Мадіхан Жайна Әлімханқызы
Түркістан облысы Қазығұрт ауданы
Қ.Сатпаев атындағы мектеп -лицейінің
ағылшын пәнінің мұғалімі
Ағылшын тілі сабағында оқытудың тиімді әдіс – тәсілдерін қолдану арқылы оқушылардың сын тұрғысынан ойлау дағдыларын дамыту
Жас мемлекетіміздің болашағы жарқын болуы үшін келешек ұрпағымыздың нақты мүмкіндіктерін анықтап, соның негізінде білім беру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Егеменді еліміздің ертеңі болашақ ұрпағымыздың білімінің тереңдігімен өлшенетіні анық. Сондықтан да, «мектептің тірегі де, тіреуі де – оқыта білетін мұғалім», — деп А.Байтұрсынұлы айтқандай, болашақ ұрпақтың білімді, әрі саналы болып өсуі мұғалімдерге тікелей байланысты. Мұғалімнің қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше, жас ұрпаққа заман талабына сай жан-жақты білім беруі мүмкін емес.
Елбасы жолдауында Қaзақстанның саяси әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қоса алатын, жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті тұлғаны дайындап, тәрбиелеу үшін ізденімпаз, жаңашыл, үнемі өз білімін жетілдіріп, сапалы білім берудің жолдарын іздестіріп, «оқыту үшін оқу», — деген мақсатты алған оқытушылар қажет. «Білім сапасы бірінші кезекте сапалы даярланған педагогтармен айқындалады, олар бұл білімдерін әртүрлі әдістер арқылы білім алушыларға береді» — делінген.
Болашақ ұрпақтың жаңаша ойлауына және олардың біртұтас дүниетанымының қалыптасуына, әлемдік сапа деңгейіндегі білім, білік негіздерін меңгеруіне ықпал ететін жаңаша білім мазмұнын құру – жалпы білім беру жүйесіндегі өзекті мәселенің бірі болуына байланысты, сабақ өткізу әдіс-тәсілдеріне де жаңа технологиялар енгізіліп жатыр. Сол технологиялардың бірі және бірегейі – «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» технологиясы. Жаңадан енгізілген пәндер қатарында ағылшын тілі, орыс тілі, жаратылыстану сынды заманауи қажеттіліктерге байланысты жүргізілетін пәндер бар. Мысалы, 8А сыныбымда «Табиғат әлемі» тарауында «Қауіпте тұрған жануарлар» тақырыбын биология пәнімен кіріктіріп өткіздім. Блум түймедағы бойынша сұрақтарды өздері құрастырып басқа топқа қойды:
Қарапайым сұрақ — Бұл сұрақтарға жауап берген кезде нақты фактілерді атау керек, мәтіннен белгілі бір мәліметті еске түсіріп, оны айтып беру керек.
-What is the red panda’s main source of food?
Дәлелдеуші сұрақтар — «Егер мен дұрыс түсінсем, онда …?»
«Мен қателесуім мүмкін, бірақ, меніңше сіздің айтып тұрғаныңыз …?»
-Do you really think that a blue whale is carnivore?
Интерпретациялық (түсіндірме) сұрақтар — Әдетте неге? деген сөзден басталады. -Why red pandas are disappearing?
Бағалау сұрақтары— Неге … жақсы, ал … жаман?»
- «… … айырмашылығы неде?»
- Бұл сұрақтар осы немесе басқа да оқиғалар, құбылыстар мен айғақтар
бағалау критерийлерін анықтауға бағытталған:
-Why is it good to join for environmental groups?.
Шығармашылық сұрақтар (жорамал) — «Қалай ойлайсыздар, … кейін (егер) … қалай болады?
-What do you think about endangered animals in Kazakhstan?
Шығармашылық сұрақтарда «егер» деген қыстырма сөз қолданылады. Ол алдын-ала болжайтын, жорамалдайтын шарттылық элемент .
Практикалық сұрақтар — «Әңгіме кейіпкерінің орнында болсаңыз, сіз не істер едіңіз?»
-What can we do to help saving endangered animals?
Тиімді өтуі яғни, нәтижесінде осындай сұрақтар құрастырып жауап беру арқылы оқушылар ойлау деңгейінің жоғары сатысына шығады. Осы сабақта балалардың бойына сіңіруге арналған кіріктірілген оқу бағдарламасындағы құндылықтар, мысалы, «Қазақстандық патриотизм және азаматтық жауапкершілік» құндылықтары дарытылды.
Жаңартылған білім беру мазмұнының басты ерекшелігі:
- Оқу дағдылары (оқылым, айтылым, тыңдалым, жазылым).
- Ойлау дағдылары (білу, түсіну, қолдану, талдау, салыстыру, бағалау).
- Шығармашылық ойлау дағдысы.
- Логикалық ойлау дағдысы.
- Сыни ойлау дағдысы.
- Алгоритмдік ойлау дағдысы.
- Критикалық ойлау дағдысы.
- Проблемалық ойлау дағдысы.
- Технологиялық ойлау дағдысы.
- Тілдік құзіреттілік дағдысы.
- Оқушылардың коммуникативтік дағдыларын дамыту.
Оқушыларды сабақтан кейінгі ізденіс пен зерттеуге ынталандыру үшін мынандай қызықты практикалық тапсырмаларды беруге болады:
— Интервью алу, сауалнама құрастыру және оны өткізу, дербес зерттеулер немесе бірлескен (шағын топ құрамында) зерттеулер жасау, шығармашылық жұмыстарды орындау (эссе, шығарма жазу, тест сұрақтарын құрастыру), плакаттық жоба жасау, сценарий жазу және сахналық қойылымды дайындау (не режиссер, не актер рөлінде), видео камераға (немесе ұялы телефонға) түсіру, шолу жасау, пікір сұрау, мәлімет (ақпарат) жинау, жоспар жасау, жоба жазу (мұнда «Сын тұрғысынан ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» жобасының идеялары қолданылды).
Оқушылардың тілдік дағдыларын жетілдіру үшін эссе, авторға, досына хат жазу тапсырмалары үздіксіз жүзеге асуда. Оқушы бойында дағды жақсы қалыптасқан жағдайда халықаралық IELTS емтиханын тапсыруда қиындық тумайды.
Тек дәстүрлі тапсырмаларды («Келесі параграфты, оқу, пәленшесінші жаттығуды орындау не пәленшесінші есепті шығару» секілді) ұсынбау керек. Әр тапсырманың негізінде ҚЫЗЫҚ жату қажет: тақырып та қызық, оны орындау нысаны да қызық, келесі сабақта жариялау да (көрсету, таныстыру, бағалау) қызық. Егер қызық болса – оқушы берілген тапсырманы орындайды, қызық болмаса – орындауы екіталай.
Өз тәжірибемде оқушылардың шығармашылық ойлау дағдыларын қалыптастыру үшін «Кросс сенс» әдісін қолданып жүрмін. Осындай тапсырмалар арқылы оқушылар ізденіп логикалық ойлауын дамытады. Төмендегі тапсырманы оқушы өзі құрастырған. Осы әдіс бойынша әр суретті келесі суретпен байланыстырып соңында атақты спорт жұлдызының аты шығуы керек.
Жаңа оқу бағдарламаларының ерекшелігі – оның ХХІ ғасыр дағдыларын дамытуға бағытталғандығында:ақпаратты іздеу, талдау және интерпретациялау дағдыларын дамыту;
адам, табиғат және қоғам туралы олардың бастапқы білім қорларын қалыптастыру (әлемнің біртұтас бейнесі);
рухани-адамгершілік құндылықтарын дамыту; оқудың функционалдық дағдыларын қалыптастыру: санау, оқу, жазу, өз ойын нақты әрі дәл жеткізе білу, себеп-салдарлы байланыстар орнату [3]
Егерде біз осылайша жасасақ, онда оқушыларымыздың тереңінен ойланып, әр тапсырманың не үшін берілгенін түсіне оның байыбына үңіліп, іздену және зерттеу жұмысын жан-жақты жүргізіп, соңында өз әрекеттерінен қандай нәтиже шыққанын түсініп те, түсіндіріп те, талдай да алып, оның өзіне не бергендігін, білімі, білігі мен дағдыларын қалай дамытқанын, толықтырғанын бағалай алатындығын көретін боламыз!
«Адам естіп білгені арқылы ғана жетілмейді, еңбек пен іс-әрекет үстінде қалыптасады » деп атақты неміс ғалымы Альберт Эйнштейн айтқандай алған теория білімімді тәжірибе жүзінде іске асырудамын. Мен өз тәжірибемде жаңартылған білім беру мазмұны аясындағы курста , сонымен қатар « Блум таксономиясы бойынша сұрақтар мен тапсырмалар модельдері» атты курстарда оқыған әдіс-тәсілдерімді пайдаланамын. Атап айтсам: «Дананың кілттері», «Блум түймедағы», «Автор орындығы», «Ойлаудың алты қалпағы», «Синквейн», «Кубизм», т.б. әдіс-тәсілдерді үнемі сабақ барысында жеке, топтық, үштік одақта жасатамын. Мысалы Тони Райан жасаған «Дананың кілттері» (Тһіnkеr’s Кеуs) бірқатар ойлауды талап ететін тапсырмаларды орындауда студенттер алдарындағы 20 кілттің біреуін таңдай отырып артында жазылған тапсырмаға жауап береді.
Қорыта айтқанда, жеке тұлғаны дамытуда шығармашылық сабақтарды өткізудің, сын тұрғысынан ойлау әдістерінің оқушының өз бетімен ізденуіне, жан-жақты дамуына тиімді екені байқалды.