Home » Ашық сабақтар » Мақал – сөздің азығы, жұмбақ – ойдың қазығы  

Мақал – сөздің азығы, жұмбақ – ойдың қазығы  

                                          Мурзашева Гулмира Кайржановна
                                                           Орал қаласындағы
                                                            облыстық көру қабілеті
                                                         бұзылған балаларға арналған арнаулы
                                                                 мектеп-интернатының тәрбиешісі

 

Мақсаты: түзете-білімділік: оқушыларды «Сөз мәйегі-мақал» дегендей, ата-бабамыздан қалған өсиет сөздері арқылы құны қымбат рухани байлығымыз туралы мағлұмат беру,орынды қолдануға дағдыландыру.

Түзете-тәрбиелеу: адамгершілікке, ойын нақты, дұрыс жеткізуге, тапқыр сөйлеуге үйрету. Сөз өнері арқылы оқушылардың дүниетанымын кеңейту, тапқырлыққа, даналыққа тәрбиелеу.

Түзете-дамыту: ойлау, есте сақтау, ой түйіндеу, ой-өрісін кеңейту,сөздік қорларын байыту.

Көрнекілігі: үлестірмелі карточкалар, слайд, А4 қағазы,маркерлер.

Сабақтың түрі: сайыс сабақ

Сабақтың барысы: 1. Ұйымдастыру бөлімі. Оқушыларды түгендеу.

«Шаттық шеңбері»: Бір-бірімізді «тыңдаймыз» десек – 1 рет шапалақтаймыз, «ұйымшыл» боламыз десек — 2 рет шапалақтаймыз, «белсенділік танытамыз» десек —  3рет шапалақтаймыз.

Сайысқа қатысушы топтар ортаға шығады. Әр топта бес оқушыдан. Топ мүшелерінің ойларын бір ортаға топтау мақсатында ой тастау.

Балалар, мағынасы өте кең, бір немесе екі тармақтан құралған қара сөз немесе өлең сияқты ұйқасты болып келген қысқа ғана нақыл сөздер /мақал/.

Ықшам келген нақыл сөз,а йтайын деген ой тұспалдап жеткізіледі /мәтел/.

Заттың өзін айтпай, оның түр-түсін,с ыртқы белгілерін, ұқсас жақтарын сипаттайтын жасырын затты не дейміз? /жұмбақ/.

Құрметті ұстаздар, оқушылар, қонақтар! Бүгін біздің                                                7 «а» сыныбында өтетін «Мақал – сөздің азығы, жұмбақ – ойдың қазығы» ойынына қош келдіңіздер.

Бұл сайысқа екі топ қатысады

1.«Сұңқар» тобы; 2. «Тұлпар» тобы. 

Тәрбиеші: Құрметті ұстаздар әділ қазылармен таныстырып өтейін.

Әділ-қазылар:1.Жуматова Қ.К; 2.Ахметова А.М.; 3.Мулдагалиева Б.З.

Алдымен мақал-мәтел дегеніміз не? Қысқаша тоқталып өтсек: Мақал-мәтел – ата бабамыздан қалған өшпес мұра. Көлемі жағынан шағын болғанмен, уақыт өткен сайын мағынасы тереңдеп, құны артып, қымбат қазынаға айналып келеді. Мақал-мәтел – тәрбиелік мәні зор, рухани байлық.

Осы тұста мен осы мақал мен мәтел айырмашылығын түсіндіріп өткім келіп отыр. Мысалы: Мақалда қорытынды, тұжырымды түйін айтылады. Айтылар ой нақты толық жеткізіледі. Мысалы: «Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі» деген мақалда елді қорғау, жерді қорғау нағыз жігіттің ісі екендігі айтылып тұр.

Ал, мәтелде ой тікелей білдірілмей тұспалдап, жанамалап айтылады.Мысалы: «Көппен көрген ұлы той». Мұнда не көрсең де халықпен бірге көр, өз басыңның ғана қамын ойлама деген сөз тұспалдап айтылып тұр.

Қазақ ауыз әдебиетінен орын алған және ерте заманнан бастап бүгінгі күнге дейін даму, өсу үстінде келе жатқан жанрдың бірі -жұмбақтар. Жұмбақтар заттың өзін айтпай, оның түр-түсін, сыртқы белгілерін, жұмбақ болып отырған затқа ұқсас жақтарын сипаттайды, ал заттың өз атын жасырып ұстайды. Сондықтан да алған нәрсенің өзін айтпай, оның сырт белгілерін қысқаша сипаттауды, солар арқылы жұмбақ етілген затты табуды — жұмбақ дейміз.

Халық жұмбақтарының тақырыбы өте көп. Жаратылыс дүниесі, табиғат жайлы, еңбек кәсіп құралдары, хайуанаттар мен өсімдіктер, адам және оның өмірі, өнер-білім, техника т.б жұмбақтардың басты тақырыбы болуымен қатар мазмұны да болады. Бұл тақырыптардың бәрі жұмбақ көлеміне енгенде әрқайсысы жалпылама түрде алынбай, бөлшектене, жекелене алынады. Біздің мақсатымыз, оқушының білімге деген құштарлығын, ізденімпаздығын, оқу деңгейін және ойын нақты дұрыс жеткізуге, тапқыр сөйлеуге салмақты ой айтуға үйрету болып табылады.

Ендеше біз бүгінгі сайысымызды бастайық. Сайыс 4 бөлімнен тұрады:

1-бөлім: «Ойлы болсаң, озып көр» (мақалды жалғастырады)

2-бөлім: «Тапқыр болсаң, тауып көр» (жұмбақты шешу)

Сергіту жаттығуы.

3-бөлім: «Даналық ойдан дән ізде» (Бұл бөлімде сандарды ретімен  орналастырсаңдар, мақал-мәтел оқисыңдар)

4-бөлім: «Суретті жұмбақ» (жұмбақты сурет бойынша шешу)

1-бөлім: «Ойлы болсаң,озып көр» (мақалдың жалғасын табу)

1-топқа: 1.Сын түзелмей,…. (мін түзелмес)

  1. Досы көпті жау алмас,…. (ақылы көпті дау алмас)
  2. Шебердің қолы ортақ,… (шешеннің сөзі ортақ)
  3. Еңбек етсең ерінбей,… (тояды қарның тіленбей)
  4. Білгенің бір тоғыз,… (білмегенің тоқсан тоғыз)
  5. Батыр туса ел ырысы, ….. (жаңбыр жауса жер ырысы)
  6. Қазаныңа не салсаң,…… (шөмішіңе сол ілінер)
  7. Еңбек етпесең, елге өкпелеме,…… (егін екпесең ,жерге өкпелеме)

9.Тыста ұзақ жүргенің,……(ұзақ өмір сүргенің)

  1. Байлықтың кілті-….(ғылым)

2-топқа: 1. Ақыл – азбайтын тон,…. (білім – таусылмайтын кен)

  1. Алдыңғы арба қайда жүрсе,…(соңғы арба сонда жүреді)
  2. Досы көпті жау алмайды,… (ақылы көпті дау алмайды)
  3. Еңбектің наны тәтті,… (жалқаудың жаны тәтті)
  4. Бірлігі жоқ ел тозады –… (бірлігі күшті ел озады)

6.Ұланы бар елдің, …… (ұраны бар)

  1. Көз — қорқақ,……. (қол — батыр)
  2. Атаңның баласы болма,……. (адамның баласы бол)
  3. Әдепті бала ата-анасын мақтатар, …(әдепсіз бала ата-анасын қақсатар)
  4. Білекті бірді жығады,……(білімді мыңды жығады)

2-бөлім: «Тапқыр болсаң,тауып көр» (жұмбақ шешу)

1-топқа:  1.Үй ішін аралап қаптарды жарып,

Түнде көп жортады, мысықтан қорқады (тышқан).

  1. Желден желігеді, судан шегінеді (от).
  2. Бұрасаң тетігін, өлшемін түн мен күн,

Соғады жүрегі, әркім-ақ біледі (сағат).

  1. Еріксе, құйрығымен ойнайды,

Зеріксе, ұйқыға бір тоймайды (мысық).

  1. Ақпыз, сары, көкпіз, жүреміз жайнап,

Түрлі, түрлі көппіз, арасында шөптің (көбелек).

  1. Күндіз білінбейді, түнде күлімдейді (жұлдыз).

7.Жезге ұқсас сабағы, дәні халық тағамы (бидай).

  1. Екі аяқты, бір басты,жүгіреді тым қатты (велосипед).
  2. Білімнің дәнін тереді, балаға тәлім береді (ұстаз).
  3. Сақалы жоқ, шашы бар,

Бет-аузы жоқ, басы бар.

Белін бекем байлаған,

Қоқысты қоймай айдаған (сыпырғыш).

2-топқа: 1.Отыз екі батыр, екіге бөлініп жатыр (тіс).

  1. Балалар суға салған жіп, тереңнен іліп алар жүк (қармақ).

3.Бұрап қойған сағаттай, айғайлайды таң атпай (әтеш).

  1. Бетін адам ашады, білім нұрын шашады (кітап).
  2. Көше бойлап аяңдайды, адам тасып аялдайды (автобус).

6.Әжем уыстап сығып, далада кептірген.

Қатты әрі, дәмді, көп жесең, шөлдеткен (құрт).

  1. Күмбір-күмбір күйі бар, құлағыңа құйып ал! (домбыра).

8.Тақылдатып таңдайды, уақыттан бір қалмайды (сағат).

  1. Ақ жібек асыл көрпедей, қыс болса жерді жабады,

Жазғытұрым болғанда, су болып сайға ағады (қар).

10.Қалың киімді ұнатады, шешіндірсең жылатады (пияз).

Сергіту жаттығуы: Қатты нөсер басылды (жаймен тырсылдатады)

Күн жарқырай ашылды (қолдарымен күн жасайды)

Неше түрлі әдемі, Кемпірқосақ жасалды (жарты доға жасайды)

3-бөлім:«Даналық ойдан дән ізде». Бұл бөлімде сандарды ретімен орналастырсаңдар, мақал-мәтел оқисыңдар.

1-топқа: кему ретімен. «Мектептің жүрегі – мұғалім». 

М – 22, і – 2, е –21, л – 3, к – 20, а – 4, т – 19, п – 17, ғ – 5, ң – 14, ұ – 6, ж – 13, г – 9, ү-12 , р – 11, е-18, т-16, е-10, і-15, м-1, і-8, м-7.

 2-топқа: өсу ретімен. «Мектеп – кеме, білім – теңіз».

М-10, і-23, з-29, е-17, м-18, е-14, п-15, м-24, т-25, е-19, б-20, е-11, к-12, е-26, л-22, і-21, т-13, к-16, ң-27, і-28

4-бөлім: «Суретті жұмбақ» (жұмбақты сурет арқылы шешу).

2 топқа —  2 жұмбақтан әзірленді (қазақтың ұлттық ойындары: Қыз қуу; Тоғызқұмалақ; Ақсүйек; Көкпар).

Тәрбиеші: Әділ қазылар алқасына сөз беріледі. Ал, енді сайысымыз осымен аяқталды.  Жеңген топты марапаттау.

Балалар, бүгінгі сайыс сабағы көңілдеріңнен шықса 3 рет қол соғамыз.

 Қорытынды:

Ата-салтым, асыл мұрам, ардағым,

Бабалардың жалғастырар арманын.

Сан ғасырда қамал бұзбас, қадірін.

Өткенімді бүгініммен жалғадым – дей келе бүгінгі сабағымыз аяқталды. Ұлттық өнерімізді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін біздер, сондықтан да құнды мұраларымызды насихаттап жүрейік!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.