Тореханова Ақжайық Рзагалиевна,
Мұнайлы ауданы, Бесшоқы тұрғын үй массиві,
№ 8 жалпы білім беру орта мектебінің
сызу-бейнелеу пәнінің мұғалімі
Мінекей, жаһанды шарпыған аты жаман індеттің алдын алу мақсатында Қазақстан территориясында 2020 жылдың 16-наурызынан бастап төтенше жағдай жарияланып, соның салдарынан жалпы білім беру орта мектептерінде ұзақ күнгі көктемгі демалыстан кейінгі 6-сәуірде басталған төртінші тоқсанының қашықтықтан оқыту үрдісіне көшкелі бір айдың жүзі болып қалған.
Әлбетте, әу бастан-ақ, «Бұл өзі қандай нәрсе? Біз бұл әдіс арқылы барлық оқушыларды терең біліммен қамтамасыз ете аламыз ба? Дәстүрлі сабақтың өзінде әрең дегенде бағыныштылық танытып, үнемі шулап отыратын әр үйдің еркесін осы бағытқа бейімдей аламыз ба? Олардың сабаққа қатыспақ түгілі, кітаптың бетін ашпай кетпесіне кім кепіл?» деген сыңайлы үрей мен күмәнді сауалдар туындағаны рас.
Алайда, Мұнайлы ауданы, Бесшоқы тұрғын үй массивіндегі № 8 жалпы білім беру орта мектебінің ұстаздар қауымы болып бірлесіп жұмыстануымыздың арқасында, сонымен қатар, бауыр еті – балаларының біліміне, тәлім-тәрбиесі мен болашағына немқұрайлы қарамайтын ата-аналардың түсіністікпен қарап, бізге қолдау көрсетуінің нәтижесінде, үш аптаны артқа тастап білім берудің бұл жүйесіне де әбден төселіп, машықтанып қалғанымызды байқадық.
Онымен қоса, Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен «Балапан», «Ел арна», «Kazakhstan» телеарналары арқылы көрсетіліп жатқан онлайн сабақтар мен білім беруге бағытталған «Bilimland.kz», «Online mektep», «Daryn.Online», «Shakirt onlinе» сынды интернет-порталдары бізге көмекші құрал бола білді. Сонымен қатар, оқытудың бұл жүйесіне төселе бастаған біздер «Watsapp», «Telegram» мессенджерлері арқылы оқушыларға алдын-ала әзірленген тапсырмаларымызды орындатып, олармен кері байланыс орнату арқылы білім беру бағдарламасын толыққанды игерту үстіндеміз.
Әрине, барлық жағдайда да уақыт, төзім, сабырлылық қажет. Бар ұққанымыз – біз, мұғалімдер, қай әдіспен болса да оқушыларға білім мен тәлім-тәрбие беруге дайын екенбіз. «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік. Білімге сенер заманда қапы қалып жүрмелік» деп Абылай хандай ұлы бабамыз өсиет еткендей, қазіргі электроника мен технология кеңінен дамыған заманда қашықтықтан оқыту жүйесі дәстүрлі үрдіске айналғанның өзінде қапы қалмасымыз анық дегім келеді.