Home » Жаңалықтар » МЕКТЕПКЕ ЖОЛ

МЕКТЕПКЕ ЖОЛ

«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ  ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚТАН БАСТАЛДЫ
Тамыз айы басталғаннан ата-аналар жаңа оқу жылына дайындыққа қызу кірісіп кетеді. Оқушының мектеп формасы, оқу құралдары, спорттық киімі, сөмкесі, аяқ киімі, қысқасы, бұл науқанда қалтаны біраз қағуға тура келеді. Әрине, баласы үшін еш ата-ана аянып қалмасы анық. Барын салып, баласын ешкімнен кем қылмауға әрекет етеді. Қу тіршілік қос бүйірден қысқанда шарасыз күйге түсіп, баласын мектепке дайындай алмай қиналатын жағдайлар да жиі кездеседі.

Осындай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында елімізде «Мектепке жол» акциясы жұмыс істейді. Бұл акция аз қамтылған және көп балалы отбасылардың оқушыларына көмек көрсетуге және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алуға бағытталған. Биыл он екінші рет ұйымдастырылып отырған бұл жоба көптеген отбасының мектепке дайындық жұмыстарын жеңілдетуге сеп болып отыр.
Жыл сайын тамыз айының алғашқы күнінен басталатын акцияға демеушілер мен меценаттар тарапынан көрсетілетін көмек-қолдаулардың маңызы зор. «Бала – біздің болашағымыз» екенін тереңнен түсінетін жомарт жандардың  сол болашақтың алаңсыз ержетіп, еліне еңбек етуі үшін жағдай жасап, көпке  үлгі болулары қуантарлық жайт.

Өткен оқу жылында осы акцияның аясында мектебіміздегі  42 баланың мектепке дайындығына 400 мың теңге көлемінде қолдау көрсетіліп, қажетті құрал-жабдықтар мен киімдер үлестірілген болатын. Биыл да республикалық «Мектепке жол» акциясына барлық деңгейдегі мекеме басшылары, аудан әкімдері, кәсіпкер азаматтар, мемлекеттік қызметкерлер, үкіметтік емес ұйымдар, аудан тұрғындары атсалысуда. Аталмыш  шараға мектебіміздің ұстаздарымен қатар, шағын кәсіпкерлер де белсене қатысты. Атап айтқанда, мектеп ұжымының демеушілігімен 10 оқушыға мектеп құралдары таратылса, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Дулат Тұрсынұлы Тастекей       6 оқушыға мектеп формасы мен оқу құралдарын тарту етіп, адамгершілік пен азаматтық парызын танытты. Сондай-ақ, Жетісу ауданының әкімшілігінің демеушілігімен 20 оқушыға  «Glasman» тігін фабрикасының 50 000 теңгелік сертификаты және оқу құралдары салынған сөмкелер сыйға тартылды. «Мектепке жол» акциясы аясында “Novotel Almaty City Center” қонақүйінің әкімшілігі мектебіміздің көпбалалы отбасыларынан шыққан 10 оқушыға (5-8 сынып) кеңсе тауарлары салынған рюгзактар сыйға тартылды. Балаларымызға қуаныш сыйлаған абзал жандарға  мектеп ұжымы атынан зор алғысымызды білдіреміз!

Осындай қоғам алдындағы жауапкершілікті жүрегімен сезіне білетін әрбір адам қайырымдылық шарасынан шет қалмайтыны белгілі.

Қайырымдылықты, ізгілікті негізге алған осы бір маңызы зор «Мектепке жол» науқанының аясында берекелі, бірлігі жарасқан ел екенімізді танытып, барлығымыз бірдей мұқтаж жандарға көмек қолын созсақ, нұр үстіне нұр болары анық.
Қорыта айтқанда, біз қайырымдылық іс-әрекеттерімізбен тек балалардың ғана емес, бүкіл қоғамның болашағын жарқын етуге атсалысамыз. Әрбір бала өмірге мейірім мен махаббатқа толы көзқараспен қарауға лайық. Осылайша, біз болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына, келешекке сеніммен қадам басуына   мүмкіндік береміз.

 

                                                          Алматы қаласы, Жетісу ауданы
№108 жалпы білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Егиншиева Салтанат Нурлыбековна

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.