Маңғыстау облысы
Жаңаөзен қаласы
№18 жалпы білім беруорта мектебі КММ
Тарих пәні мұғалімі
Таибаева Зина Хожахмедовна
Төрткүл дүниені шырмауына шырмап, дүр сілкіндірген тосыннан келген мына індет тек Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отыр.Президентіміз Қасымжомарт Кемелұлының шұғыл қабылдаған шешіміне байланысты, білім саласында да бұрын-соңды болмаған өзгерістер орын алды. Төтенше жағдайға байланысты Білім және ғылым минстрі А,Аймағанбетов қашықтықтан оқытуды бастау туралы бұйрық шығарған болатын. Сол бұйрық негізінде мектеп басшысы және оқу ісінің меңгерушісінің бастамасымен мектебімізде шұғыл жұмыс тобы құрылды. Осы топ мұғалімдердің ары қарай жұмыс жасауына бағыт-бағдар беріп отырды. Әрине, көңіліміз күпті, ойда алаңдаушылық « Қалай бастаймыз? Қалай үйретеміз?Оқушы қалай қабылдайды? Ата-ана не дейді?» осындай көптеген сұрақтар санамызды жаулап алды.
Сабақ басталғанға дейінгі екі апта ішінде көптеген дайындық және түсінік жұмыстарын жүргіздік. Мектеп әкімшілігі түсінік жұмыстарын мұғалімдерден бастады. Түрлі әлеуметтік платформаларда шағын жиналыс, педкеңестер өткізілді. Ал мұғалімдер болса, ата-аналар жиналысын, сынып сағаттарын және сынама сабақтар өткізді. Алғашында көптеген кедергілерге тап болдық. Барлығы бірден әлеуметтік желіге қосылғанда интернет жылдамдығының нашарлауы да қиындық туғызды. Ата-аналардан да, оқушылардан да, мұғалімдерден де шағымдар өте көп түсті. Бұл заңдылық дер едім, тәжірибеміз жоқ, қысқа уақыт ішінде енгізілген жаңа нәрсе ғой.
Осындай қарбалас тірлікпен «Шешінген судан тайынбас» — деп IV тоқсанды да бастап кеттік. Бірінші апта өте қиын болды: оқушылардың түсінбеуі, ата-ананың шағымы, мұғалімдерге көп міндет жүктеді. Біз мұғалімдер батыр жандармыз ғой, сабырдың тұлпарына мініп алып, өзімізді қамшылап, міне, IV тоқсанның үшінші аптасын да еңсеріп тастадық. Қашықтықтан оқыту барысында техникалық біліміміздің аздығы да байқалып қалды. Үйрете жүріп, өзіміз де көп нәрсе үйрендік.
Басты қиындық мектебіміздегі барлық оқушыны техникалық құрал жабдықтармен қамтамасыз ету. Мектебіміз ауылдық елді мекенде орналасқан, халық саны тығыз, жан-жақтан көшіп келген көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар да көп болатын. Бір үйден үш-төрт баланың сабақ оқуы, ұялы телефонның жоқтығы, тек ата-аналарында бар, олар да күндіз жұмыста, көптеген балаларда тек кеште сабақ қарау мүмкіндігі болды. Мектеп басшыларының және қайырымды жандардың көмегімен бұл мәселе де өз шешімін тапты.
Қашықтықтан оқыту – ғаламторды пайдалана отырып білім беру. Тиімді тұстары: ыңғайлы кесте, орын, жасына, денсаулығына, түрлі әлеуметтік жағдайына қарамастан, өмір қауіпсіздігі, ата- ананың көбірек бақылауы, оқушы мен мұғалімнің рөлі, мұғалім беделінің артуы т.б….
Қашықтықтан оқыту барысында менің байқағаным кері байланыста сыныптағы тұйық оқушылардың белсенділігінің артқаны. Шешілмейтін мәселе жоқ, оның көзін таба білуіміз керек. Әлеуметтік платформалардың қай түрін пайдалансақ та оқушыға тиімді жағын қарастырғанымыз жөн.
Осынау қиын сәтте тәртіпке бағынып, ауызбіршілікпен жұмыс жасасақ, біздің алмайтын қамалымыз жоқ.
Біз біргеміз, берік іргеміз, болашағымызға сенеміз!