Home » Мақалалар » ӘЛЕМ ТАНЫҒАН АБАЙ

ӘЛЕМ ТАНЫҒАН АБАЙ

Идирисова Жулдуз Канатбековна
Тараз қаласы
Жамбыл облысы Жамбыл ауданы
Бесағаш ауылдық округі
«Нұршуақ» бөбекжай-бақшасының
тәрбиешісі

 

Бүгінде жаһандану заманында жас ұрпаққа әлемдік стандартқа сәйкес білім беру мәселесі республикамызда ғылыми-педагогикалық тұрғыда ізденіспен әлемдік жинақталған тәжірибеге, отандық қол жеткен табыстарды саралай отырып, ұлттық ерекшеліктерді ескере, оқыту мен тәрбелеуді жаңаша ұйымдастыру көкейкесті мәселе болып отыр. Осыған орай ғылыми техникалық прогрессия дамыған уақытта алған мәліметтерінің технологиясының ерекшеліктері туралы сөз қозғамақпыз. Келешектің кез келген маманы мәліметтерін өз жұмысында тиімді пайдаланғысы келсе, онда ол өз саласы бойынша алға қойылатын проблемаларды тұжырымдай алуы тиіс.

Абайдың  асыл  мұралары  қазір  де  өзекті, жас  ұрпақты  тәрбиелеуде   маңызды  құрал   болып  отыр. Ендеше, бүгінгі  ұрпақ,  біз  үшін  Абай – ұлы  ұстаз,   ал  оның  мұралары – Мәңгілік  Елдің  таусылмас асыл қазынасы. «Өлді  деуге  сыя  ма,  ойлаңдаршы,  өлмейтұғын  артына  сөз  қалдырған», —  деп ақынның  өзі  айтып  кеткендей,  Абай бүгін  жарқын  бейнесімен,  жалынды  жырымен, нақыл сөздерімен  бізбен  бірге  жасасып  келеді.

Абай өз заманында жазып қалдырған баға жетпес мұрасы бүгінгі және келесі таңымыздағы жастарға ақыл-өсиет, тәлім-тәрбие ретінде сабақ болады.

Менің ойымша, осы таңдап алынған тақырыбымның өзектілігі – адамгершілік пен ар-ұят бар жерде шындық пен әділдік болады және тәрбиесі бар жас ұрпақ адамгершілік рухы жоғары болады.

Әлемдік деңгейдегі ақындардың  бірі, мәдениет, пәлсапа, музыка, ой дүниесінің алыбы, гуманист, моралист, ағартушы-демократ, шешен, заңгер, әділ би, аудармашы, қоғам қайраткері, тәрбиеші — ұстаз Абай тек бір ұлттың  көлемінде ғана емес, адамзат әлеміндегі ірі құбылыс.

Қазақтың  бас ақыны Ұлы Абайдың өлген күнінен қаншама алыстасақ та, оның өнерін қазақ халқы ешқашан ұмытпайды. Абайдың өзі өлгенімен сөзі өлген жоқ. «Өлді деуге сыя ма айтыңдаршы, өлмейтұғын  артына сөз қалдырған», — деп кемеңгердін өзі айтқандай, Абай — артына өлмейтұғын  сөз, өнеге, өсиет қалдырған. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ғасырдан-ғасырға асып,  туған халқымен бірге жасаса беретін кемеңгep.

Сырт қарағанда Абайды білмейтін қазақ жоқ секілді. Көзімізді ашқаннан Абай есімі  жадымызда, бейнесі көз алдымызда.  Мектепте Абайды оқып жатырмыз, қала сайын Абай атында көше бар. Абай атында қала, аудан, ғылыми  институт, университет, көптеген театрлар, колледж, мектептер бар. М.Әуезовтен бастап Абай туралы қалам тартпаған ақын-жазушы жоқ. Абай жөнінде кино және басқа өнер шығармалары да жеткілікті. Ақын әндері күн сайын шырқалып, кітаптары қайта басылып шығып жатыр.  Абай — өткен мен өз заманын салыстыра отырып, артына ұлы өсиет қалдырған хакім. «Әрбір ғалым — хакім емес, әрбір хакім – ғалым» дейді Абай. Абайдың хакімдігі оның әр сөзінен, әр өлеңінен  білінеді.

Осыдан бір жарым ғасыр бұрын Абай қазақ намыстан, ар-ұяттан, береке-бірліктен айырылды деп күңіреніп еді. Біз сол Абай айтқан намыс, ар-ождан, береке-бірлікпен қоса, тілімізден, дінімізден, қайырымдылықтан, мейірімділіктен айырылып қала жаздадық. Бүгінде халық қамын ойлайтын-дардан қарын қамын ойлайтындар көбейді. Елдің елдігін сақтап тұратын —   намыс.  Намыссыз  жұрт  елін де, жерін де қорғай алмайды. Көрінгеннің  шылауында кетеді. Міне,  Абай өле-өлгенше осыны айтып кетті.

Абай ең алдымен ел болуды, қазақтың қатардан қалмауын аңсады. Иә, Абай арманы орындалды. Тәуелсіздік алдық. Ел қатарына қосылдық. Іргелі мемлекет құрудамыз. Әлем қауымдастығына мүше болдық. Дамыған елу елдің қатарына қосыламыз деген мақсатымыз да Абай арманымен ұштасып жатыр. Бірақ, Абай айтқан келеңсіз қылықтардан қазақ арылып болған  жоқ. Абай айтқан «баяғы жартас бір жартастың кебін» әлі де киіп отырған сияқтымыз. Жалқаулық,  алауыздық, өсекшілдік, билікшілдік күні бүгін де бар. «Заман ақыр жастары, қосылмайды бастары», «Жаны аяулы жақсыға қосамын  деп, әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып», — деп Абай айтқан сүйекке біткен кесел әлі бойымызда жүр. Абай айтқандардың  үстіне, бүгінде тіл азабы,  ұлтсыздық азабы, миссионерлер мәселесі қосылды.

Ақын қара сөздерінің тілі сырттай, тұтас алып қарағанда бір стильдік үлгіде болғанмен іштей, жіктей оқығанда, осы үлгінің өзінде азды-көпті айырым жайлар байқалады. Ақынның поэзиясындағы талғампаздық, яғни сөз етіп отырған тақырыбына орай өлеңдік үлгі, форма іздену сияқты талғампаздық қара сөздері тілі тұтасында да көрінеді.

Абай тегінде поэзиясы сияқты қара сөздерінің де оқушысы кім болғанын көптен-көп ескеріп отырған болса керек. Сондықтан да бұлар қазақтық мінез, бұқара халыққа сөз болған орайда лексикасында араб, парсы сөздерінің барынша сирек ұшырасатыны сияқты, сөйлем жүйесінде, барынша қарапайымдылық, ауызекі әңгімелесу стиліне дін оңай, жеңіл оралымдар үстеме болып келсе, діни мораль, дін ережелері сөз болған шақта әрі дін иелерімен, ескіше оқығандармен пікір сарабына түсіп кететін реттерде лексикасында араб, парсы сөздері, діни лексика құран аяттары, түркі кітаптарына тән грамматикалық формалар көп енгізілетін сияқты, сөйлем құрылысында да өзгеше бір ерекшелік кездеседі.

Адамзат тарихында адамгершілікке байланысты пайда болған категоряларға мыналар жатады.: жомарттық, батырлық, ерлік, әділдік, кішіпейілділік, адалдық, шыншылдық, ұяттылық, ар мен намыс.

Адамның адамгершілігі – оның жоғары қасиеті, былайша айтсақ, кісілігі. Оның негізгі белгілерінің бірі – адамдық ар-намысты ардақтау, әр уақытта жақсылық жасауға ұмтылу, соған дайын болу, «Өзің үшін еңбек қылсаң, — дейді Абай, — өзі үшін оттанған хайуанның бірі боласың. Досыңа достық – қарыз іс, дұшпаныңа әділ бол». Ақылды, мейірімді адам кез келген уақытта өзгенің жақсылығын бағалағыш болып келеді. Арлы адам – ардақты. Біздің ортамызға осы сапаларды бойына сіңіріп қана қоймай, өзінің қоршаған ортаға таратушы болуың керек. Осындай өз сапаларымен жас ұрпақты тәрбиелеуші ұстаздар аз емес. Адамгершілігі мол адам — басқаларға қашан да үлгі — өнеге.

Осы жайды ескеріп, Абай енді қара сөзінде сол өлеңдерінде айтылатын ойларының бірталайын жаңа сөзбен таратады. Сондықтан кейбір қара сөздерінде бұрынғы өлеңінде айтылған ойлар жеңіл, қарапайым, оңай ұғымдар мен қайтадан айтылады. Бұл жөнінде көпшілік оқушы, тыңдаушысымен әңгімелеседі және сол әңгіменің үстінде адамгершілік мәселелерінен; әділет, ақтық, турашылдық, шындықты, сүйгіштік, ғылымға құмарлық, еңбекті бағалағыштық сияқты жайларды айтады. Немесе осылардай, адамдық, жалғаншылық, бәлеқұмарлық, мақтаншақтық, мансапқорлық, өсекші-өтірікшілік, еріншектік, әр алуан арамтамақтық сияқты мінездердің барлығын айтқанда, Абай сол жайларды тыңдаушының көңіліне, көкейіне қонымды ету жағын алдымен ойлайды. Айтпақ сөздері мен ойларын мысалдармен келтіреді. Кейде өзі көп алдында отырғандай, тыңдаушысына сұрақтар береді. Өзі онымен жауаптасып, әңгімелескен кісі тәрізденіп отырады. Мысалдарды қазақтың Абай заманындағы күнделік болмысынан алады.

Абай Құнанбаевтың жазған қара сөздерінің тәрбиелік мәні өте зор. Біз одан үлкен ғибрат аламыз. Әр сөзі терең ойға, өзіңді, ортаңды тануға, жақсы қасиеттерді бойыңа дарытуға, жаманнан аулақ болуға жетелейді. Абай сол заманғы қазақтың басты проблемасы философиямен көп айналысты. Абай атамыздың әрбір сөзін қайта оқып, тереңірек барлай бастасақ, олардың қыр – сырлары қайта ашыла түседі.

Шындығында Абай тағылымын дәріптеу, оны терең түсіне білу, меңгеру оңай емес. Абайдың шығармаларында даналық басым. Өмірде ар-ұят пен иманды қатар ұстау керек. Сонда адам баласы артына жақсы ұрпақ қалдырады. Ұят пен иман – адам өмірінің негізгі қасиеттерінің бірі. Адам баласының бақыты оның ар-ұяты таза болуында. Абайдың қара сөзіндегі ар-ұят қазіргі жас ұрпақтарымыздың бойында аз да болса бар екенін дәлелдедік. Сонымен қатар үлкен кісілер мен жастардың ар-ұят түсінігінде айырмашылық бар екенін анықтадым. Абайдың поэзиялық мұрасына қоса қара сөздері беретін бір заманда бағасы жойылмайтын бір үлкен қымбат қазына – деп ойлаймын.

Адамгершілік қасиеттер отбасында, қоршаған ортада, балалар бақшасында, мектепте, адамдардың іс-әрекетінің барысында бір-бірімен араласуы нәтижесінде, қоғамдық тәжірибе алуын өмірмен байланыстыру арқылы қалыптасады. Халықта: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақал бар. Сондықтан адамгершіліктің іргетасы отбасында басталады. Тәлім-тәрбие болмаған жерде адамгершілік мәдениеті мен қасиеті де қалыптаспайды дегеніне көзім толық жетті.

Абайдың осы қара сөзінде «ұят болса – иман сонда» деген мәселеге көңіл бөлсек алдымен «иман» сөзіне тоқталайық. Иман – араб тілінен шыққан сену деген сөз. Иман дегеніміз – иланған көңілімен ықтияр болушылық делінген ислам дінінде. Иман ол сенім, адам сенімсіз, үмітсіз, армансыз өмір сүре алмайды. Сенім дегеніміз – адамның өмірде өзі ұстанатын принциптері мен мұраттарына терең негізделген нанымы.

Қазіргі тәуелсіз елімізде ғасырлар бойы халқымыздың көкірегіне ұялап, қанына сіңген ислам дінінің имандылық қағидаларын адамдар арасындағы ізгілі, қайырымдылық, адалдық, әділдік қарым-қатынас негізіне алып, жас ұрпақты тәрбиелеуге пайдаланудың сыры тым тереңде жатыр. Осыны ескере отырып иман жүзді адамдарда төмендегідей қасиеттер болу керек деп ойлаймын:

Имандылық бастаулары — әдептілік, кішіпейілділік пен қайырымдылық, жомарттық, ар-намыс, ұят-абырой тағы басқа әдеп, имандық. Ар-ұят, иманды жан ешкімнің ақысын, жеп ала жібін аттамай, өз еңбегімен дүние жинап күн көріп жатқан, кісіге қиянат жасамайтын жан. Бұл адамның ең тамаша қасиеттерінің бірі. Өз бойына осы бір қасиеттерді дарыта білген адам иманды деп танылатыны сөзсіз. Иман – деген қазақ даласында ар білімінің басты ұғымына айналған. Халқымыздың жақсы адамды иманжүзді дейтіні де содан. Мұсылмандық түсінікте иманды адам ғибратсыз болмайды.

Абай адамның адамгершілік, имандылық, ар-ұят сезімдеріне айрықша мән береді. Осындай сезімдерді бойға дарыту үшін адам жаман мінезден арылып, өзін-өзі тәрбиелеуі керек деп есептеймін. «Адамға ең бірінші керегі білім емес, тәрбие. Тәрбиесіз білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі». Әбу Насыр Әл-Фарабидің осы сөзін әрдайым жадымызда сақтауымыз керек деп ойлаймын.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Бітібаева Қ. Абай шығармашылығын оқыту. -Алматы: «Мектеп» баспасы, 2003. — 232 бет.
  2. Абайдың қара сөздері. -Алматы: Өнер, 2010. -124 бет.
  3. Әуезов М. Абай Құнанбаев. Монографиялық зерттеулер мен мақалалар. — Алматы, «Санат», 1995. — 320 бет.
  4. Досжан Д. Абай айнасы. — Алматы: Қазақстан, 1994. — 368 бет.
  5. «Ұлағат», 2008 №2, 28-34 беттер
  6. «Жас алаш» газеті, 1997 ж. 31 мамыр.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.