Қашықтықтан оқыту заман талабына айналғалы біршама уақыт өтті. АҚШ,Еуропа сынды озық технологиялы елдер біраз жыл бұрын бұл үрдісті білім беру жүйесіне енгізіп те үлгерген болатын.
Қазіргі таңдағы пандемия-әлемді алаңдатқан короновирус індеті біздің еліміздегі оқытудың жаңа формасын білім саласында жедел түрде қолдануға мәжбүр етті. Рас,қашықтықтан оқыту тәсілдері біздегі жоғарғы оқу орындарында қолданылып та жатты. Ал орта білім беру ұйымдарында бұл технологияны енгізбегендіктен, алғашында ұстаздар мен ата-аналар қауымының абдырап қалғаны шындық еді. Дегенмен, жаңалыққа жаны құмар ұстаздар қауымынан құралған 107 лицей ұстаздары қашықтықтан білім беру үдерісін қалыпты сергектікпен қабылдады. Министрлік ұсынған білім платформаларының ішінен «Күнделік» электронды порталымен жұмыс жүргізуді біздің ұстаздар бұрыннан жетік меңгеріп алған еді, бұған қосымша ретінде қашықтан оқыту үшін «Classroom» , «Білім ленд» платформаларын таңдап алды. «Classroom» жүйесі қолдануға өте ыңғайлы, функциялары қарапайым, «виртуалды сабақ» беруге, оқушымен кері байланыс жасауға қолайлы болып шықты. Оқытушы, оқушы, ата-ана-үштігі арасын жалғастыратын интернет жүйесіне негізделген бұл оқыту түрін сандық сауаттылықтың арқасында қысқа уақыттың ішінде оқытуды басқарушы да және өз бетімен білім алушы да меңгеріп алды десек те болады.
Білім саласында болып жатқан өзгерістер мен жаңашылдықты жатырқамай қабылдайтын ұстаздар қауымы қашықтықтан оқыту формасын жүзеге асыру үшін зиялылық потенциалын көтере отырып, компьютерлік технологияны ұтымды пайдалана алу қажеттігін сезінді. Аталған үдеріс арқылы оқушыларға үздіксіз білім беру принциптерін ойдағыдай іске асыру үшін мұғалімдер ZOOM платформасы арқылы шығармашылық жұмыстарын таратып, оқыту үрдісінде қажет болатын әдістеме бойынша тәжірибе алмасып отырды
Бұл орайда лицейдің информатика пәнінің мұғалімі Досмайлова Г. ізденген мұғалімдерге білім берудегі платформаларды қалай пайдалануға болатындығын үйретіп, тиісті көмегін беріп отырды.Ұстаздарымыз уақыт талабына сай сандық технологияларды меңгеру және оны білім беруде тиімді қолдану үшін өздігінен ізденіп және қалалық білім орталықтары ұйымдастырып жатқан вебинарлар мен семинарларға онлайн режимінде қатысып,білімдерін жоғарылатуда. Өйткені оқушының білімін, үлгерімін көтеруіміз үшін оқытушының біліктілігін көтеру керектігін ұстаздар жақсы түсінді
Мұғалімдер арасындағы осындай ауызбіршілікті лицей директоры Ү.Ақатанұлы былай деп бағалады: «Ұлағатты ұстаздар мен талапты жастардың жұмыс барысындағы үйлесімді қарым-қатынасы жалғасын таба берсін. Бұл өнеге ертеңіміз үшін баға жетпес үлгі»
Сөз реті келгенде үнемі ізденісте жүретін лицейіміздің озық ұстаздары туралы да айта кетуді жөн көріп отырмыз. Математика пәнінің мұғалімі ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері, Алтынсарин төсбелгісі мен Құрмет орденінің иегері Қиябаева Зәмзәгүл апай Алматы қаласы Білім беру Бөлімі мен қалалық әдістемелік кабинеттің және Жаңа ақпараттық технологиялар орталығының ұйымдастыруымен түсірілген қашықтықтан оқыту сабақтарына қатысты. Зәмзәгүл апайдың 11 сынып оқушыларына арнап түсірілген сабақтары Алматы каналынан аптасына 3 рет жүргізіледі. Сонымен қатар физика пәнінің мұғалімі Ахат Тілеуберді мектеп бітірушілер мен өз білімін өздігінен көтеретін оқушылар үшін youtobe желісінен «Білім-Кәусәр» арнасын ашып,қиындығы жоғары есептердің шешілу жолын жүктеу арқылы білім беруде.
Қазіргі таңда оқушылардың өзгеріп отыратын заманға тез бейімделіп, сандық сауаттылығы XXI ғасырдың талаптарына сәйкес дамып отырғандығын айта кету керек.Олар мұғаліммен кері байланысқа жеңіл түсіп, «Classroom»қосымшасындағы «Тапсырмалар»бөліміне орындаған жұмыстарын аудио,бейнежазба түрінде жолдауға машықтанып алды.Тіпті оқушылардың көпшілігі бұл платформа арқылы жазбаша жауаптарын ұстаздардың тексеруіне ыңғайлы болуы үшін «Word»арқылы жібереді.Бұл жіберілген жұмыстың қателерін кәдімгі «жасыл қалам»арқылы түзету жұмысын жүргізуге мұғалімге мүмкіндік туғызады.Тура осы сәтте партадан рұқсатсыз тұрып, ұшып келіп дәптерін ұсынған шәкіртің жаныңда күтіп тұрғандай болады. Еріксіз жымиясың, шәкірттердің алғырлығына тәнті боласың. Қашықтықтан оқыту әрине,білім алушы шәкірттердің көңіл-күйінің қандай екендігін бетпе-бет отырып біле алуға ,сабаққа дайындығының қаншалықты дәрежеде екендігін көзқарасынан тануға мүмкіндік бере бермейді.Бұл арада ұстаздың сабақ үдерісі кезіндегі үйлестірушілік шеберлігі үлкен рөл атқарады. «Classroom» қосымшасындағы «Ленталар»бөлімінде балалармен коментарий алмасу арқылы шәкірттердің ынтасы мен талпынысының қандай екенін аңғаруға болады.Немесе балаларға сергіту сәтін алмастыратын бейнежазба,көтеріңкі көңіл-күй тілейтін аудиожазба жолдау арқылы,немесе «Тапсырмалар»бөліміндегі файлдар арқылы мектеп партасындағы сәттерден қызықты фотосуреттер жіберу арқылы «жағымды атмосфера»орнатуға мүмкіндік бар.
Оқушылар мультимедиялық технологияларды қолдану арқылы үйден шықпай-ақ үлкен ғалымдар мен педагогтардың дәрістеріне қатысып, мұғалімдер жіберген сілтемелер арқылы бейнесабақтар, түрлі пәндік демонстрацияларды көре алуда. Қашықтан білім алудың оқушылар үшін ең тиімді жері өзіне қолайлы уақытта, ыңғайлы орында сабаққа дайындала алуында. Өз бетімен ізденіп,шығармашылығын арттыра алады.Кері байланыс уақытында мұғалімдерге интерактивті қарым-қатынас барысында бағдарламадан тыс ақпараттар ұсынуы осының дәлелі. Тек оқушылар мен мұғалімдер арасындағы кеңістіктік ,алшақтық балалардың мектепке деген сағынышын, адами қарым-қатынасты аңсауын туындатады.
Оқушының өз бетімен білім алуын қалыптастыруына куә болған ата-аналардың жаңа технологияға көзқарастары өзгерді.Баласының компьютер,смартфонды тек білім алу құралы ретінде пайдалануын қадағалап отыр. Әр ата-ана карантин жағдайында баласының қарым-қабілетін жақыннан тани бастады. Қашықтан оқыту ата-ана, оқушы, мұғалім үштігі арасындағы байланысты күшейтті. Ата-аналар пән мұғалімдерімен жиі байланысқа шыға бастады.
Бұл оқу түрінің әдеттегі дәстүрлі оқу түрінен айырмашылығы мен артықшылығы көп деуге болады.Білім беруші мен білім алушы арасындағы қарым-қатынастың,оқу құралдарының,әдістеменің өзгешелігімен ерекшеленеді деп ойлаймыз.
Физика-математика бағытындағы лицей ұстаздары қашықтықтан оқыту жүйесі арқылы еліміздің кемел келешегінің иегерлерін, яғни зияткерлік сапасы жоғары, шығармашыл тұлға қалыптастыруды жүзеге асыру мақсатында тынбай еңбек етуде.
Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары
Жапбасбаева Ғибрат Әділханқызы
Қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі
Надырбекова Айгүл Жұмағұлқызы