Республикалық «Әділет.Рухани жаңғыру» газетінің бас редакторы Мұратбек Тоқтағазин «Құрмет» орденінің иегері атанды.
Мұратбек Балқыбекұлы Тоқтағазин 1964 жылы 1 шілдеде Семей облысы, Аягөз ауданы, Тарбағатай ауылында дүниеге келген.
1981 жылы Октябрь орта мектебін бітіріп, сол жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түседі. Оны 1986 жылы тәмамдап, арнайы жолдамамен сол кездегі Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары») газетіне қызметке жіберілді. 1990 — 1999 жылдарда республикалық «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің Целиноград (Ақмола) облысындағы меншікті тілшісі болып жұмыс істейді.
2000 жылдан бастап республикалық басылымдарда мақалалары, көсемсөздік туындылары жиі шығып, ғылым жолындағы жұмысын жүйелі түрде жүргізе бастады. 2010 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстанның Халық жазушысы Ә. Нұршайықовтың туындылары негізінде «Әзілхан Нұршайықов шығармашылығындағы деректік негіз және көркемдік сипат» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. 2011 жылдан бастап осы университеттің Баспасөз және баспа ісі кафедрасының доценті, соңғы 5 жылда профессоры ретінде журналистиканың, көсемсөздің өзекті мәселелерін кешенді зерттеп, 2 монография, 2 оқу құралын баспадан шығарып, 10 ғылыми жинақтың құрастырушысы, жауапты редакторы болды. 80-нен астам ғылыми-зерттеу мақалаларын Қазақстанның, Беларусь, Ресейдің және басқа шет елдердің ғылыми журналдарында, халықаралық басылымдарында жариялады. 2018 жылдан бастап әдебиеттану саласы бойынша қауымдастырылған профессор. Әлемдегі ірі библиографиялық және реферативтік Web of Science, Scopus деректер базаларында 5 ғылыми мақаласы жарияланған.
Мұратбек Балқыбекұлы педагогтік қызметінен бөлек өзінің журналистік мол тәжірибесін күнделікті баспасөзбен тығыз байланыста одан әрі шыңдап отырған. 2011 жылдан бастап «Әділет БАҚ МЕДИА» республикалық газетінің Астанадағы тілшілер қосынының меңгерушісі, осы басылымның бас редакторының орынбасары болса, 2012 жылдан «Әділет» ұлттық апталығының редакторлар Кеңесінің төрағасы, 2019 жылдан бастап «Әділет.Рухани жаңғыру» республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық газетінің Бас редакторы. Қоғамдық жұмысқа белсене қатысады. 2012 жылдан бері Бас редакторлар клубының вице-президенті.
М.Тоқтағазиннің шығармашылығы әр кезеңде тиісті бағасын алып отырды. 2000 жылы «Қазақстан Республикасы астанасының үздік журналисі» конкурсының, 2012 жылы республикалық «Асыл сөз құдіреті» конкурсының лауреаты, Қазақстан Журналистер одағы Дипломының иегері (2014). Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты (2015). «PRIMUS INTER PARES (ПЕРВЫЙ СРЕДИ РАВНЫХ) орденімен, «Европейское качество» (Gold medal «European Quality») алтын медалімен, Халықаралық М.Шолохов атындағы, Л.Гумилев және Ә.Нұршайықов атындағы медальдармен марапатталған. Ресей Жаратылыстану академиясының Құрметті ғылым докторы (DOCTOR OF SCIENCE, HONORIS CAUSA) болып сайланған.
Мұратбек Тоқтағазиннің отандық басылымдарда журналистиканың әртүрлі жанрларында жазылған 300-ден астам материалдары жарияланған. «Деректілік пен көркемдік», «Ақмола үшін айқас», «Кітап басу ісіндегі коммуникативті саясат және жарнама», «Эпистолярные жанры в публицистике Беларуси, России и Казахстана», «Замансөз заңғары» атты кітаптары жарық көрген. Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі», «Ақпарат саласының үздігі», «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Аягөз ауданының құрметті азаматы» және басқа төсбелгілермен марапатталған.
М.Тоқтағазин Халықаралық Ақпараттандыру академиясының, Еуразиялық Телевизия және радио академиясының, Қазақстанның Гуманитарлық ғылымдар академиясының толық мүшесі (академигі), Ресей Жаратылыстану Академиясының корреспондент-мүшесі. Масс-медиа зерттеушілерінің Ұлттық қауымдастығының (НАММИ), Бас редакторлар клубының мүшесі.
Бас редакторлар клубы қоғамдық бірлестігі