Мектеп — білім бұлағы, өскелең жас ұрпақтың тарыдай боп кіріп, таудай болып білім алып шығатын киелі ордасының ұлағатты ұстаздарының атқарып отырған жұмысы да, еңбегі де орасан зор.
Балаға әріп танытып, қолына қалам ұстатып, білімнің есігін айқара ашып, тәлім мен тәрбиені шәкірттерінің бойына сіңіре білген жандардың бойындағы табандылықтың арқасында біздің қоғамда білімді жастардың саны артуда.
Бүгін біз, Алматы қаласы Түркісіб ауданында орналасқан сондай білім ордасының бірі, нөмірі 107 лицейдің тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.
Білімді жастардың саны мен білімнің сапасы жөнінде мектеп директоры Үмітхан Ақатанұлын әңгімеге тарттық.
Бізде, 460 орынға арналған лицейде бүгінгі таңда 427 бала білім алуда. Бас-аяғы 47 мұғалімнен тұратын ұжымда ауыз біршілік пен білімнің сапасы бірінші кезекке қойылған. Баланың оқуға деген ынтасы мен қызығушылығы бала кезден бастау алады, соны көріп, танып ұстаз бен ата-ана бірлесе отырып, бала қай жағынан өзін жақсы көрсетсе, сол қабілетін шыңдап, дамыта түсу керек.
Біз де бала болғанбыз, біз де доп қуғанбыз — деп, Үмітхан мырза әңгімені әріден, өзінің балалық шағынан бастады.
-Мәселен, мен бала кезімде өзіме қандай саланың ұнайтынын білмедім, барлық сабаққа ынтам бірдей болды. Бірақ, осы математика пәнінен беретін Батай деген ағайымыз, мектепаралық жарысқа менімен қатар біраз баланы баптаптаған болатын, соның ішінде менің есепке деген қабілетімді байқап, маған доп теуіп ойнайтын бос уақыт қалдырмай сабақтан соң дайындап, менің есепке жүйрік қабілетімді шыңдап, осы күнде математика саласынан үздік ұстаз болып алдыңызда отыруыма себепші болған ұстаздың көрегендігі деп білемін. Сол сияқты, біз де қазіргі таңда телефоннан бас алмайтын балалардың назарын өзімізге аударып, осал тұсын қоя тұрып, баланың басымдық танытқан жағын дамыта түссек, әр бала үлкен өмірге аттанарда өзіне ненің қажет екенін біліп ұшады және баланың алдына қойған мақсаты айқын болады деп білемін. Қазір біз лицейімізде балалардың қабілетін арттыруға барынша ат салысып отырмыз, -деді.
Осы орайда біздің әңгімемізге Үмітхан мырзаның оқу ісі жөніндегі орынбасары Ғибрат Әділханқызы қосылды, ол кісіден лицейдің оқу үдерісі бойынша атқарылып жатқан іс-әрекеттер жөнінде сұрадық.
-Біздің лицейде кәсіби шебер, құзіреттіліктері жоғары, білікті мамандар қызмет атқарады. Лицейде математика мен физика пәндеріне бейім шәкірттер білім алатындықтан мұғалімнен шығармашылықпен жұмыс атқаратын жаңа формация маманы болуын талап ететін жауапкершіліктің аясы терең. «Мектептің жүрегі — жақсы мұғалім» деп ұлы даланың дана педагогы Ыбырай Алтынсарин айтқандай, педагогтар білім беру сапасын арттыруда жаңаша жолдар мен әдістер табуға дағдыланған және үздіксіз ізденіс үстінде. Шәкірттері ХХІ ғасырда табысты болу үшін оқытудың тиімді әдістерін пайдалана отырып, тұлғаға бағытталған, шығармашылықтарын дамытудың және білімді толық меңгертудің әдісі болып табылатын Блум таксономиясының алты деңгейіне негізделген тапсырмаларды орындатуға жетелейді. Оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға, еркін сөйлеуіне, өз ойын ашық, толық жеткізе алуына баулу үшін «Оқушы үні» жобасының маңызы зор. Сонымен қатар лицейімізде оқу мен оқытуды жақсарту, үлгерім мен сапаны арттыру тек мұғалім құзырында қалмаған. Бұл үдеріске оқушылар мен ата-аналарды тарту оң нәтиже беріп отыр. Орта буыннан бастап оқушылар көшбасшылығын жетілдіру мақсатында «Сыныптағы ауыспалы көшбасшылық» үдерісінің жүргізілуі жақсы жолға қойылған. Оқушылар, мұғалімдер, ата-аналар триангуляциясында көшбасшылыққа баулуды жүзеге асыру арқылы командалық қызметтің іске асырылуы оқу-тәрбие ісіне біраз жеңілдіктер әкелді. «Даму бала» бағдарламасы аясында балалар шахмат, волейбол,баскетбол салалары бойынша мемлекет тарапынан қаржыландырылған тегін үйірмелерге барады.
Филология ғылымдарының кандидаты Асхат Хамзаұлы Әлімовтың -» Ынта бар мың бір амал, ынта жоқ мың бір сылтау» сөзі біздегі әр ұстаздың жүрегінің үні мен ұранына айналды десек артық емес.
Тәрбие ана құрсағынан бастау алып, жанұя мен мектепке дейінгі мекемелерде жалғасын тауып, мектеп қабырғасында нығая түсетіні рас. Ұлтымыздың саналы ұрпағының тәрбиесі жөнінде айтып өтсеңіз- деп 107 лицейдің тәрбие ісіндегі орынбасары Бақытгүл Қашқынбайқызын сөзге тарттық.
-Иә, баланы бастан деп ата-бабаларымыз бекер айтпаса керек. Біз де ұлттық тәрбиені дәріптеп бір кісідей балалардың бойына сіңіріп отырмыз. Балалармен қатар ата-аналармен де жұмыс жүргізілуде. Айта кететін бір жағдай көбіне бала тәрбиесі жөнінде жасалған жиналыстарға басым көпшілігі аналарымыз келеді, ол дұрыс ұлттың ұйытқысы болатын қылықты қыздарды тәрбиелеуде ананың атқарар рөлі зор. Десекте, еңселі еліміздің айбынды азаматтарын тәрбиелеуге келгенде Әкелер мектебін қалыптастырсақ. Ұлдың тәрбиесіне әкелер де атсалысса нұр үстіне нұр болар еді, өйткені тәрбие мен оқыту өзара тығыз байланысты біртұтас процесс.
Алматы Қалалық Білім Беру Бөлімінің қолдауымен құрылған З. Н. Киябаева атындағы Атаулы Мектеп озық тәжірибе мектебі болып табылады. Зәмзәгүл Нұқпиқызы өзіңіз осы жоба жөнінде айтып берсеңіз.
Атаулы мектеп -талантты педагогтердің мүмкіндіктеріне жағдай жасау, оқытудың тиімді әрі төл түрлерін жасауы жолындағы ізденістерін қолдау. Автор құқығын қорғау. Атаулы мектеп жаңашыл мұғалімнің өзіндік «педагогикалық алаңы» болып, өзінің шығармашылық зертханасын жетілдіруге, педагогикалық принципін іске асыруға ұмтылған әріптестердің оқыту мен тәрбие әдістемелік жүйесін жасауға септігін тигізеді.
Шәкірттерім зерттеулер жасауда осы бағдарламаның мүмкіншіліктерін шығармашылықпен пайдаланды, нәтижеге жетті. Қалалық, Республикалық Ғылыми Жобалар жарысында жүлделі орынға ие болған оқушылар жеткілікті.
Биылғы түлек 10-11 сынып оқушыларына арналған «Алтын түлек» математикалық олимпиадасының Республикалық кезеңінің жүлдегері Қайрат Данадан ұстаздары үлкен үміт күтіп отыр. Дана қыз, ҰБТ-ға дайындық қалай?
Дайындық жақсы, ұстаздарымның маған артқан сенімін ақтаймын деп отырмын.
ҰБТ-дан Информатика мен математика пәндерін таңдап отырмын. Дайындық жұмыстары барысында, қаңтардағы кезеңде 123 бал алдым, математикадан 50/50 наурыз ҰБТ-дан 131 бал алдым, математикадан 50/50
Менде бос уақыт жоқ, бүкіл зейінімді білім алуға бағыттап отырмын. Алдағы мемлекеттік ҰБТ-дан жоғары бал алып, айти саласында білім алсам деп отырмын.
Ендеше сәттілік!
Осы орайда ата-ана Индира Құрақбаева өзінің ұстаздарға деген жүрек жарды лебізін білдірді:
Мектеп — оқушыларды білім нәрімен сусындатқан киелі орын, адам өмірінде баға жетпес байлыққа әр оқушының өміріне жол көрсетері сөзсіз.
Алматы қаласы Түкісіб ауданың 107 лицейінің директоры Ақатанұлы Үмітхан ағай басшылық етіп отырған ұстаздар ұжымына айтар алғысым шексіз. Денсаулықтарыңыз болаттай мықты, отбасыларыңызға амандық және оқытып отырған шәкірттеріңіз Қазақстан елінің дамуына үлес қосатын азаматтар болсын деп тілеймін.
Иә, аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда шәкірттерінің шашасына шаң жұқпай, қанжығасын майлап, жүлделі орындарды иеленіп жүргені ұстаздардың мерейін өсірді, даңқын асқақтатты.
Ырысы мен ынтымағы біте қайнасқан осы бір ұжымның жанарындағы жылылыққа біз де шомылып қайттық, қарапайымдылық пен кісілік кішілікті, адамдық адалдықты алға тартқан осындай рухани бай ұстаздармен бір болғаныма қуандым, өйткені сынықтан басқаның бәрі жұғады емес пе…Тәнті болдым. Рахмет сіздерге білімнің сыр сандықтары.
Білім Айнасы
Назира Сұлтанмұратқызы