ОҚУШЫНЫҢ БОС УАҚЫТЫН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ
Қай кезеңде болмасын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру қоғам алдындағы ең жауапты, маңызды іс. Мемлекетімізде жас ұрпақтың жан-жақты дамуымен бірге тәрбиесіне де ерекше назар аударылуда. Ұрпақ тәрбиесі – баршаның ісі. «Егер сен алдыңа бір жылдық мақсат қойсаң егін ек, бірнеше жылға мақсат қойсаң – ағаш отырғыз, ғасырларға мақсат қойсаң – ұрпақ тәрбиесімен айналыс», – дейді халық даналығы.
Елдің елдігін сақтап, көркейтетін, басқа елдермен терезесін тең етіп өркендетіп сондай-ақ болашағын айқындап беретін жастайынан алынған тәрбие. Тәрбие тек сабақ берумен ғана шектелмейді, ол сабақтан тыс уақытта да жалғаса береді және тереңдетіле жүргізіледі. Дұрыс тәрбие – балаға өмір бойы азық. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын», – дейді қазақтың біртуар ақыны Абай. Бұл – өмір шындығынан алынған данышпандық сөз. Баланы тәрбиелеу үздіксіз процесс, ол оның бос уақытында да жүзеге асырылады. Адам өмірінде бос уақыттың ролі ерекше. Ол демалу, тынығу үшін емес, рухани қажетін өтеуге, ойлау қабілетінің жетілуіне, жалпы жан-жақты болуына арналады. Балалар ұйымы, ата-аналар, бүкіл жұртшылық балалардың бос уақытын өміріне пайдалы тәрбиелік мәні болатындай етіп өткізулеріне көмектесулері керек, ол оңай мәселе емес екендігі анық, себебі оқушының бос уақытын ұйымдастыру тәсілдері сан қилы. Балалардың жеке басының қасиетін дамытуда отбасы, мектеп, қосымша білім беру мекемелері мектептен тыс уақытта жүргізілетін іс-шараларды кіріктіре ұйымдастыру арқылы дамыған жеке тұлғаны қалыптастыра алады. Балаларға қосымша білім берудің құндылығы сол, жасөспірімдерге өз-өздерін кәсіби бағдарлауда көмектеседі, қоғамға бейімделу дағдыларын дамыта алады, және бос уақытты толыққанды ұйымдастыру мүмкіндігін алады. Қосымша білім – тәрбие үрдісін ізгілендірудің негізгі мақсаттарын оқушыларға даралап ықпал ету арқылы іске асыра алады. Қосымша білімнің бір саласы – ол музыкалық мектеп. Музыкалық мектепте білім беру жүйесі кәсіби музыкалық білім беруге, рухани адамгершілік мәдениетін жетілдіруге, эстетикалық тәрбие беруге және оқушының бос уақытын тиімді пайдалануға бағытталған. Ол үшін мектепте мынадай мақсаттарды алдыға қоямыз:
- Жеке тұлғаның жоғары адамгершілік қасиеттерін дамыта тәрбиелеу;
- Музыкалық кәсіби білім беру;
- Шығармашылыққа жағдай жасау;
- Дарынды балалардың мүмкіндігін ашу;
- Азаматтық пен патриотизмге, өз Отаны – Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздер мен мемлекеттік тілді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қастерлеуге тәрбиелеу;
- Оқушының бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру.
Олардың мұндай қабілеттерді өз бойына жинақтауына мамандық аспабы, хор, вокал, сольфеджио, ұлт-аспаптар оркестрі, қазақ музыкалық әдебиет, орыс-шет ел музыкалық әдебиеті, т.б. пәндер арқылы жүзеге асырамыз. Белгілі ақын, зерттеуші Мағжан Жұмабаев: «Тәрбие – кең мағынасымен алғанда, балаға тиісті азық беріп, сол баланың дұрыс өсуіне көмек көрсету деген сөз» – деген. Тәрбиедегі ең басты ережелер – балаға керекті кезде назар аудара білу, оған деген махаббатты қай жаста да көрсете білу, оның көзқарастарын ерекшеліктерін түсіне білу және уақытты тиімді пайдаланудың маңыздылығын түсіну. Ал уақытты тиімді пайдалану дегеніміз – жақсылыққа ұмтылу. Адам өміріндегі ең қымбаты – ол «уақыт». Бос уақытты тиімді өткізу бала тұлғасының қалыптасуына үлкен ықпалын тигізеді.
Байдарбекова Эльмира Садуовна,
Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының «Түркістан облысының әдістемелік орталығының» қосымша білім беру әдіскері.