Home » Балабақша » Кішкентай экологтар — табиғат қорғаушысы

Кішкентай экологтар — табиғат қорғаушысы

Алматы қаласы білім басқарамасына қарасты КМҚК № 31 бөбекжай -балабақшасында «Кішкентай экологтар, табиғат қорғаушысы» тақырыбында қалалық семинар өтті.


Семинарға қала бойынша Алматы қалалық мектепке дейінгі орталықтың әдіскері Ләйлә Мауленовна белгілі журналист, қоғам қайраткері Меруерт Әйтенова, Алатау ауданы білім бөлімінің басшысы Акмурзаева Қарлығаш Медербекқызы және бас маманы Мәншүк Сапиновна, әдістемелік бірлестік әдіскерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиналған қонақтардың назарына балабақша шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдар қойылған шығармашылық бұрыштар ұсынылды. Бірінен бірі өтетін, көздің жауын алатын түрлі бұйымдарды ата-аналар мен балабақша ұжымы бірлесіп жасаған екен. Арасында балалардың да туындылары бар. Балабақша меңгерушісі Айнұр Юсупқызы бастаған ұжым мен бүлдіршіндердің өнеріне қонақтар оң бағасын берді. Балабақша әдіскері Алма Қуанышқанқызының айтуынша семинардың мақсаты — қазақтың ұлттық әдет-ғұрпын экологиялық мәдениетпен байланыстыра отырып ересектер мен балалар арасында насихаттау. Сонымен қатар жаңа технологияларды пайдалана отырып қоқыстарға екінші өмір сыйлау.
Семинар барысында мектепалды “Қарлығаш” тобының ата аналары ши пазл технологиясын, мектепалды топтардың ата-аналары мен балалары “Текемет басу” технологиясын меңгергендігін көрсетсе, “Көгершін” тобының ата-аналары «Шашақ жасау» бойынша түрлі бұйымдар жасады. Сондай ақ, ересек тобының балалары мен ата-аналары шашақ жасау, құрғақ жүннен киіз басу, сыртқы қабырғаға қақпақшалардан сурет салу және жылыжайда жұмыс істеу бағыттары бойынша жұмыстарын көрсетті.
Шара қонақтары балабақшадағы жылыжайды аралап көрді. Бүлдіршіндерді еңбекке баулу мақсатында ұйымдастырылған жылыжайда жеміс-жидектердің түр-түрі өсіріледі.
Басқосуда қатысушылар арасында психолог тренингі өткізіліп, сұрақ-жауап түріндегі пікір алмасу, қонақтармен кері байланыс орнады. Семинар соңында балабақша меңгерушісі Айнұр Юсупқызы шараға қатысқан қонақтарға қазақы ырыммен сый-сияпат таратты. Сондай-ақ алдағы уақытта басқа да тақырыптар бойынша семинарлар өтетінін айта кетті.

“BILIM AYNASY”
Жұлдыз Елеусізқызы
журналист
Алматы қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.