Home » Мақалалар » Қашықтан оқытудың ұстаздар қауымына әсері

Қашықтан оқытудың ұстаздар қауымына әсері

Маңғыстау облысы,
Түпқараған ауданы,
Ақшұқыр ауылы,
Ақшұқыр мектеп-лицейінің Бастауыш сынып мұғалімі
Ташенова Мейрамкүл Ақбергенқызы

Уақыт алға жылжыған сайын мұғалімдер қауымына қойылатын талаптар да жоғары деңгейге көтеріліп келеді. Ұстаз қолында адам тағдыры, болашақ ел тағдыры тұрады, мұғалім дамып өсіп келе жатқан ұрпақпен жұмыс істейді. Сол жас бүгінгі күннің жаңалығынан қалмай ізденісте болуы үшін заман талабына сай жаңа білім, жаңа тәрбие керек. Мұғалім сөзімен, ісімен, мәдениетімен, білікті білімімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, балалармен тіл табысудағы қасиетімен асқақ. Өз кәсібін қадірлеген ұстаз ғана педагогтік мәртебесін биік ұстай алады.

Қазіргі таңда елімізде орын алып жатқан төтенше жағдайға байланысты білім беру саласына да елеулі өзгерістер енгізілді. Тосыннан төрткүл дүниені дүрліктіріп, үлкен дағдарыс, мәселе туындатып отырған, оның ішінде, біздің елімізді де алаңдатып отырған жағдай – «Covid-19» індетінің таралуы. Дерттен сақтану шараларының бірі оқшаулану, үйде болу болса, бұл білім саласындағы үдерістің де жаңаруына, өзгеруіне әкелді. Әлемде өріс алып жатқан індетпен күресу, халқымыздың денсаулығын сақтау мақсатында білім беру жүйесі қашықтан оқыту жүйесіне ауыстырылды.

Қашықтан оқыту – мұғалім мен оқушы арасында қандай да қашықтықта интернет ресурстарының сүйемелдеуімен өтілетін оқытудың формасы, яғни интернет желілерінің көмегімен белгілі бір арақашықтықта оқыту.

Қашықтан оқыту кезіндегі білім беру үрдісінің негізін жеке кесте бойынша өзіне ыңғайлы жерде, оқуға мүмкіндігі болатын, оқытудың арнайы құралдары жиынтығы өзінде бола отырып, электронды және қарапайым пошта, телефон арқылы оқытушылармен келісілген байланыс жасауына, сонымен қатар, күндізгі бөлімде де мүмкіндігі болатын, оқып үйренушінің мақсатқа бағытталған және бақыланатын қарқынды өзіндік жұмысы құрайды.

Алғашқыда оқушыға да, ата-анаға да қиындық тудырғанымен, бұл жағдайға да бойымыз үйренді.  «Балапан», «Еларна», «Қазақстан» телеарналары мен «Zoom», «Classroom», «WhatsApp», «Daryn Online», «Ok.edus.kz» қосымшалары арқылы оқушылар сабақ оқып мұғалімдермен кері байланыс орнатуда.

Осындай сан қырлы, әрі күрделі мәселелерді жүзеге асыруда оқытушының атқарар рөлі орасан. Оған әрі ауыр, әрі жауапты міндет жүгі жүктеледі: ол білім бағдарламасының құрылымын дайындап, оны қашықтықтан білім беру жүйесімен астастырып бейімдейді, оқу үрдісінің барысын қадағалап, тапсырмаларды орындау барысында, өз бетімен бақылау – пысықтау жұмыстарын орындау жөнінде ұсыныстар береді. Бұл ретте қашықтан оқыту жүйесінің әдістерінде көрсетілгеніндей, көңіл-күй, психологиялық қарым-қатынас бой көрсетеді. Қашықтан оқыту тәсілі бойынша жұмыс істейтін оқытушы оқытудың жаңа технологиясын, оқытудың компьютерлі және тораптық жүйелерін жетік біліп, олармен іс жүргізу ісін орындау шарт.

Жүйелі еңбек қашанда нәтижелі болмақ. «Мектептің жүрегі де, тірегі де, тілеуі де оқыта білетін мұғалім» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай білім саласында оқытудың озық технологияларын жетік меңгерген ұстаздар қауымы жас ұрпаққа заман талабына сай сапалы білім беруде белсенділік танытуда.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.