Мектеп-білім мен тәрбиенің жылы ошағы, мөлдір бұлақтай қайнар көзі. Жас ұрпақтың санасын сапалы біліммен сусындатып, түзу жолдан тайдырмай, өмірлік мақсаттарына жетуге дем беру-мемлекет пен қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі. Бұл ретте мектептің алатын орны айқын. Мектептің жұмысы әрқашан жаңашыл, іскер, табанды да талантты ұстаздарымен жанданады. Осы орайда ұстаздар арасында үнемі өзара тәжірибе алмасып отырудың маңызы зор.
Алматы қаласы, Наурызбай ауданы «С.Көпбаев атындағы №186 ЖББМ» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Сабақты зерттеу (Lesson Study) – тәжірибені жетілдірудің тиімді жолы» тақырыбында қалалық семинар болып өтті. Семинарға Алматы қаласы мектептерінің мұғалімдері қатысты.
Семинар Алматы қаласы Білім басқармасының «Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы», Наурызбай аудандық білім бөлімі және «С.Көпбаев атындағы №186 ЖББМ» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бірлесе ұйымдастыруымен өткізілді.
Семинардың мақсаты: Сабақты зерттеу (Lesson Study) барысында педагогтердің іс-тәжірибелерін жетілдіру және тарату.
Семинардың міндеттері:
Оқу үдерісінде тиімді әдіс-тәсілдер арқылы мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру;
Педагогтерге әдістемелік көмек беру, заманауи іс-тәжірибені оқып үйренуге, қолдануға бағыттау.
Жинақталған іс-тәжірибемен бөлісу
Мектебіміз бірнеше жылдан бері Алматы қаласы педагогикалық шеберлік орталығымен және ПШО тренері Толықбаева Ғалия Нұрбопановнаның қолдауымен бірлесе жұмыстар жүргізіп келеді. Семинар барысында Сабақты зерттеу (Lesson Study) бойынша осы бірнеше жылдық іс- тәжірибелерді ортаға салып, нәтижелерімен бөлістік. Сондай-ақ, семинар қонақтары мектебімізде оқушылармен жүргізіліп жатқан «30 ән,30 кітап», «Телефонсыз бір күн», «Ауылдар жобасы», «Көне сурет тарихы», «Ұлттық киім күні», т.б. жобалардың жұмыстарымен таныс болды.
2023 жылы тамыз айында Сингапур қаласында өткен тәжірибе алмасу тағлымдамасына қатысып қайтқан болатынмын. Осы мүмкіндікті пайдаланып әріптестерімізбен сол елдің білім беру саласының озық тәжірибелерімен, білім берудегі ерекшеліктерімен бөлісе кетуді жөн көрдік. Тағлымдама аясында мектебімізде «Ауылдар жобасын» іске асырып жатырмыз. 1-7 сыныптар арасында 8 сынып жобаға қатыстырылды.
Білім ордасы 2017 жылдан бері ауданымыздағы жетекші мектеп ретінде аудан мектептерімен тығыз байланыста. Мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, білім беру саласындағы тың да жаңашыл бастамалар мен өзгерістерді бірге талдап, саралау мақсатында бірлескен іс-шаралар өткізіп отырады.
Семинар бағдарламасына сәйкес «Ұлағат», «Факел», «Созвездие Новая Эра» Lesson Study топтарында зерттеу сабақтары өткізілді.
Семинардың үшінші бөлімінде қонақтар «Жырлайды жүрек» тақырыбындағы әдеби-сазды концерттік бағдарламаны тамашалады. Семинар соңында сабақты зерттеу топтарының жетекшілері жүргізген кері байланыстан ерекше әсер ала отырып, өткізілген жұмыстарды жоғары бағалап,шынайы пікірлері мен алғыстарын білдірді. Мектеп ұжымы келешек ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуы жолында өз іс-тәжірибемізбен бөлісуге қашан да әзір.
Алматы қаласы Наурызбай ауданы
«С.Көпбаев атындағы № 186 ЖББМ»
мектеп директоры
Раева Гулжазира Бекеновна