Төленова Ақерке Ғабитқызы
Алматы облысы
Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылы
«М.Ломоносов атындағы орта мектеп» КММ
бастауыш сынып мұғалімі
Алып бәйтерек – жел тұрса да қайыспайтын терең тамырлы, жапырағы жайқалған, сүрінгенге сүйеу, шаршағанға медет болар қорғанның көрінісі іспетті. Иә, Көктүріктен таралған, мейірі күн нұрынан жаралған Қазақ елін қоғам зиялылары осынау алып бәйтерекке балап жатады. Онысы да тегін емес. Тауқыметті тағдыры кедір-бұдыр қоғамның көлеңкелі тұстарын көресіндей-ақ көрді. Сан мәрте сүрінсе де сүйретіліп тұрды, жел тұрмақ, дауыл соқса да кеудесін тосты, не керек, өсті, өнді. Бүгін еңсесін тіктеп, «Мәңгілік Ел» мұратына бет түзеді.
Терезесі тең, керегесі кең, шаңырағы биік еліміздің тарихы мен мәңгілік елдің іргетасын қалап кеткен Керей мен Жәнібектен бастау алған қазақ елінің мәңгілік ел болуы, құрылуы осының айғағы. Асан қайғының армандаған «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманы қазақтың басына енді туды. Ол – Тәуелсіздік. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: – «Мәңгілік Ел ата-бабамыздың сан мыңдаған жылдар бойғы асыл арманы екені баршамызға белгілі. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең, әлем қатынасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атану еді, ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргесін қаладық.
Мен қоғамда «қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек» деген сауалдың жиі талқыланатынын естіп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол Мәңгілік Ел идеясы. Тәуелсіздік арқасында халқымыз мәңгілік мұраттарға қол жеткізді, еліміздің жүрегі Елорда тұрғызылды. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ Мәңгілік Қазақтың перзенті. Ендеше Қазақ Елінің ұлттық идеясы Мәңгілік ел» – деген еді.
Еліміз «Мәңгілік Ел» болу үшін – ана тілі тұғырлы, ата діні ғұмырлы, бірлігі берік, бағыты айқын ұлт болуымыз тиіс.
Біріншіден, тіл бірлігінің мысалы Еуропа елдерінде де, әлемнің басқа құрлықтарында да жеткілікті. «Қазақстан» деген атаудың өзі халықаралық терминде «Қазақ елі» дегенді білдіреді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру үшін жұмыла жұмыс жүргізуге шақырды. Бұл тұрғыда «Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Ол тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпау қажет. Белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажет деп санаймын. Сондықтан жақын арада азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп, қабылдауымыз керек», – деді Президент.
Екіншіден дін саясаты. Араб елдерінде мемлекеттік саясат Ислам құндылықтарына қарай құрылған. Мәселен, араб әлемінде мемлекет тарататын ақпараттың 90%-ы осы дін тақырыбына арналады екен. Ал халқының 70 пайызын мұсылмандар құрайтын Қазақстан үшін осы бағытты ұстанудың мүмкіншілігі жеткілікті деп ойлаймын.
Үшіншіден ұлттық бірлік тұрғысынан біз тек бір ғана жергілікті ұлт өкілдерінен құрылған мемлекет емеспіз. Бүгінде бір ғана ұлттан құралған мемлекет саусақпен санарлық. Бiздiң мемлекетiмiзде көп ұлттың өкілдері тұратыны ақиқат. Бiрақ, ол бiздi унитарлық, ұлттық мемлекет құқығымызға әсер етпеуі тиіс. БҰҰ 1992 жылғы жіктеуі бойынша Қазақстан ұлттық мемлекеттер қатарына кіреді.
Төртіншіден, азаматтық біртұтастық, яғни мүдде бірлігі, құндылықтар бірлігі. Міне, ұлттық идея дегеніміз – жасына, қоғамдағы орнына, дәулетіне, мүмкіндігіне қарамай, ұлттың бәрі мойындайтын, сол үшін жан алып, жан беруге әзір заң, символ, символдық ұғым. Оған қазір екіге бөлініп кетердей болып көрініп тұрған қазақ тілділер мен орыс тілділер, қала тұрғындары мен ауыл тұрғындары, дәулеттілер мен кедейлер де мойынсұнуы керек. Сонда ғана бұл Ұлттық идея дәрежесіне жетеді. Тіл – осы Ұлттық идеяны жүзеге асыратын негізгі ұйытқының бірегейі.
Нұрсұлтан Назарбаев: «Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру аса қиын екені баршаға мәлім. Бұл әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік, талай елдің тағдырын құрдымға жіберді. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама. Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуіміз керек. Ол сабақтың түйіні біреу ғана, ол Мәңгілік Ел!» – деген еді.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы – халқымыздың бастан кешірген елеулі оқиғаларының бірі. Осы жылдар аралығында Қазақстан әлемде дамыған 50 мемлекеттің қатарына қосылды. Болашаққа жоспарланған 2030-стратегиясын мерзімінен бұрын іске асырып, алдағы мақсаттарды айқындау үшін Қазақстан-2050 жоспарын қолға алды. Ұлттың дамуын нақтылайтын, алға жетелейтін 5 институционалды реформа белгіленіп, ол реформаларды жүзеге асыратын 100 нақты қадам бойынша бүгінде нақты істер жүзеге асырылып жатыр.
Ел ішіндегі тұрақтылық пен тұтастықтың бірқалыпты дамуының шешуші факторы болып табылатын ұлтаралық бірлік пен қоғамдық келісім. Ал, бұл құндылықтар «Мәңгілік Ел» жалпыхалықтық идеясында көрініс тапқан. Мәңгілік елге айналу үшін тәуелсіздікті сақтап, елдігімізді нығайту басты мақсат.
Қорыта айтқанда «Мәңгілік Ел» – жалпы қазақстандық ортақ шаңырақтың ұлттық идеясы, әрі бабаларымыздың асыл арманын, аманатын жүзеге асыру. Яғни, «Мәңгілік Ел» болу – шектеусіз ғұмыры бар, тәуелсіз тұғыры бар, ғылым-білімі дамыған, бірлігі жарасқан алдыңғы қатарлы, әлем таныған алпауыт елге айналу. Бүгінгі Қазақстан – тізгінін мықтап ұстап, мемлекет құрушы ұлттың мүддесімен ұштастырып күллі қазақстандықтардың мұратына сәйкес келетін батыл да, салиқалы саясат ұстануға ұмтылу қажет. Ендігі міндет – бабалар аманатына адал болып, Ұлы Дала елінде тәуелсіздікті мәңгі ету.