Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы
«№12 орта мектебі» КММ
бастауыш сынып мұғалімі
Джамаева Куралай Альмахановна
Бүгінгі таңда қашықтан оқыту жер шарының басым бөлігінде кеңінен қолданылуда. Эпидемиялық төтенше жағдайдың жариялануына байланысты елімізде орта білім ұйымдары, жоғары оқу орындары және қосымша білім беру ұйымдары қашықтан оқытуға көшкені бәрімізге белгілі. Қашықтан оқыту – бұл қашықтан білім алушы мен педагогтың өзара әрекеттестігін білдіретін, оқу процесінің барлық компоненттері бар және интернет технологиялары мен басқа да құралдардың көмегімен жүзеге асырылатын оқыту түрі.
Бұрын соңды кездеспеген, қалыпты жағдай болмағандықтан қашықтан оқыту барысында, әсіресе мектеп оқушылары мен ата-аналарында көптеген қиындықтар кездесіп жатыр. Педагог пен оқушылар арасында нақты бетпе-бет байланыстың болмауы, компьютер мен интернеттің қолжетімді болмауы, зертханалық және практикалық сабақтардың болмауы, оқушыларды ынталандыру әдістерінің аз болуы, сондай-ақ қойылған міндеттердің орындалуына тұрақты бақылаудың болмауы – оқу үлгерімі мен білім сапасының төмендеуіне алып келері анық.
Еліміздегі 3 миллионнан астам оқушының тиісті білім алуын қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Бұған дейін ұстаздың қарсы алдында отырып сабақ алған бала алғаш рет компьютер мен смартфонға үңілмек. Ал қашықтан оқытуға “Balapan” (қазақ тілінде) мен “Еларна” (орыс тілінде) телеарнасы да атсалысып жатыр.
Осы IV тоқсандағы тәжірибемнен қоса кететін болсам, маған қашықтықтан оқыту ұнады. Себебі орта жаста болсамда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және телекоммуникациялық құралдарды қолдану білімдерімді тереңдеттім. ZOOM платформасымен видеосабақ жасауды үйреніп, оқушыларға шағын сабақтарды түсіндіріп Whatsapp желісі арқылы жіберіп отырдым. Сонымен қатар оқушыларда үнемі кері байланыс жасап отырды.
Бұл ретте бұл жүйені қолданудың қауіпті тұстары да кездеседі. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар құралдарын көп қолдану – баланың жұмыс қабілеттілігіне, физикалық және психикалық денсаулығына келтірер жағымсыз әсері аз емес. Сол себепті, техниканы қолдану барысында қауіпсіздік ережесін сақтап, уақытты тиімді пайдалану – келер зиянның алдын алу болып есептеледі. Елімізде төтенше жағдайдың жариялануы көптеген өзгерістерге алып келуі мүмкін. Әлемдік білім алу кеңістігінде интеграциялық үрдістердің тереңдеп, кең қанат жайған жағдайында қашықтан оқытудың тиімділігін арттыру – еліміздің алға дамуының бірден-бір себебі.
Әрине, кез-келген істің бастауы қиындық тудырары сөзсіз. Ең бастысы – қашықтан оқытуды дұрыс жағынан пайдаланып, қиындыққа мойымай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірге әрекет жасасақ, бағындырар биігіміз бен алынбайтын қамалымыз болмасына ешкім күмән келтіре алмас. Қай кезеңде болмасын жас ұрпаққа білім мен тəрбие беру қоғам алдындағы ең маңызды, жауапты іс. Пандемия ерте ме, кеш пе аяқталады, ал білім қалады.