Бекбердиева Гүлназия Әлімбекқызы
Түркістан облысы
Түркістан қаласы
Ж.Еділбаев атындағы
№18 мектеп-гимназиясының
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Мақсаты: Білімділік: Ұлы дана, ойшыл Абай мұраларын насихаттау. Рухани асыл мұраларын түсініп айтқызу арқылы бала бойына сіңіру.
Дамытушылық: Көркем сөйлеуге, өз бетімен ізденуге, шығармашы-лықпен жұмыс істеуге машықтандыру.
Тәрбиелік: Ойшыл ақынның даналық сөздерін оқытып, әдебиетке деген сүйіспеншілігін оятып, егеменді еліміздің жан-жақты азаматын қалыптастыру.
Көрнекіліктері: Қазақтың ұлттық бұйымдары. Абай шығармалар көрмесі.
1-жүргізуші: Құрметті ұстаздар! Қазақ халқының ұлы ақыны, кемеңгер ұстазы, рухани айбары, туған елінің мың жылдық мұңын шерткен ұлы Абай шығармашылығына арналған «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты әдеби кешімізге қош келіпсіздер!
2-жүргізуші: Жүрегін шырақ етіп жандырған кім?
Жырымен жан сусынын қандырған кім?
Өзіне-өзі орнатып ескерткішті,
Мұра қып, кейінгіге қалдырған кім?
Талабын тас қияға өрлеткен кім?
Құбажон, құбақан құм, құла қырда,
Өлеңнің биігінде тербеткен кім?
1-жүргізуші: Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен кім?
Үнінен әділдіктің лебі өскен кім?
Арманын аттандырып, келешекке
Біздермен осы күнгі тілдескен кім?
Тайсалмай мыңмен жалғыз алысқан кім?
Жауына найза сөзін шанышқан кім?
Өзендей құйғын барып көк теңізге,
Лермонтов, Пушкиндермен табысқан кім?
2-жүргізуші: Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс» дейді. Орыстар үшін — Пушкин, ағылшындар үшін — Шекспир, грузиндер үшін — Руставели қандай ұлы құбылыс болса, қазақтар үшін Абай да сондай теңдесіз құбылыс.
1-жүргізуші: Ұлы Абайдың өлеңдерімен сусындап, қалалық, облыстық деңгейдегі сайыстарда өнер көрсетіп жүрген өнерпаз оқушыларымыздың Абай мұражайына саяхат барысын тамашалауға шақырамыз.
Гид: Саламатсыздар ма, балалар. «Абай» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориялдық мұражайына қош келіпсіздер! Абайдың өмірі мен ақындық жолына байланысты материалдар жинақталған мәдени мекеме 1940 жылы 16 қазанда М.Әуезовтың ұсынысы бойынша Абайдың 95 жылдық мерейтойына орай ашылған. Оның негізгі қорын 1885 жылы өлкетану мұражайына Абай тапсырған заттар құрайды. Бас мұражай экспозициясы бірнеше залдан тұрады. «Абай және оның дәуірі» залында өздеріңіз көріп тұрғандай Абай және отбасы қолданған бұйымдар орналастырылған. «Қазақ халқы ақын атын ардақтайды» залында Абай өміріне байланысты архивтік материалдар, түрлі құжаттар, қазақ халқының тұрмыстық-этнографиялық өмірін бейнелейтін заттар, қол өнері мен бейнелеу өнерінің туындылары орналастырылған. Абайдың портреттері, пайдаланылған заттар орналас-тырылған. Келесі «Үш қайнар бұлақ» залына өтейік.
(Абай ескерткішіне үңіліп, ойға батқан балаға Абай «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» өлеңімен үн қатады.)
Алихан: Жүр, жүр бауырым саған не болды?
Қазыбек: Жаңа ғана маған Абай тіл қатты. Жүрегімнің түбіне терең бойла. Жүрегімнің түбіне терең бойла (күбірлеп тұрады).
Алихан: Әй, қиялшыл досым-ай. Абай өлеңдері десе ішкен асыңды жерге қоясың-ау. Абай өлеңдері кімге әсер етпейді дейсің? Мен де кейде Абайша тебіренем, ал кейде күңіренем («Өлсем қара жер сыз болмай ма» өлеңін тебіреніспен оқиды).
Гид: «Абай шығармашылығы» залында ақынның өлеңдері, қарасөздері шығармалары жинақталып шығарылған кітаптары орналасқан. Балалар, өздерің Абай шығармаларын оқисыңдар ма?
Қазыбек:«Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе.
Адалдықты іздесең,
Жаттап тоқы көңілге!» — деп С.Торайғыров айтқандай, Абайдың әр сөзін терең бойға сіңіріп, сезініп жүрген жастармыз. Күдік болмасын. Бізге осы жерде Абай жырларын оқып, әнін орындауға рұқсат беріңіз.
Гид: Әрине, рұқсат.
Қазыбек: Пах, шіркін! Елбасының «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы» деп айтқан рас-ау.
Даулет: «Қуат алып Абайдың тіл күшінен,
Жыр жазамын Абайдың үлгісімен,
Абай болып табынсам бір кісіге,
Абай болып түңілем бір кісіден» — деп ұлы Абайдың үлгісімен жазуды мақсат тұтқан Мұқағали атам сияқты бүгінгі мұражайға саяхат маған шабыт беріп тұрғаны. Абай атаға деген өз арнауымды оқып жіберсем.
Оқушылар қолпаштап оқуға шақырады.
Абайдың бірнеше өлеңі, қарасөздері, оқушы арнаулары оқылып, әні орындалады.
1-жүргізуші: Қарасөзі, қара өлеңі қарымды,
Толғады Абай мұңым менен зарымды.
Абай сынды дана туған халықтың
Ұл-қызы да болу керек дарынды. Жарайсыңдар, достар! (қол соғып, өлең оқыған оқушыларға ризашылығын білдіреді).
2-оқушы:Достар, Елбасы Н.Ә Назарбаевтың биылға жылды Жастар жылы деп жариялауы, жастардың бүгіні мен болашағына жасалған қамқорлығы болды. Жолдаудың арқасында ел көріп, жер көріп Абай мұражайын келіп керемет рухани азық алып бара жатырмыз.
1-оқушы: Абай кім? Ол-данышпан ақын,
Әр жүрекке сондықтан Абай жақын.
2-оқушы: Мөлдіреген бұлақтай мұрасы бар,
Сусындап ішкен сайын сарқылмайтын.
3-оқушы: Жырлары жалын атқан жұпар шашар,
Абайдың әлі талай даңқы асар.
4-оқушы: Жылдар жылжып, уақыт өткен сайын,
Ұлы Абай Ұрпағымен мәңгі жасар
1-жүргізуші: Абай әлемін бүкіл дүниеге таратушы кемеңгер М.Әуезов: «Абай – терең теңіз, алып мұхит, ал мен оның бетін ғана қалқыдым. Менің романымды терең ұғамын десеңдер, Абайды, Абай поэзиясын оқыңдар»- деген екен. Сіздер де бүгін Абай өлеңдерін тыңдап сол тереңнен дәм таттыңыздар деген ойдамыз. Кең пейілді ықыластарыңыз үшін рақмет.
Қош, сау болыңыздар.