бағыт-бағдар беріп, жол нұсқап отырды.
Осындай сын сағатта мектеп ұстаздарына, ата-аналары мен оқушыларына қолдау білдіріп, жол көрсетіп отырған мектеп басшысы Тұрсын Таңатұлының еңбегі зор. Барлық ата-аналар мен оқушыларға, ұстаздарға өз тарапынан қашықтан оқыту жайлы толыққанды түсінік беріп отырды. Белгілі себептермен желіге кіре алмайтын оқушыларға мектеп тарапынан көмектер ұйымдастырылды. Әрбір ата мен мектеп оқушылары сабақ барысы жайлы, қашықтан оқыту туралы кез келген сұрақты мектеп басшысына, мектептің оқу ісінің меңгерушілеріне тікелей байланыс жасап айтуына мүмкіндік туды, оның барлығына мектеп басшылары тәулік бойы жауап қайтарып, қиындықты бірге еңсеруге болатынын көрсетті.
Мектеп ұстаздары оқушыларға түрлі жолдармен білім беріп, кері байланыс жасай отырып, білім нәрімен сусындатуда. Қашықтан оқыту басталғаннан бергі бір ай уақыттың көлемінде бұл жұмыс үздіксіз қарқынды жүргізіліп келеді.
Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы төтенше жағдайдың мамыр айының ортасына дейін созылатынын айтты. Әлі де осы қарқынмен барлық қиындықты бірге еңсереміз деген ойдамыз. Біз біргеміз!