Алматы қаласы
Бауыржан Момышұлы атындағы
Алматы республикалық «Жас ұлан» мектебі
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Әжіғалиева Анар Бейсенбекқызы
«МЕКТЕП ТАРИХЫНА САЯХАТ ЖАСАЙЫҚ» ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ КВЕСТ
Мақсаты:
Тәрбиеленушілерді материалды өздігінен талдап, шешім қабылдауға, деректерді жүйелеуге, түрлі көзқарастарды сын көзбен бағалауға, мәселені шешудің оңтайлы жолдарын табуға баулу;
Логикалық тапсырмалар орындау қабілеттерін дамыту;
Мектеп тарихымен кеңірек таныстыру.
ШАРТТАРЫ:
Квестке әр сыныптан 1 оқушы қатысады. Квест 3 күнге созылады.
І. Таныстыру. Қатысушыларды квест талаптарымен таныстыру.
ІІ. Топқа бөлу. Әр оқушыға Абай Құнанбайұлының өлеңдерінің бір-бір тармақтары беріледі. Тармақтардың жалғасын табу арқылы бір топқа жиналады.
ІІІ. Кураторлар тағайындау. Тапсырмаларды орындауда бағыт-бағдар беруші 11 сынып оқушыларын дайындап қою керек.
Карта. Тапсырмаларды орындау ретін картаға салып, топтарға үлестіру. Картада негізгі сұрақ беріледі: Мектеп қай жылы, қай айда құрылған?
БІРІНШІ КҮН ТАПСЫРМАЛАРЫ
Жүргізуші: Қайырлы күн, құрметті қатысушылар! Тарихи квест-сайысына қош келдіңіздер! Бұл сайыстың мақсаты – сіздерді мектеп тарихымен кеңірек таныстыру. Сайыстың басты шарты – сіздер тапсырманы жұптасып орындайсыздар. Барлық тапсырмаларды орындап болғаннан кейін картадағы финиш нүктесі көрсетілген жерге келесіздер. Соңғы келген екі жұп ойыннан шығады. Екінші күні тағы да екі жұппен қоштасамыз. Үшінші күні қалған екі қатысушы тапсырмаларды жеке-жеке орындайды. Жеңімпазымызға ерекше сыйлығымыз бар. Ең бастысы уақыт шектеулі екенін ұмытпаңыздар! Ендеше, бастайық!
Тапсырмалар:
- 4 сурет 1 сөз
Тапсырма: Құлақ, хат, сөйлеу, байланыс. Бұл суреттерге не ортақ? (Жауабы: Ұялы телефон)
Қатысушылар алдымен кабинетте жасырылған 4 суретті іздеп табады. Содан кейін жауабын іздейді. Жауабын тапқаннан кейін картада көрсетілген келесі кабинетке барып, ұялы телефон іздеу керек.