Ұлы Отан соғысы….Бір ғасырға жуық уақыт өтсе де мәңгілік есте қалар тарихи оқиға. Ол аталарымыз бен әжелеріміздің батырлықтары мен жанқиярлықтары, отансүйгіштіктері мен бірліктері, апаларымыздың ерен еңбегі, мықтылығы мен қайтпас қайсарлығының куәсі. Ал бүгінгі ұрпақтың алаңсыз өмірі мен бейбіт тіршілігі батырларымыздың Ұлы Отан соғысынан Жеңіспен оралуының айқын желісі.Тарихта өшпес аты қалған батырларымыз Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов пен Мәншүк мен Әлия апаларымыздың соғыста көрсеткен ерлігі ұрпаққа мәңгілік үлгі болмақ! Тарихтан белгілі қаншама нәубатты бастан кешкен, халқымыздың көптен күткен, аңсап жеткен тәуелсіздігінің әрбір таңы тәубе етуге тұрарлық. Бүгінгідей «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманда» өмір сүріп жатқанымыздың өзі қасық қаны қалғанша соғысқан азаматтарымыздың тарихтағы батырларымыздың есімін еске салып тұрады.
Биыл, міне , Ұлы жеңіске 75 жыл! Бір ғасырға жуық уақыт өтсе де ,соғыстың қасіреті мен Ұлы жеңістің қасиетін еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін білері хақ. Бүгінгі тәуелсіздікке қол жеткізу үшін қаншама қасіретті жылдарды артқа тастап бас көтеріп, туын желбіреткен егемен еліміздің бүгінгі жетістігінің артында соғыстың сұрапыл жылдары мен жеңістің қуанышты сәттерінің көрінісі тұр.
Сондықтан да, Жеңіс күні-ұлы мереке. Осы мерекенің құндылығы мен қасиетін дәріптеу бейбіт күннің әрбір ұрпағының саналы міндеті, азаматтың борышы деп білемін.Осы арқалаған міндетті сезіне отырып, өзімнің ұстаздық жолымды елімнің ертеңі, болашақ ұрпаққа сапалы білімімен қатар саналы тәрбие беруді мақсат еттім. Еліміздің әрбір азаматы Отанымыздың бүгінгі бейбіт тіршілігінің қасиетін ұғына отырып « елім» деп еңбек етсе, мемлекетіміздің гүлдене берері сөзсіз. Жұдырықтай жұмылған, білектей біріккен кеңпейіл Қазақ елі жасасын!
№87 ЖББМ
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Мергенбаева Айгуль Амандыковна