Home » Мақалалар » Бүгінгі мұғалімге заманға сай мінез керек

Бүгінгі мұғалімге заманға сай мінез керек

Менің ұстаздық жолды таңдап, мектептегі шәкірттерге білім беріп келе жатқаныма жиырма бес жылдай болыпты. Осы уақыт ішінде мені «мұғалімнің мәртебесі неге төмендеп кетті?» деген сұрақ толғандырып көрмепті. Себебі, мектептегі оқу-тәрбие жүйесіндегі қарбалас жұмыс пен күнделікті отбасылық, тұрмыстық қажеттіліктер ойлануға да мұрша бермейтін. Алайда, соңғы кездері «Ұстаздардың мәртебесі» туралы қоғамдық қызу пікір туындап, заң жобасы қабылданады дегеннен бастап, шынымен де ойлана бастадым.

Мұғалім беделі неге төмендеп кетті, оны қалай көтеруге болады? Осы айтылып жатқан сан түрлі сауалдардың тобықтай түйіні: мұғалім жұмысының ауырлығы; тек білім беріп қана қоймай, әр түрлі қосымша жұмыстарды атқаруы; қағазбастылықтан арыла алмауы; ата-ана тарапынан бала тәрбиесі мен біліміне бақылау мен қолдаудың аздығы; ұстаз еңбегінің бағаланбай елеусіз қалауы; беделді ұстаздардың жетістіктерін насихаттау жұмыстарының әлсіздігі; еңбекақыларының төмендегі; тынымсыз тексерулер мен толассыз келіп жататын мәліметтердің ұстаздың білім берудегі уақытын шектеп, мәртебесі мен қоғамдағы рөлінің төмендеуіне әкеліп отырғандығын мен де мойындаймын. Бұл – ащы да болса, шындық. Бұл мәселелердің барлығы үкімет тарапынан қаралып, қолдау тапса, мұғалім мәртебесі де көтерілері сөзсіз. Сол себептен де біздің елімізде  «Ұстаздар мәртебесі» туралы заңның қабылдануы аса қажет.

Сонымен қатар, ұстаз беделінің төмендеуі ұстаздардың өзіне де байланысты деп ойлаймын. Мұғалім мәртебесінің төмендеп, қадір-қасиетінің жоғалуы — кәсіби шеберлігінің, білімі мен білігінің аздығынан. Өз ісінің білгір маманы болмаған ұстаздың ата-ана мен оқушы, қоғам алдында да қадір-қасиеті артпайды. Мұғалім өз мамандығын, өз ісін, алдындағы шәкірттерін сүюі керек. Оқушыларына туған баласындай қарап, барын-нәрін беріп, жан-тәнімен білім мен тәрбие беруі керек. Осынау ғылым мен техника, мәдениет пен өркениет қарыштап дамып келе жатқан заманда мұғалім жан-жақты болып, жаңашылдыққа ұмтылуы тиіс. Замана көшінен қалып қалмай, жыл сайын өз кәсіби деңгейін көтеріп, заманға сай мінез қалыптастыруы қажет. Педагог өз ісінің хас шеберіне айналып, заман талабына сай шығармашыл, жаңашыл, шебер, білімді де білікті маман болуы керек. Сонда ғана ұстаздың қоғам алдындағы беделі көтеріліп, мәртебесі биіктейтіні сөзсіз. Сапалы білім, саналы тәрбие беру – осындай ұстаздардың қолынан ғана келері анық.

Өкінішке орай, кейбір ұстаздарымыздың бойынан біз осыны байқай алмаймыз. Ұстаздардың кейбірі өз жұмыстарына немқұрайлы қарайды. Оқушы тәрбиесі мен біліміне онша көңіл бөле бермейді. Білім беру жүйесінде мұғалімнің өз ісіне салғырттық танытуы дұрыс емес. Біздер жас ұрпақты – елдің болашағын тәрбиелеп отырмыз. Сондықтан мұндай ел алдындағы жауапты істе немқұрайлылық танытуға болмайды. Ұстаз еңбегі — еш нәрсемен өлшеуге келмейтін бағалы еңбек. Ұстаз ісі – екінің бірінің қолынан келе бермейтін жауапкершілігі мол іс.

Ұстаз – ұлттың ұрпағына тәлім берер ұлы тұлға. Бүтіндей мемлекеттің жарқын болашағы жас ұрпақпен тығыз байланысты. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп бекер айтылмаса керек, жақсы ұстаздан білім алған, тәлім-тәрбие көрген шәкірттен болашақта елін сүйетін үлкен азамат шығары анық. Атақты ақынымыз Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі» деген дәрежеге жету үшін, құрмет пен абыройға ие болу үшін, біздерге, ұстаздарға тынымсыз еңбек, білім мен білік, жаңашылдық пен шығармашылық, кәсіби шеберлік қажет. Сонда мұғалімнің мәртебесі көтеріліп, беделі артады.

Алькеева Гульсия Саматовна,

Павлодар облысы

Павлодар қаласы

№19 жалпы орта білім беру

 мектебінің қазақ тілі мен

әдебиеті пәні мұғалімі

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.