Home » Жаңалықтар » Адамды адам еткен – еңбек

Адамды адам еткен – еңбек

Елордамыз Астана қаласындағы Смағұл Сәдуақасов атындағы №78  мектеп-гимназиясының бала тәрбиесіндегі ең басты ұстанымы – баланы еңбекке баулу, еңбектенуге үйрету және өз ұлтының тарихымен сусындатып шығару. Осы мақсатты   шамшырақ етіп алға қарай беттеген мектеп ұжымының бүгінде бала оқытуда атқарып отырған жұмыстары ұшан-теңіз. Олар дәлізден оқушыны  қызықтыратын пән бұрышын жасап қойған. Мысалы, тарих пәні сыныбының жанынан тарих бұрышын ашқан. Ол бұрыштан кез келген бала өз туған тарихы туралы мағлұмат ала алады. Биология бұрышынан, сиреп бара жатқан өсімдіктер мен қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен жан жануарлар туралы оқып біледі. Өсімдік, биологиялық  әлем жайлы тағы басқа толып жатқан ақпараттар жазылған. Қай сыныпқа бас сұқпаңыз оқушылар ұлттық киімде отыр.

          
Ал, жас ұстаздар қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Тастанова Динара мен Мұқият Қойшыбайдың сабақ берудегі әдістеріне тәнті болдық. Екеуі де жас өркенге білім қуатын беруде лапылдап тұр десем артық айтқандық емес. Олардың сабақ беруде оқушылардың жүрегіне құйып жатқан ұлттық қасиеттері көңіл қуантады. Мысалы, жас ұстаз Мұқият Қойшыбай балаларға қан мен хан сөзінің мағынасын, оның айтылуы кезіндегі сөз қуатын ишара, интоннация арқылы жеткізуді үйретіп, балалардың ымдаудан, дауыс ырғағынан не айтқысы келгенін сезіп түсінуін дамытуы көкейге қонады. Ал Динара Тастанова сұрақтардың өзін ойлауға түрткі болатын, бағыттаушы, талқылауға арналған сұрақтар арқылы қойып жұмыс істеуде. Қазіргі жасанды интеллект, интерактивті тақтамен QR арқылы кері байланыс беріп жұмыс жасап үйретеміз. Балалардың заманауи технологияға үлкен қызығушылығы бар,- дейді.

         
Смағұл Сәдуақасов атындағы №78 мектеп директоры Жангазақова Қарлығаш Есимханқызы, «Мектебіміздің биылғы ең үлкен жетістігі – өз мектебіміздің рецензиясын өте жоғары деңгейде дәлелдеп аттестациядан өтуіміз. Қазіргі кезде мектепте үш мыңға жуық бала оқиды. 117 оқушы мектеп аяқтап жатыр. Оның ішінде бес «Алтын белгі», 10 үздік бар. Қазақстан тарихы бойынша мектебіміздің оқушысы республикалық сайыстан Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Біздің басты мақсатымыз – мектепке келген баланы кішкентайынан еңбекке тәрбиелеу. Еңбек етуге дағдыланған бала сабақ оқуды дағдыға айналдырады. Мысалы, еңбек сабағында балалар қолөнердің көптеген түрімен айналысады. Қыздар кілемше тоқумен, сурет салу, ұршық, жіп иірумен, кесте, бас киім, шұлық тоқып үйренеді. Бұл жұмыс балалардың қолы мен саусақтарының қимылы  арқылы ішкі ойлау қабілетін арттырып қана қоймай, жүрек-қан, ми тамырларының жетілуін дамытып, шынықтырады. Бұның бала денсаулығына ықпалы зор. Және, бала осы істі бастау алдында оның қалай жасалатынын зерттейді. Тарихына үңіледі. Біз көркем еңбек арқылы балаларды еңбексүйгіштікке, білім іздеуге, тәрбиелі болуға баулып жатырмыз» дейді.

Сондай ақ, мектепте ата-аналарды қолдау бөлмесі жұмыс істеп тұр. Ол тығырыққа тірелген, әсіресе отбасын енді құрған жас ата-аналарға бала тәрбиесі туралы ақыл-кеңес беріп тұрады. Мысалы, жақында жалғыз басты ана ұлына еркектік мінез, тәлім-тәрбие беретін үйінде ер адам жоқ екенін айтып мектептен көмек сұраған. Мектеп директоры Қарлығаш Есимханқызы оқушының мәселесін мектептің «Әкелер» одағына және жоғары сыныпта үздік оқитын ұл балалардың қамқорлығына тапсырған. Жасы үлкен ұлдар ол баланы спортқа баулыса, еңбек сабағында ағаш өңдеп, темірмен жұмыс істеуді үйретеді екен.

Ұжым қызметкерлері этнолагерь құруға қызу кірісіп кеткен екен. Айтуларынша, биыл үш ай демалыста қаладағы жиырмаға жуық мектепте этнолагерь жұмыс істеп тұрады екен. Соның қатарында №78 мектеп те бар. Әсіресе, мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Атыбай Ләззат Әбділдақызы жанын салып еңбектенуде. Этнолагерь жасаудағы басты мақсаттары, оқушылар ұмыт болып бара жатқан ұлттық құндылықтарымыз бен туған тарихын білсе деген ниет дейді. Мектеп ауласында алтыбақан құрастырылып, киіз үй тігілуде. Арба, жер ошақ жасалуда. Осы этнолагерді көктемде су тасқыны басып, мектепке бара алмай қалған батыс аймақтың оқушыларымен онлайн режімінде саяхат құрып, олардың көңіл-күйін көтеру жоспарланып отыр екен.

Ләззат Әбділдақызы еңбекке байланысты «Жастайынан үйретсең тасқа ойған таңбадай, қартайғанда үйретсең суға құйған ақ сүттей» деген сөзді үнемі айтып жүремін дейді. Айтса айтқандай, еңбек сабағы мұғалімінің еңбегі зая кетпеген екен. Мектепте он бір жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан  «Шебердің қолы алтын» үйірмесінде бастауыш сыныптан тоқу, тоқыма қолөнерін үйренген оқушы қыз Мейрамбекова Балнұр қазір мектеп бітіруде.  Ол осы уақыт аралығында он саусағынан өнер тамған шеберге айналған. Оның қолынан шыққан киізден басқан картина, тоқылып салған табиғат көрінісі мен қайраткер Смағұл Сәдуақасовтың және тағы басқа шығармашылық жұмыстары көз жауын алады. Биыл мектеп қабырғасынан қанаттанып ұшқалы отырған Балнұр осы қолөнер саласынан алыстамай, дизайнерлік мамандық алуды өзіне мақсат етіп отыр екен. Ал, 5г сынып оқушысы Амандық Гүлшаһардың киім тоқу өнеріне қызығушылығы сондай, ол қазірдің өзінде анасына өз қолымен бас киім, әкесі мен інісіне шұлық тоқып бердім дейді. Сонымен қатар, шеберханадағы ағаштан өңделіп жасалған келі мен келсап, сандық, стул, темір бұйымдарына қарап ұл балалардың еңбек сабағындағы жетістіктеріне куә болдық.

Және, мектепте қалыптасып келе жатқан жақсы үрдіс, ол 11 сынып оқушылары кәсіптік білім алу мақсатында қаладағы кәсіптік-техникалық колледждерде оқып кәсіп иегеруде. Мектеп директоры Қарлығаш Есимханқызы, «Кәіптік-техникалық колледжде оқыған оқушымыз ас пісіруді меңгеріп, мектебімізде өткен іс-шарада өзі пісірген тәттілері мен тоқаштарын сатуға оған мүмкіндік бердік. Ол пісірген тәттілер өте жақсы болып шыққан екен. Лезде сатылып кетті. Оның мұны қайдан оқып үйреніп алғанына оқыушылар да, ата-аналар да қызығушылық танытты. Осының бәрін балалар еңбекке үйреніп, оның қадірін ұғып шықса деген оймен жасаудамыз»,-деді.

«BILIM AINASY»,
Астана,
Зүбәйра Тілгенқызы  

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.