Маусымбаева Балшекер Байдаулетовна
Астана қаласы №27 мектеп-лицейдің
бастауыш сынып мұғалімі
Әлем елдерінде болып жатқан инновациялық үрдістер білім беру индустриясының дамуына ықпал етті. Өркениетті елдердің даму тенденциясы еліміздің білім беру жүйесіне жаңа міндеттер жүктеді. Бұл оқу үдерісіне, педагогтардың тәжірибесіне де әсер етті. Сонымен қатар жаңа формациядағы педагогтердің бәсекелестік ортасын құруға мүмкіндік туды.
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «…қазіргі қоғамның басты талаптарының бірі — зерттеушілік құзыреттілігі дамыған жаңа тұрпатты адамды қалыптастыру» — делінген. Еліміздің жаңа тұрпатты тұлғасы бірнеше тіл меңгерген, логикалық ойлау дағдысы қалыптасқан, жаңаша ойлайтын, зерттеумен айналысатын зиялы азамат болуы қажет.
Зерттеу іс-әрекетін бастауыш сыныпта жүргізу маңызды. Себебі, оқушының зерттеу дағдысы ерте кезден қалыптасады. Айналадағы заттарға қызығушылық танытып, қоршаған ортадағы құбылыстарды білуге ұмтылады. Бұл бала физиологиясының генетикалық заңдылығы. Осы кезден бастап бала өмірі қоршаған ортамен, табиғатпен етене жақын болады. Табиғаттағы құбылыстар мен фактілер баланы ойландырады және оның табиғатын зерттеуге деген қызығушылығы пайда болады. Тылсым дүниедегі болып жатқан табиғи өзгерістер оның дүниетанымын оятады. Оны әртүрлі шынайы сұрақтар қою арқылы тануға тырысады. Бұл зерттеу дағдысының қағидалары болып табылады. Сонда зерттеу дағдысының дамуына әртүрлі факторлар әсер етеді.
Кез-келген баланың табиғатынан зерттеуші болуға, танымдық мүмкіндіктерін жүзеге асыруға ұмтылысы жоғары болатыны сөзсіз. Оқушының қабілетін ашудың және дамытудың жолы зерттеу әрекеті болып табылады. Зерттеу дағдысын дамытудың интеграциялық байланысы отбасында, мектепте қалыптасады. Сондықтан да бұл дағдыны дамыту мұғалімнің шеберлігін, құзыреттілігін қажет етеді.
Заманауи тұлғаның жаһандық құзыреттілігіне зерттеу дағдысы кіреді.
Бастауыш сыныпта мұғалім оқушының зерттеу дағдысын дамыту барысында жаңа инновациялық технологияларды қолданады. Пән мазмұнына байланысты зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Зерттеу әрекетінде инновациялық технологияларды қолдану жаңа идеяларды интеграциялауға көмектеседі.
Бастауыш мектеп бала тұлғасының қалыптасуында, оның ойлау үрдісінің дамуында, танымдық белсенділіктің қарқынды қалыптасуында, оқу іскерлігінде өте маңызды кезең болып табылады.
Зерттеу жұмысы жаңартылған білім мазмұнының негізгі нысаны болып табылады. Зерттеушілік, зерттеу дағдысы деген ұғымдарға ғалымдар әртүрлі анықтама береді. Зерттеушілік ұғымын психологтер қабілетпен байланыстырады.
А.Н. Леонтович өз еңбегінде оқу үдерісіндегі зерттеу іс-әрекеті нақты оқушы орындайтын әрекет екенін атап көрсетті. Оның пікірінше, кез-келген белсенділік зерттеушілік әрекет бола алмайды. Оқушыда мотив, мақсат, болуы қажет. А.Мұхаметжанова бастауыш сынып оқушыларының зерттеушілік іс-әрекетіне теориялық талдау жасай отырып, былай дейді: «Алған білімін өздігінен толықтырып, өз идеясын дәлелдей алатын, саналы түрде әрекетке түсетін, өзі үшін жаңа болып табылатын, нәтижеге жету». Ғалымдардың тұжырымы бойынша, зерттеу дағдысы оқушының идеяларды, фактілерді, аргументтерді ойлап табуы, шешім қабылдауы, жаңа мүмкіндіктер ашуы.
Зерттеу әрекетіне бейім оқушыда төмендегі қабілеттері болады:
- Жұмысты орындауға деген талпыныс
- Жаңа білімді іздеуге деген мотивация
- Өз көзқарасын дәлелдеуге ұмтылу.
Автордың ойын тұжырымдайтын болсақ, зерттеушілікке бейім оқушының бойында ерекше шығармашылық мүмкіндіктері жоғары болады.
Педагогикалық үдерісте бастауыш сынып оқушыларының зерттеу мотивтерін туындату үшін, мұғалім оқытуды ұйымдастырудың жаңа технологияларын меңгеру қажет. Олар:
- мәселені көре білу;
- сұрақтар қою;
- болжамды ұсына білу;
- дағдыларын анықтау;
- топтастыра білу;
- бақылау ;
- эксперимент жүргізу;
- қорытынды жасау;
- материалды сұрыптау;
- өз көзқарасын дәлелдеу және қорғау.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі адамзаттың жағдайы инновациялық технологиялардың дамуымен тығыз байланысты екенін айта келе, білім беру үрдісінде жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін арттыруды тапсырды. Сондықтан да мұғалім бастауыш сынып оқушыларының зерттеу дағдысын дамытуда жоба әдісін қолдану қажет.
Жоба жазу оқушының аналитикалық ойлау қабілетін дамытады, шешім қабылдай алу іскерлігін қалыптастырады. Оқушыны ізденушілікке баули отырып, ғылым мен техниканың жетістігіне сәйкес өзінің кәсіби бағдарын айқындауға көмектеседі. Жоба әдісінде мына міндеттер жүзеге асады.
- Оқушылардың танымдық іскерліктері мен дағдыларын дамыту;
- Ақпараттық кеңістікте бағдар ала білу;
- Өз бетінше жоспар құра білу;
- Ғылымның түрлі салаларынан білімді біріктіре білу;
- Сын тұрғысынан ойлау қабілеті
Мен зерттеушімін, Тірі табиғат пен өлі табиғат, Заттар және олардың қасиеттері, Жер және ғарыш, Табиғат физикасы сияқты оқу бөлімдерін зерделеу барысында оқушылар қарапайым да қызықты тәжірибелер жүргізіп, табиғат құбылыстарының даму үдерістерін сипаттап, болжап, түсіндіреді. Осы тақырыптарды негізге ала отырып, жоба жазуға болады. Осындай тәжірибе түрлері зерттеу қызметінің бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.
Жоба жазу барысында зерттеу жүргізіп, оның нәтижелерін пайдаланған кезде оқушылар жаңа білім алып, дағдыларды игереді, құбылыстардың табиғи сипатына және олардың материалдық тұрғыдан шартты екеніне көз жеткізеді, теориялық білімнің дұрыстығын тәжірибеде тексереді, құбылысты талдап, салыстырып, тәжірибеден қорытынды жасап үйренеді.
Сонымен қатар бүгінгі жаһандық проблемалардың бірі-экология болып табылады. Дүниетану пәні интеграциялық пән болғандықтан экология тақырыбына жоба дайындауға болады. Бұл оқушылардың экологиялық дағдарыс ұғымын зерттеуге және содан шығудың жолын табуға үйретеді. Зерттеу барысында экологиялық мәселелерге терең үңіледі, оның пайда болу себебін әртүрлі деректер арқылы дәлелдейді.
Табиғат пен қоғам, адам арасындағы қарым-қатынастар қайшылықсыз, әрдайым үйлесімді деп қарауға болмайды. Олардың арасында барған сайын ішкі қайшылықтар көбейіп отырады. Техникалық прогресс дамыған сайын табиғатқа деген адамның үстемділігі артуда, бұл табиғи апаттардың туындауына себеп болады. Осы мәселелер оқушының жоба жұмысында зерттеледі. Бастауыш сыныптан бастап оқушы дүниені біртұтас қабылдауы арқылы табиғаттағы құбылыстарға жауап іздей бастайды. Табиғаттағы ауаның ластануы, экологиялық дағдарыстар сияқты проблемалар оқушылардың дүниетанымын кеңейтеді.
Жаратылыстану бағытында жүргізілетін «Дүниетану» пәнінде оқушылардың ғылыми дүниетанымын, экологиялық мәдениетін дамытуға болады. Себебі, Дүниетану интеграциялық пән ретінде, биология, география, химия, экология сияқты пәндердің негізін үйретеді. Оқушылардың осы ғылым негіздерін меңгеру арқылы олардың дүниетанымы кеңейеді және сол мәліметтерді дәлелдеуде зерттеушілік дағдысы көрінеді. Бастауыш сынып оқушысы ғылыми ұғымдармен таныса отырып, қоршаған ортаға, табиғатқа деген өзіңдік көзқарасын қалыптастырады. Табиғаттағы экологиялық проблемаларға назар аударады, оның шешімін табуға тырысады.
Дүниетану пәні қоршаған орта туралы білім бере отырып, балалардың табиғатқа деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігін арттырып, оның тылсым тынысы мен сиқырлы сырларын білуге, табиғатты қорғауға, көркейтуге тәрбиелейді. Табиғат құбылыстарын зерттеуге машықтанады.
«Мен экологпын», «Тірі табиғат», «Заттар және олардың қасиеттері», «Жер және ғарыш», «Табиғат физикасы», «Табиғат экологиясы», «Адам экологиясы» сияқты тақырыптарды негізге ала отырып жоба жазуға болады. Жоба мазмұнында оқушылар қарапайым да қызықты тәжірибелер жүргізіп, табиғат құбылыстарының даму үдерістерін сипаттап, болжап, түсіндіреді. Экологиялық проблемаларды анықтайды, оның себептерін ашады. Осындай тәжірибе түрлері зерттеу қызметінің бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.
Жоба жазу оқушының аналитикалық ойлау қабілетін дамытады, шешім қабылдай алу іскерлігін қалыптастырады. Оқушыны ізденушілікке баули отырып, ғылым мен техниканың жетістігіне сәйкес өзінің кәсіби бағдарын айқындауға көмектеседі. Экология тақырыбын таңдау арқылы оқушылар жоба жазады. «Қазақстанда экология мәселелері, оларды шешу жолдары», «Экологиялық дағдарыс», «Арал теңізі, оның құрғау себептері», «Ауаның ластануы», «Адам экологиясы» тақырыптары әлем деңгейіндегі ресурстарға талдау жасауға, олардың тәжірибесін практикада қолдануға үйретеді.
Қорыта айтқанда, зерттеушілік бүгінгі заманауи білім беру жүйесінде оқушының танымдық іс-әрекетін, оның табиғи мүмкіндіктерін негізге алатын оқытудың жаңа моделі болып табылады.
Пайдаланған әдебиеттер
- Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. -Астана, 2019 //adilet.zan.kz/
- Леонтович А.Н. Концепция развития исследовательской деятельностиучащихся М:Образование, 2018. -152с
- Мұхаметжанова А.О. Бастауыш мектеп оқушыларының зерттеушілік қабілеттерін дамыту //Бастауыш мектеп. -А., 2020. — № 5. -15б.