Маңғыстау облысы,
Жаңаөзен қаласы
№15 орта мектептің бейіндік әдіскері
Ракишева Дана Тұрысбекқызы
«Біз сыни пікірлерді естіп те көріп те отырмыз. Дегенмен, қашықтан білім беруге көшу — коронавирустық инфекцияның таралуын азайтуға бағытталған шаралар аясында жүзеге асып жатқанын барлығы түсінгені жөн.Өкінішке орай, басқа таңдау жоқ. Оқыту процесі тоқтатылмауы тиіс»
А.Аймағамбетов
Бүгінгі таңда білім саласындағы өзекті мәселенің бірі — қашықтан оқыту. Қысылтаяң жағдайда төтенше жағдай орын алғаннан бастап, барлық білім беру ұйымдары бұл жағдайға қаншалықты дайын, дайын болмауына қарамастан, осы шешімді қабылдауға тура келді.Әрине, көпшілік қашықтан оқытуға дайын емес еді әрі белгісіз жағдай қорқыныш та тудырғаны рас. Дегенмен, коронавирустық инфекцияның таралуын азайтуға бағытталған шаралар аясында қашықтықтан білім беруге көшуді Жаңаөзен қаласындағы №15 орта мектептің ұстаздар қауымы бірауыздан қолдап, бұл оқыту жүйесіне белсене араласып кетті.
Халқымызда «Ұстаң көштен қалса, көп болса желімді тостақсыз қаларсың. Ал ұстазың көштен қалса, білімді ұрпақсыз қаласың» деген өсиет бар. Қай заманда болмасын, Ұстаз қолында адам тағдыры, ел тағдыры, ұлт болашағы тұратындығы белгілі. Бастысы, оқушылар білім алудан қол үзбеуі керек. Ал жаңаша оқытудың өзіндік қиыншылығы да жоқ емес. Сондықтан оқушыға қашықтықтан сабақ беріп қоямын деу жеткіліксіз.
Әрине, оқушының алдында тұрып сабақ берген мен қашықтан оқытқан екі бөлек дүние. Сабақты оқушымен бетпе-бет әр түрлі оқытудың әдіс-тәсілдерін қолданып, өзіндік ерекшелігін ескере отырып, түсіндіргеніңе қарамастан, баяу қабылдайтын оқушылар да жеткілікті екендігі мәлім. Олай болса, оқушыны қашықтықтан қалай оқытамыз деген сауал әр білім саласы қызметкерінің ойында тұрды. Өйткені қашықтан оқыту орта білім беру ұйымдарының тәжірибесінде бұрын кездеспеген еді. Бірақ осындай ауыр шақта бала білімсіз қалмауы тиіс.
Қашықтан оқыту – ақпараттық құралдар және ғылыми негізделген тәсілдер арқылы оқытуды басқара отырып, оқушылардың өз бетімен білім алуына мүмкіндік жасау.
Қашықтан сабақ беруде оқушының берілген сабақтарға күнделікті қатысып отыруы тек мұғаліммен ғана атқарылатын жұмыс емес екендігі белгілі болды. Оқушылардың өз бетімен күнделікті сабағын қадағалауы — ең алдымен ата-анаға жүктелетін үлкен міндет, яғни мұғалім-оқушы-ата-ана арасында үздіксіз байланыс орнатылуы қажет. Бұл тұста да қиыншылықтар кездесті, өйткені мұғалім өз біліміне жетік маман ғана болып қоймай, біріншіден, ақпаратты сауатты болуы керек, екіншіден, өзің жетекшілік ететін сыныптағы оқушылардың қаншалықты ақпараттық технолгиямен қамтамасыз етілгендігіне көз жеткізуің керек.Осы орайда, өзім жетекшілік ететін 7-сынып оқушыларының ата-аналарымен байланыс жасай отырып, олардың интернет желілеріне қолжетімділігін байқау үшін мониторинг жасауға тура келді…
Қазіргі кезде ата-анаға да, оқушыға да тиімді WatsApp желісінде хабарласа отырып, оқушыларымның «Балапан» телеарнасынан берілетін сабақтарға, «он-лайын» сабақтарға дер кезінде қатысып отыруын қадағалаймын, әрине, сабаққа оқушының қатысып отыруына ата-аналардың ықпалы зор. Сондықтан ата-анамен үнемі байланыста болып, «Mеktep.edu.kz.» білім порталына кіріп, оқушы жетістігімен, білім саласындағы хабарлармен танысып отыруына ықпал етемін. Өз тарапымнан күнделікті сабақ материалдарын оқушы жүрегіне жол тауып,сабаққа деген қызығушылығын арттыруға бағыттап жасауға тырысамын.Сонда ғана мұғалім мен оқушы арасында түсінушілік пайда болады деп ойлаймын. Мұғалімнің коммуникативті дамуы — оқушыларды тыңдауы, олардың көзқарасын түсіне білуі, сын жасай білуі, әңгіме ұйымдастыруында әртүрлі әліс-тәсілдерді қолданып, қиын жағдайларда шешімін тауып, шыға білуінде. Қашықтан оқыту курсы осыған бағытталған.Осы мақсатта алдын ала ашылған оқушыларға қол жетімді Telegram, WatsApp желілері арқылы жібере отырып, қаншалықты орындағанын, қалай орындағанын бақылаймын, оқушының білімін алға жетелеуге кері байланыс беремін.
Қазірде оқушыларым да, олардың ата-аналары да қашықтықтан оқытуға сенімділіктері артты. Әрине, мұның аясында әлі талай қиыншылықтар мен сан түрлі кемшіліктің болатыны да белгілі, дегенмен, біз біргеміз, біз бәрін бірлесе жеңеміз деп ойлаймын. Ең бастысы елдің, ұлт болашағы – ұрпақтарымыздың денсаулығын сақтайық. Барлық талаптарды сақтап, қашықтықтан оқыта отырып, үйде болайық!